Бағдарламаны бір уақытта радиодан тыңдап, теледидардан көруге болады. «Қазақстан» ТРК» АҚ Атырау облыстық филиалы «Efirde 102.0 FM» деп аталатын телерадиобағдарламаның алғашқы санын эфирге шығарды.
Бағдарламаның алғашқы қонағы болған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 80 жылдық тарихы бар облыстық телеарнаның заман талабына сай жабдықталып, көрермен көзайымына айналып отырғанын атап өтті.
Жергілікті радионың таралу аумағы бұған дейін 3 шақырым ғана болған еді. Іске қосылған кеңейтілген диапазонды 1000 киловаттық жаңа радиотаратқыштың арқасында атыраулықтар әуе толқынын жаңа сапада тыңдай алады. «Қазақстан-Атырау» телеарнасының басшысы Қанат Әуесбайдың айтуынша, радиотолқын енді 60 шақырымға дейін таралады. Мұнайлы аймақ тұрғындары 102.0 FM жиілігінде 17 сағат бойы «Atyraý radiosy»-ның хабарларын тыңдай алады.