Ең әуелі, борыш жүктемесі кімдерге қатысты жеңілдетіледі деген сауал туады. Қарыз жүктемесін жеңілдету көмегі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарға қатысты екенін айтқан ләзім. Бұл санатта көп балалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және жетім балалар бар. Сондай-ақ 29 жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар да осы санатта борыш жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік алып отыр.
Сондай-ақ бұл іс-шара неліктен қолға алынып отыр деген де мәселе көтерілуі кәдік. Алдымен айта кететін жайт, Президенттің атына тұтынушылық кепілсіз несиелерді өтеуге байланысты халықтан көптеген өтініш келіп түсті. Соның ішінде қарыздың өсіп бара жатқаны, ал азаматтардың шынайы табысы төмендеп кеткені туралы жиі айтылды. Яғни тұрғындар қарыздарын қалай қайтаруды білмей, әуре-сарсаңға түсе бастады. Бұл түйткіл елімізде 500 мыңға жуық азаматтың басында бар көрінеді. Несиелердің 86 пайызының көлемі 1 млн теңгеге жетер-жетпес қаржыны құрайды. Несие нарығын талдаушылардың айтуынша, оның орташа көлемі шамамен 300 мың теңгені құрайды. Сондықтан Президент бірегей әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдады. Мақсат – тұрмыстық ауыртпалыққа душар болған қазақстандықтарға қолұшын созу, олардың отбасыларындағы қаржылық ахуалды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беру.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке қандай тапсырмалар жүктеп отыр? Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен Ұлттық банк бір реттік акция аясында бірқатар шараларды жүзеге асыратын болады. Яғни тікелей және атаулы әлеуметтік көмек тұрғысынан жоғарыда аталған санатқа енетін борышкерлердің екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейінгі қордаланған негізгі қарызы мен соған есептелген сыйақысын мемлекет төлеп бермек. Бұл орайда олардың жалпы қарызының көлемі 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауы тиіс. Бұл борышкерлердің 55 пайыздан астамы немесе 250 мың адамның қарызын толығымен өтеп беруді мемлекет өз мойнына алады деген сөз. Қарыз алушылардың несиесінің 300 мың теңгеге дейінгі қаржысы ел бюджеті есебінен өтелетіндіктен, бұл олардың қарыз жүктемесін азайтуына және төлем қабілетін қалпына келтіруіне кәдуілгідей сеп болмақ.
Сонымен қатар банктер мен шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық несиелері бар барлық азаматтарға 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша есептелген айыппұл мен өсімдерінің бәрі алынып тасталады. Бұл қарызды өшіру ең алдымен екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының өз есебінен жүргізіледі. Бұдан өзге 90 күннен асатын өтелмеген қарызы жинақталған кепілсіз тұтыну несиесі бар барша жеке тұлғаларға несие беру және қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық, комиссия және басқа да алымдарды борышкерден ұстап қалуға тыйым салынады.
Президент тапсырмасына сәйкес Ұлттық банк қандай іс-шаралар қабылдайды? Мемлекет басшысы Ұлттық банкке реттеушілік сипатта қатаң шаралар қабылдауды және қаржылық ұйымдардың шектен тыс тәуекелге бару алдындағы жауапкершілігін нығайтуды тапсырды. Біріншіден, күнкөріс минимумынан төмен табысқа ие азаматтарға қарыз ұсынуды тоқтату. Бұл олардың қаржылық жағдайының одан әрі нашарлауына соқтырмаудың алдын алу үшін қажет. Екіншіден, кепілсіз тұтыну займдарын беру барысында қосымша реттеу шараларын қабылдау керек. Оның ішінде борышкердің қарыз жүктемесінің жалпы коэффициенті, банктердің меншікті капиталына қосымша талаптар және басқа да шаралар бар.