Облыс әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссияның отырысында облыстағы мемлекеттік органдардағы кадр мәселелерін шешуде артықшылықтарға, бүйрек бұруға жол бермеу, меритократия ұстанымдарын сақтау жөніндегі қабылданған шаралар туралы мәселелер қаралды.
Халықтың маңдай терінің баламасындай бюджет қаржысының қолды, талан-тараж болмауына алдымен мемлекеттік қызметкерлер, лауазымды адамдар жауапты. Мемлекет пен Отанға адал қызмет етудің үлгісі де солар болуы тиіс. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімов мемлекеттік органдарға кадрлар іріктеудегі меритократия принциптерін қамтамасыз ету жөнінде өңірде атқарылған істерді баяндады. «100 қадам» Ұлт жоспарында қаралған мемлекеттік қызметке кадрлар іріктеу тестілеуден басталады. Мемлекеттік қызметке іріктеу ұстанымдары қатая түсті. Облыста өткен жылы 2642 адам тестілеуге қатысқан, соның 1450-і, яғни 55 пайызы ғана төменгі шекті көрсеткішке қол жеткізе алған, қалғаны өте алмаған. Тестілеу осылай сапаның деңгейін сипаттады. Тестілеу алдымен мемлекеттік қызметшілер үшін асуы қиын белеске, сонымен қатар жергілікті мемлекеттік органдар үшін кадр жетімсіздігінің негізгі себебіне айналғандығының куәсі еді. Мемлекеттік қызмет божырағанда жемқорлық басынады. Заңнамаларды жетік білетін білімді, іске білікті және парасат биігіндегі мамандар таңдап алынғанда жемқорлық, сыбайластық дертінің мысы басылады. Облыста мемлекеттік қызметті ширату үшін ізденіс басталды, сөйтіп «қостанайлық ноу-хау» аталған жақсы істер нәтижесін берді.
– Бірқатар құқықтық және ұйымдастыру шаралары қайта қаралды. Мысалы, егер бұрын тестілеуден бірінші рет өтпей қалған қызметші оны тек екі айдан кейін ғана қайтадан тапсыра алатын. Мұнан біраз мәселе туындады. Өткен жылы тестіні қайта тапсыру мерзімін 1 айға дейін қысқарттық, – дейді Салауат Сыйлыбайұлы. Департамент басшысының бұл айтып отырғаны жергілікті мемлекеттік органдар, облыс орталығынан алыс аудандар мен қалаларға тікелей қатысты болатын. Осы мәселенің шешімін табу үшін тығырықтан шығар жол табылғандай болды. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бастамасын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен агенттік қолдап, Арқалық қаласынан тағы бір тестілеу орталығын ашу қолға алынды. Қазір тестілеу залын жөндеу, жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр.
– Орталық үш өңірді – Амангелді, Жангелдин ауданы мен Арқалық қаласы төңірегін, Ақмола облысының Есіл, Державин, Жақсы аудандарын және Қарағанды облысының Ұлытау ауданын қамтитын болады. Бұл үш облыстың аталған аудандары тестілеу орталығы орналасқан Қостанай, Қарағанды, Көкшетау қалаларына тым шалғайда жатыр. Ал тест тапсыратын мемлекеттік қызметшілерге Арқалық қаласына қатынау аса қиындық әкелмейді, – деді Салауат Мүксімов.
Комиссия отырысында кадр сапасы туралы да айтылды. Облыста жас мемлекеттік қызметшілер мектебі жұмысын бастаған еді. Онда жоғары оқу орындарының студенттерін мемлекеттік қызмет ісіне даярлау және тестілеуден өткізу ұйымдастырылатын. Сонда жастар білім ордасынан мамандық дипломымен қатар мемлекеттік қызмет сертификатын алып шығатын. Алайда, уақыт көрсеткендей, жастардың бұл іске қызығушылығы, ынтасы төмен, сонымен қатар жоғары оқу орындары тарапынан да мемлекеттік қызметшілер дайындауға белсенділік білінбейді. Ынта жоқ жерде сапа да төмен. Тестілеуде 10 студенттің 2-3 ғана қажетті балдың төменгі шегін зорға жинайды.
– Президенттің маңызды тапсырмасына орай, мемлекеттік қызметті пысықтау үшін бұл жұмысқа жастар саясаты жөніндегі және білім беру басқармалары секілді құрылымдарды да тартқан дұрыс деп ойлаймын. Мемлекеттік іске әділ, елге, жерге, Отанға адал қызмет ететін білімді кадрларды бүгінгі жастардан дайындамасақ қайдан аламыз? Сондықтан бұл жұмыс тиісті салалардан бірлесіп, жұдырықтай жұмылуды талап етері хақ, – дейді Салауат Сыйлыбайұлы.
Былтырдан бастап облыс орталығынан алыс Қамысты, Денисов, Науырзым және Торғай өңіріндегі аудандарда бос орынға конкурсты онлайн жүйесі арқылы өткізуді тәжірибеге енгізді. Бұл бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік берді. Цифрландыру жетістіктерін пайдалану ең алдымен сыбайлас жемқорлықтың алдын кесетін басты құралға айналды. Мысалы, 400-500 шақырым қашықта жатқан аудандарда өтетін бос орын конкурстарын бақылауға облыстық департаменттен маман жіберу уақыт пен қаржы шығынына жол беретін, көбіне мүмкін де болмайтын. Азаматтарды мемлекеттік қызметке алу үшін департамент басшылығы барлық аудандар мен қалалар әкімдерімен кеңесіп, конкурстар тәртібін өзгертуді ұсынды. Мысалы, қазір мамандар іссапарға шықпай-ақ, кез келген аудандар мен қалаларда өткен конкурсты скайп арқылы қарап отырады. Сондықтан бос орын конкурсына жергілікті жерде ешкімнің де ықпалы жүрмейді, ашықтық та осылай біртіндеп қалыптасады. Екіншіден, бұл өзге аудандағы мемлекеттік қызметшінің қызмет мансабын өсіруіне де зор мүмкіндік жасайды. Мысалы, бұрын мемлекеттік қызметші басқа аудандағы, қаладағы лауазымдық бос орын үшін өтетін конкурсқа қатысуға тартыншақтай беретін. Өйткені ол үшін жұмыстан сұрану, шығынданып жол жүру, өтпей қалса бос әурешілігінен тартыну секілді кедергілер болатын. Биыл ақпан айында Лисаков қалалық әкімдігінде бас маман болып істейтін А.Елемесов Қамысты ауданы әкімі аппаратындағы бөлім бастығы қызметіне осылай онлайн конкурсқа қатысу арқылы қол жеткізді. Облыстағы «қостанайлық ноу-хау» аталып отырған бұл жаңа тәжірибе білікті кадрларды таңдау мүмкіндігін кеңейте түсті.
Заман өзгерсе де, «бәрін де кадрлар шешеді» деген қағиданың мәні қаз-қалпында қалатын сыңайлы. Кадр сапасы мемлекеттік заңнамаларды жаттап алуында ғана емес. Оған біліктілігі мен парасаты, адалдығы қосылмаса, мемлекеттік қызметшінің шынайы тұлғасы қалыптаспайды. Қазір облыста төменгі лауазымда жүріп өзінің біліктілігін көрсетіп, жоғары лауазымға жоғарылауға болады. Бұл жоғары лауазымға сенім арқылы көтеретін меритократия принципін қорғаудың жаңа жолы болып табылады. Облыста мемлекеттік қызметшілердің 70 пайызы жоғары лауазымға ішкі конкурстардан, сұхбаттан өткізу арқылы тағайындалды. Ішкі резервтер осылай пайдаланылады. Мысалы Таран, Алтынсарин, Әулиекөл, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандарында осындай тәжірибе нәтижесін берді. Осы өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер олармен сұхбат өткізіп, іріктелгенге дейін де бос тұрған лауазымдық қызмет жұмысын уақытша қоса атқарып отырған болатын. Төменгі лауазымда жүріп іске ысылған, тәжірибесі мол, парасат-пайымы ортаға белгілі кадрларды көтеру тиімділігін береді.
Биыл Департамент бастамасымен орталықтандырылған кадр қызметі жүзеге аса бастады. Мысалы, бұрын әр басқарма кадрларын тағайындауды өздері шешетін. Енді барлық басқармалардағы кадр мәселесін облыс әкімдігіндегі орталықтандырылған бір кадр қызметі шешеді. Облыстағы 23 басқарманың 14-і осыған біріктірілді, қалғаны жылдың екінші жартысынан қосылатын болады. Орталықтандырылған кадр қызметінің енгізілуі әкімшілік қызметтерге кететін бюджет шығынын қысқартты және басшыларды лауазымдық қызметке алу ісіне араласудан қақпайлайды. Мұның өзі де сыбайлас жемқорлықтың жолына тосқауыл болары сөзсіз. Соңғы кездегі екі жылға жуық жүргізілген осындай игілікті істердің арқасында Қостанай облысының әкімдігі бірінші рет «тиімділіктің жоғары деңгейінен» бағаланып, еліміз бойынша ең үздік үштікке кірді.
Облыс орталығындағы Қазақстанда бірінші рет көрініс тапқан Мемлекеттік қызмет гүлзары осы саладағы инновациялық тәсілдің бірі дер едік. Көріктендірілген гүлзарда ілінген стендтегі мемлекеттік қызметтің тарихы мен бағдарламалық құжаттар қала тұрғындары мен қонақтарының назарын өзіне аудармай қоймайды. Гүлзарда мемлекеттік қызметшілердің салтанатты ант беретін орны да жасалған. Ағаш пен гүл көмкерген бұл жерде мемлекеттік қызметшілердің 2050-ші жылдар ұрпағына арналған жолдауы салынған капсула көмілген. Хейтек стилінде жүзеге асқан осы істің барлығы мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге бағытталды. Білімі де, білігі де жетерлік, адалдықпен сусындап, әділдікті ту еткен мемлекеттік қызметшінің сыбайластықпен, жемқорлықпен жолы түйіспейді, сондықтан ол мемлекетті дамытып, іргесін нықтай бермек.
Қостанай облысы