Алматы облысында болған қайғылы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зардап шеккендерге көмек көрсету туралы сөзіне алғашқылардың бірі болып “Нұр Отан” партиясы үн қатты. Бірінші күні-ақ “Нұр Отан” партиясы барлық қызметкерлердің бір күндік еңбекақысын аударды. Қазір еліміздің барлық өңірлерінде нұротандықтар көмек көрсету жұмысын ұйымдастыруда.
Алматыда “Жас Отан” Жастар қанаты азық-түлік, киім-кешек, алғашқы уақытта керек заттар жинау бойынша акция өткізуде. Сәрсенбі күні жиналған заттар Алматы облысына жіберілді.
Маңғыстау облысында нұротандықтар ірі өнеркәсіптік өндірістерді, бизнес-құрылымдарды қатыстырып жинақ шарасын өткізуде. Шымкентте бастауыш партия ұйымының араласуымен “Химфарм” АҚ 200 мың дәрі, 100 мың ампула, 25 мың тұнба, 7 дәрілік май жіберді. Сондай-ақ, 10 КамАЗ көліктерімен азық-түлік жөнелтілді.
“Егемен-ақпарат”.