2018 жылдың қорытындысын есепке алсақ, жеке тұлғалардың тұтастай несиелік берешегі өсіп, 6 трлн теңгеге дейін жетті. Ал биылғы жылдың алғашқы жартысында бұл сома 5,2 трлн теңгені немесе 15%-ды құрады. Былтырғы бөлшек несиенің мөлшері 2017 жылдағы көрсеткіштен 1, 3 есеге артық. Осы ретте аталған өсімнің тең жарымынан аса пайызын кепілсіз тұтынушылық несие құрап отырғанын атап өткен жөн. Мәселен, 2018 жылдың нәтижесінде оның портфельдегі үлесі 54,1%-ға көбейген. Бір жыл бұрын аталған индекс 49, 7% шамасында болды.
Президенттің Жарлығына сәйкес, ең алдымен тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың кепілсіз тұтынушылық несиелері өтеледі. Екіншіден, тұтынушылық қарыздар бойынша жинақталған айыппұл мен төлемақылар кешірілетін болады. Ұзынсаны шамамен 500 мыңдай тұрғын осындай қолдаумен қамтылып, олардың 3 млн теңгеге дейінгі несиесінің ішінде 300 мыңдай теңге қарыз сомасы өтеледі деп көзделуде. Бұл дегеніміз 255 мың қазақстандықтың негізгі берешегінің толық жабылуын білдірсе керек. Қалған 245 мың борышкердің берешектері жартылай жабылады.
Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бұл жұмысты орындауға шамамен 105 млрд-тай теңге қажет. Соның 88, 5 млрд сомасы республикалық бюджеттен аударылады екен. Айта кетерлігі, қалған 17 млрд теңге Проблемалық несиелер қорының көмегімен құнды қағаздарды шығару арқылы қаржы нарығына тартылмақ.
Бұдан бөлек, айыппұл мен төлемақы қарыздарының 70%-ын екінші деңгейлі банктер және микро қаржыландыру ұйымдарының есебінен жабылады деп жоспарланған. Сондай-ақ Президенттің пәрменімен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық несиені беру мен қызмет көрсетудегі тұрақсыздық айыпақы және басқа да комиссия шығындарын ұстауға тыйым салынды.
Қорытындылайтын болсақ, мұндай ауқымды деңгейдегі әлеуметтік жоба оң жемісін беретініне үміт басым. Мемлекеттің бұл әлеуметтік қалқаны тұрмыстық тұрғыда қорғалмаған жандардың қаржылық ахуалын жақсартып, өмір сапасын арттыруға жігерлендірері шүбәсіз. Сонымен қоса күнкөріс деңгейі төмен тұлғаларға несие беруге тыйым салу, аталған санаттағылардың қаржылық қақпанға түсуіне жол бермейді.
Анна АЛЬШАНСКАЯ,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) аға ғылыми қызметкері