• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Шілде, 2019

Қорғас көлік-логистикалық хабы – басты назарда

357 рет
көрсетілді

Қорғас көлік-логистикалық хабына қашанда баса назар аударылады. Транзиттік темір жол және автомобиль, логистика, өңірдің индустриялық және туристік бағыты өте қарқынды дамуда. Соған орай көптеген мәселенің шешімін ұдайы тауып отыру талап етіледі.

Таяуда Индустрия және инф­рақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төр­ағасы Ахметжан Есімов Алматы облысына жұмыс сапары барысында «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның нысандарымен және қызметімен танысты. Қорғас көлік-логистикалық хабы нысандарында сонымен қатар Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «Қазақстан темір жолы» ҰКӘ» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев және «Қазпошта» АҚ Басқарма төр­ағасы Сәкен Сәрсенов болды. 

Ауданы 3010 шаршы метр бо­ла­тын «Қазпошта» АҚ-ның бон­д­тық қоймасы Қорғастағы көлік­-логистикалық хабының аумағында орналасқан. Ол авиа­жеткізілім мерзімін 2-3 күнге дейін, ал автокөлікпен жеткізуді 7-12 күнге дейін қысқартуға, сонымен қатар пошта операторына әріптестер санын кеңейтуге мүм­кіндік береді. Ішінара «Қаз­пошта» инфрақұрылымын пайдалану туралы Clevy, «OBORCloud Network Technology Co., Ltd» және басқа да бірқатар қытай­лық ло­­гис­­тикалық компаниялар­мен уағ­да­ластықтарға қол жеткізілді.

Бүгінгі таңда қытайлық әріп­тестер Қазақстан арқылы транзитпен осы жылдың соңына де­йін 400 тоннадан астам тауар жіберуге дайын. Ерекше атап өтілгені, қойма Қытайдан Еуро­палық одақ және Орталық Азия елдеріне бағытталған транзит­тік жүктерді өңдеуге арналған. Оның өндірістік қуаты орташа есеппен күніне 15-20 тоннаны құрайды, сыйымдылығы шамамен 58 тонна.

Қазіргі таңда трансқұрлық­тық контейнерлік жүк ағыны үшін жаңа тартылыс орталығына «Khorgos GateWay» құрлық порты айналып отыр. Өңделетін кон­тей­нерлер көлемі жыл сайын артуда. 2018 жылы 134 мың­нан астам ЖФЭ (жиырма фут­тық эквивалент) қайта тиелген, бұл – 2017 жылға қарағанда 39% көп.

– Алғашқы жартыжылдықта біз 66,5 мың ЖФЭ өңдедік. Жалпы алғанда, бір жылда контейнерлер тиеуді 21%-дан асыру жоспарлануда, – деді «KTZE-Khorgos GateWay» ЖШС бас директоры Ибрагим Манабаев.

Ахметжан Есімов елде кон­тей­нерлік тасымал 47% -ға арт­қанын жеткізді. Бұл ретте ол «KTZ Express» АҚ Бас­қар­ма төрағасы Дмитрий Абдул­лаев­қа қарата, биыл қанша жүк тие­лу жоспарда тұрғанын сұрап, қызы­ғу­шылық танытты және бұл көр­сеткішті 1 миллионға дейін жеткізу расында мүмкін бе деп сұрады. 

«KTZ Express» басшысы компания жоспары бойынша биылғы меже 824 мың контейнер ЖФЭ екенін жеткізді. Бірақ осы көрсеткішті арттыру жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Таяуда Д.Абдуллаев Қытайға барып, сондағы әріптестермен 20-ға жуық кездесу және Чун­син, Чунду, Сиань провин­ция­­ларында келіссөздер өткізеді.

– Коммерциялық жұмыстар ұдайы жүргізілуде. Теңіз бағ­дарлары бойынша да, Тран­сібір аумағы арқылы да жүк ағынын тартудамыз, – деді ол.

Делегация барған кезде құр­лық портында екінші кон­тейнерлік құрамды қайта тиеу жұмыстары жүріп жатты. Біріншісі бұл жерден бірнеше сағат бұрын Еуропа ба­ғытында жөнелтіл­ген. Ал екін­шісінің бағыты – Ақтау порты, оның құрамында Иранға кететін 40 контейнер болды. Бұл ретте аталған по­йыздың «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен биыл сәуірде Бакуге бағытталған қазақ­стандық «Түркістан» кеме­сін пай­далана отырып, іске қо­сыл­ған фидерлік желіге тікелей қатысы бар. 

– Ақтау теңіз портындағы бұл желі тұрақты кестемен жұмыс істеуде. Бүгінгі пойыз сейсенбі күні Ақтауда болады, сәрсенбіде оны Каспий арқылы жеткізу орнына жөнелтеді. Сонымен бірге Қорғасқа жақын­даған кезекті пойыз Қытай аума­ғы арқылы жүреді, – деді Д.Абдуллаев. 

Ақтау, Баку (Алят) порттары арасындағы фидерлік қатынас күн сайын айналымға шығып, сұранысы жоғарылауда. Екі ай ішінде фидерлік класты кемелермен 700-ден астам контейнер тасымалданған. Тек сәуір айының өзінде олардың саны 200 болды, ал маусымда Ақтау порты 500-ден астамын жөнелтті. Мұндағы аталған логистикалық сервистің әлеуеті жылына 300 мыңнан астам контейнерді құрайды. 

«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА құрлық порты, Ақтау теңіз порты және Алтынкөл шекара­лық стансасының логистика­лық инфрақұрылымын пайдала­ну аталған бағдар мен өңір­дің да­муында ең жоғары мультип­ли­ка­­тивтік тиімділікке ие болады. Ал «Қорғас – Шығыс қақ­пасы» АЭА логистикалық ай­мағында жақын күндері жалпы ауданы 25 мың шаршы метр «KIF Warehouses» ЖШС жаңа қойма кешені іске қосылады.  

– 2025 жылға дейін жалпы со­­м­асы 421 млрд теңгенің 10 ин­­вес­­­тициялық жобасы жүзеге асы­­­рыл­мақ, – деді «Қор­ғас – Шы­­­­ғыс қақпасы» АЭА АҚ Бас ди­­рек­­торы Мұрат Баймұ­хан­бетов. – «Нұрлы жол» қосынын қа­рау ке­зінде «Қорғас – Шығыс қақ­­­­­па­сы» АЭА аумағында авто­кө­­лік­­­­­тер­­дің кедергісіз қол­жетім­д­ілі­гін қам­та­масыз етуге көңіл бөлін­ді. 

«Қорғас» ХШЫО» АҚ пре­­­­зи­­­­денті Қаһарман Джа­зин «Қорғас» ХШЫО» АЭА бас­қару ком­­па­ниясы мәртебесін алысымен Халық­аралық орталықтың қазақ­стан­дық аумағында жұмыс істей­тін компанияларды тіркеу басталатынын айтты. Олардың бәрі көрсетілген жеңілдіктер пакетін алады – ҚҚС, КТС-тен және жер мен мүлікке салық­тардан толық­тай босатылады. 

Жұмыс сапары барысында көлік-логистикалық хабтың келешектегі дамуы бойынша нақты тапсырмалар берілді. Ирина БЕКТИЯРОВА Қорғас