• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Шілде, 2019

Тақырыбы – туған жер

509 рет
көрсетілді

«Ол ешқашан тапсырыспен жұмыс істемеді. Жан дүниесіне не әсер етті, мына сұлу дүниеден нені аңғарды, соны ғана қағаз бетіне түсіретін. Шабытсыз қылқалам ұстаған кезі болған емес».

Суретші Мұратбек Жо­ла­ман туралы жұбайы Гүл­жамыш Бәкейқызы осылай еске алады. Абзал азама­ты­ның 33 жылға ғана жеткен қысқа ғұмырын қолының табы қалған әр картинасы жалғастыратындай көре­ді. «Тек 30 картина салып үл­герді. 100-ден ас­там су­реті сұлба күйінде қал­ды», дейді. Кім біледі, мүм­кін қол­­таң­басы дара сурет­ші­нің аяқ­талмай қалған жұ­мыс­тарын ұрпақтары жалғас­тырар...

Ш.Сариев атындағы Аты­­рау облыстық көркем­сурет және қолданбалы сәндік өнер музейінде Қа­зақстан Су­ретшілер бір­лес­тігінің мүшесі, белгілі суретші Мұрат­бек Жо­ла­манның «Рухпен сырласу» атты көрмесі өтті. Ша­раға Қазақстан мен Қыр­ғыз­станның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, су­ретші Ілия Жақанов, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Ақұш­тап Бақ­тыгереева, Қазақстан­ның Суретшілер одағының төр­ағасы Өмірбек Жұба­ния­зов пен Мұратбек Жола­ман­ның зайыбы Гүлжә­міш Бәкейқызы қатысты.

Суретші Мұратбек Жо­ла­манның жұмыстары Англия, Польша, Корея, Түр­­кия елдеріндегі музейлерде сақтаулы. «Құлагер», «Еділ-Жайық», «Сарын», «Тұмар», «Қорқыттың теңізге келуі», «Қызғыш құс», «Аттиланың елесі» се­­кілді басқа да картиналары суретшінің биік өресін, жо­­ғары талғамы мен қалам қуатын анық аңғартады. Атыраулықтар көрмені бір ай бойы тамашалай алады.

 

АТЫРАУ