Мұнда 6 мен 15 жас аралығындағы балалар жаз бойы түрлі сабақтарға қатысып, уақыттарын тиімді өткізе алады. Оған қоса ойындар ойнап, мультфильмдер қызықтап, мерекелік шараларға да атсалысады.
Жазғы академия сабақтары таңғы жаттығудан басталады. Көңілдерін көтеріп, бойларын сергітіп алғаннан кейін өздері қалаған үйірмелерге бөлінеді. Кіші топтағыларға сурет салуға барлық жағдай жасалған. Өнерге біртабан жақындары домбыра үйірмесін таңдаған. Оларға «Асыл мұра» үйірмесінің ұстазы Айбек Дәкеров береді.
Жазғы академияның қатысушысы Алғат Сайранов бұған дейін ұлттық аспапта ойнауды игеріпті. Қалаға келген соң бірден домбыра үйірмесін таңдапты.
Химия кабинетіне негізінен жоғарғы сынып оқушылары топтасқан. Олар мұнда түрлі химия пәніне қатысты дәрістер тыңдайды.
Жазғы академияға келушілерге 28 ұстаз сабақ береді. Бірінші ауысымда 100-ден аса ұл-қыз жазғы каникулды мазмұнды өткізсе, екінші ауысымда 140-қа жуық шәкірт қамтылған.
«Балалар әр түрлі бағыттағы үйірмелерге қатысып, білімдерін жетілдіреді, тәжіибелерін байытады. Спорттық ойындарға, вокалға, биге қатысады. Шілденің 9-ы мен 19-ы аралығында ынталылардың үшінші легін қабылдаймыз», дейді жазғы академия жетекшісі Кәмшат Мусина.