Үкімет басшысы көппәтерлі және жекеменшік үйлер орналасқан «Көктем-1» және «Көктем-2» тұрғын үй алаптарына барды, залал келген жергілікті мектеп, қалалық аурухана мен халыққа қызмет көрсету ғимараттарын көрді.
Төтенше жағдай салдарын жоюға тікелей атсалысқан жергілікті ақсақалдармен және мамандармен әңгімелесті. Олардың қатарында саперлер, медицина қызметкерлері, құтқарушылар және жергілікті билік органдары өкілдері бар. Премьер оларға алғыс айтып, «бірлескен үйлесімді жұмыстың арқасында тұрғындарды уақтылы эвакуациялап, туындаған төтенше жағдайдың ауқымдырақ салдарының алдын алу мүмкін болғанын» атап айтты.
А.Мамин Арыс қаласында төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия отырысын өткізді. Комиссия құрамына министрліктер мен облыстық әкімдіктердің басшылары кірді.
Ағымдағы жағдай мен төтенше жағдай салдарын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев, Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов баяндады.
Премьер-Министр А.Маминге қазіргі уақытта қала аумағын инженерлік барлау, минадан тазалау бойынша жұмыстар жалғасып жатқаны, азаматтарды өз үйлеріне қайтару және олардың мал-мүлкінің қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатқаны туралы баяндалды. Аумақтарға жүргізілген тексерулер экологиялық жағдайға қауіп төніп тұрмағанын көрсетті.
– Өздеріңіз білетіндей, Елбасы мен Мемлекет басшысы қаланы жедел қалпына келтіруді тапсырған болатын. Бізге Арыс қаласын шұғыл қалпына келтіру бойынша барлық күш-жігерді жұмылдыру қажет. Біз Арыс қаласындағы барлық зақымданған және бұзылған нысандарды 2019 жылдың 1 тамызына дейін жөндеп, салуымыз керек. Барлық міндеттер оңтайлы, сапалы әрі уақтылы орындалуы керек», – деді Премьер-Министр.
Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы А.Мамин қаланың тіршілігін қалыпқа келтіру және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін 10 кешенді шараны атап айтты.
1. Бір ай ішінде қаладағы барлық тұрғын үйлерді жөндеу.
2. Қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ретінде қаланың әрбір тұрғынына (44 781 адам) 100 мың теңге көлемінде бір реттік өтемақы төлеу.
3. Арыс қаласынан 4 мың баланы сауықтыру лагерьлеріне жіберу.
4. Әлеуметтік нысандарды жөндеуді ұлттық компаниялардың көмегімен іске асыру көзделген. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарына ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бизнес қауымдастық тартылатын болады. 66 әлеуметтік нысанды «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» жөндейді.
5. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 300-ден астам ШОБ кәсіпорнына «Атамекен» ҰКП арқылы ірі бизнес қаражаты есебінен қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарында көмек көрсетіледі.
6. Қала кәсіпкерлеріне биылғы 1 шілдеден бастап 5 млн теңгеге дейін жеңілдікпен несие беріледі. Жыл соңына дейін салықтық каникулдар ұсынылады.
7. Инженерлік инфрақұрылым, электрмен жабдықтау және байланыс Үкімет қорының қаражаты есебінен қалпына келтіріледі.
8. Газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту және қайта жөндеу жоспарланған.
9. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қала тұрғындарына арналған аурухана мен екі емхана салынады.
10. 2 апта бойы қару-жарақтар әкетіле бастайды. Арсенал қайта орналастырылады.
Алдын ала бағалаулар бойынша, қалада 104 көпқабатты тұрғын үй, 7 200-ге жуық жекеменшік үй, 14 мектеп, 2 аурухана, 28 балабақша, аумақтық мемлекеттік органдар ғимараттары зардап шеккен.