• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Шілде, 2019

Қай мүдде жоғары?

667 рет
көрсетілді

Жуықта «Атамекен» телеарнасында «Қазақстанға қандай өзгерістер қажет?» деген қызықты тақырыпта арна жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековпен және саясаттанушы Саясат Нұрбекпен сұхбат құрды. Бұл сұхбат бізге ұнады. Біраз жайттар айтылды. Содан түйгеніміз, ел ішінде қоғамды демократия­ландыру бағытында үлкен өзгерістердің қажет екендігі болды.

Бізді, әсіресе сұхбаттасу барысында қоз­ғал­ған мына бір мәселе ойландырып тастады. Сөз арасында білімді де жігерлі ініміз Саясат Нұрбек «Дамыған Батыс елдеріне қарасаңыз, жеке адамның мүддесін жоғары қояды. Өйт­кені жеке адамға жайлы болса, бүкіл қоғамға да жайлы. Ал бізде ұлттық мүдде деген бар. Ұлт­­тық мүдде дейміз де көп істі теріс жасаймыз. Ал оны жеке адамдардан бұл дұрыс па, бұ­­рыс па деп ешкім сұрап жатпайды» деген ой қозғады. 

Қарап отырсақ, Саясаттың қозғап тұрғаны өте орынды мәселе. Пролетариат диктатурасы, яғни бұқара халық үстемдік құруға негізделген Кеңес Одағының өзінде бәрін де болашақ қамына, социализм мұраттарына бағындыра отырып, адамдарға жайлы қоғам құру, оның еркіндігін қамтамасыз ету көп ескерілмеген еді. Ақыры тұрмыста Батыс мемлекеттерімен бәсе­­кеге төтеп бере алмаған Кеңес Одағы құ­лады. Қарапайым халықтың өзі оның артық­шы­лық­тары мен кемшіліктерін дұрыстап ұға алмай қалды. 

Енді міне, адамдар үшін жайлы мемлекет құру мәселесі тағы алдымыздан шығып отыр. Дамыған Батыс мемлекеттерінде оқып, білім алып келген көзі ашық жастардың өзі осы мәселені бірінші кезекке қоятын секіл­ді. Өркениет өрге басқан, демократиялық үдеріс­тер әлем елдерінде қанат жайған қазіргі заман­да біз секілді жерінің асты-үсті табиғи қазы­наға толы елде адам өзінің 70-80 жылдық қысқа ғұмы­рында жаны мен тұрмысына жайлы өмірге қол жеткізе алмаса, мұның өзі өте аянышты да ғой.  Кейінірек осы мәселе туралы Ерболат Мұхамеджанмен әңгімелескенімде: «Аға, осы ұлттық мүдде дегеніміз не? Ашып айтыңызшы. Егер жеке адамға жайлы болмаса, халыққа жайлы болмаса, ол ұлттық мүдде дегеніміз тым күңгірт түсінік болып шықпай ма?!» деген сөзді айтып қалды.

Менің түсінігімде, ұлттық мүдде дегеніміз бұл – астананың салынуы. Басында бұл идеяның жеке адамға да, көпшілікке ұнай қоймағандығы анық. Өйткені саз балшыққа батып жатқан Ақмоланың орнына жаңа астана салу дегеніміз, бұл – қиындықтармен бетпе-бет келу ғой. Соған қарамастан жаңа елорда салынды. Көз сүйсінетін әдемі қалаға айналды. Енді ешкімге жаман емес секілді. Сөйтіп бұл идея ұлттық мүддені ойлаудың жарқын көрінісіне айналып отыр.

Екіншіден, елдің ішіне мыңдаған шақырым­дарға созылған жаңа теміржолдар тартылуда. Автобандар салынуда. Біз әзірге олардың қызығын әлі көре қоймасақ та, осылардың бәрі салынып біткенде, бүкіл елімізге де, жеке адамдарға да жайлы болып шықпай ма? Осыларды қазір салып алмай тұрып жайлы тұрмысқа қалай қол жеткізбекпіз? Әрине, Батыс елдерінің өмірі жайлы, тұрмысы жоғары. Өйткені оларда бәрі салынған. Олар салатын үйін салып, ішін қажетті жиһаздармен толтырып, енді соларды тек жақсарта беру қамында жүрген адамдарға ұқсайды. Ал бізде әзірге барлық алаң ашық қой.

Сондықтан мен біздің елімізде жеке мүд­деге қарағанда ұлттық мүдде әлі де болса, жоғары тұруы керек деп есептеймін. Бізде шешілмеген мәселе әлі шашетектен. Тіл мәселесін алайық, жер астында жатқан ұлттық байлықты игеру, оны халық үшін іске жарату мәселесін алайық, жоғарыда айтылған жай­лылықты қалыптастыру мақсатындағы әлеу­меттік-экономикалық инфрақұрылымдар қалып­тастыру мәселесін алайық, қоғамды демо­кратияландыру бағытындағы саяси инс­титуттардың және олардың құрылымдары­ның қалыптасу мәселесін алайық. Міне, осындай өте өзекті мәселелердің әлі толық шешімін таппағандығына қарамастан, елімізде «Қазақстан – қалыптасқан мемлекет» деген түсінік айтыла бастады. Менің ойымша, бізге бұлай деп айтуға әлі ертерек. Біз үш жүз жыл бойы халық ретінде өзіміздің ұлттық мүддеміз бойынша жұмыс істей алмай келдік. Өйткені аман қалу жолында арпалысқан заман болды, тізгініміз басқаның қолына тиді. Тек соңғы жиырма бес жылда ғана ұлттық мүддемізге сәйкес біраз мәселемізді шештік. 

Енді тіпті «халықтар жаһандану ықпалында жұтылып бара жатқан күрделі заманда ел мүддесін ертең кім қорғайды?» деген сұрақ тағы да бас көтеріп тұр. Өйткені ел мүд­десін, мемлекет тұтастығын бірінші кезекте қорғайтын, мемлекеттің мызғымастығының берік кепілі саналатын саяси күш – орта тап әлі қалыптасып, бел алған жоқ. Оны қалыптастыруымыздың өзі – біздің ұлттық мүддеміз болып табылады.