• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Шілде, 2019

«Жәке» Өзбекстанға ет жібереді

404 рет
көрсетілді

Қарағанды облысындағы тасы өрге домалап тұрған шаруашылықтың бірі – ірі қара мал бордақылауды кәсіп ететін «Жәке» шаруа қожалығы. Кәсіпорын осыдан үш жыл бұрын Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауылдық округінде іске қосылған болатын.

Қазіргі уақытта шаруашылық қанатын кеңге жайған кәсіп­орынның мал қоралары мен басқа да өндірістік үй-жайлары 20 гектар жерді алып жатыр. Бұл жерде отызға тарта адам еңбек етіп, тарықтырмайтын көлемдегі тәп-тәуір жалақы алады. Заманның талабына сай құрылған шаруа­шылық америкалық технология бойынша жұмыс істейді. Малға жем беру толықтай меха­никаландырылған, ал суару ісі автоматты жүйеге көшірілген.

Жақында «Жәке» шаруа қожалығы Өзбекстан тарапымен келісімге келіп, сол елге биыл семіртілген 28 мың бұқа жеткізетін болды. Тапсырыс берушінің шарты бойынша, әрбір жануардың салмағы 400 килодан кем тартпауы тиіс екен.

Бұл шаруашылықта борда­қыға байланған кездегі малдың бастапқы салмағы 200-250 ки­ло болады. Жүз күннің ішінде құнарлы жемнен ауызы боса­маған ірі қараның әрқайсысы 600-700 килоға дейін салмақ тартып, семіретін көрінеді. Айта кететін бір жайт, жемшөп­ті егіп, оны қайта өңдеуге дейінгі жұмыс толықтай шаруа­шы­лықтың өзіндік техникасымен атқарылады екен. 

– Екі жыл ішінде біз өндіріс көлемін 5,5 мың басқа дейін ұлғайттық. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 мың басқа дейін жеткізуіміз керек. Келесі жылы қуатын толық күшіне қосуды жос­парлап отырмыз. Сол кезде жылына бордақыланған 40 мың бас бұқаны сатуға шығарамыз, – дейді кәсіпорын өкілі Алмас Сыздықов.

Аталған шаруа қожалығы қазіргі таңда мемлекет тарапы­нан ауыл шаруашылығын қол­дауға бағытталған түрлі бағдар­ламаларды тиімді пайдаланады. Мысалы, кәсіпорын алдағы уақытта «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Ресейден 5 мың бас, Польшадан 2 мың бас тұқымы тәуір ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында асыл тұқымды малдардың генетикасын жақсарту жұмыстары да қолға алынған.

Таяуда облыс әкімі Ерлан Қошанов шаруасы шалқы­ған ша­руашылыққа барып, кәсіп­орынның тыныс-тіршілі­гімен танысты. Әңгіме барысында облыс басшысы өңірге ет өңдеу комбинатының өте қажет екенін баса айтты.

– Мүмкіндіктерді пайдалану керек, – деді әкім. – Қазір «Қа­рапайым заттар экономикасы» атты жаңа бағдарлама пайда болды, оның аясында мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылған. «Жәке» шаруа қожалығы ет өнімдерін елдің ішкі нарығына да, шетелге де шығарады. Экс­порт­тық жеткізілімдер бүгін­де екі бағытта жүргізіледі. Ша­руа қожалығының өнімдері Өзбекс­танға ғана емес, Иранға да сатылатынын айта кеткен жөн. Қазіргі таңда шаруа қожалығы мал шаруашылығының өнім­ділі­гін арттыру мақсатында жер­гілікті фермерлермен тығыз бай­­ланыс орнатып, әріптестік не­гіз­дегі тиімді жобаларды қолға алған.   Қарағанды облысы