Иә, студенттің таңдаған мамандығы бойынша бірнеше жыл талмай-тынбай оқығандығын, білікті маман екендігін куәландыратын құжат дәл осы күні жүректері толқыған түлектердің қолына табысталады. Ал ол дегеніміз – жас маманның аудиториямен қоштасып, өмірдің жаңа белесіне қадам басқандығының бірден-бір дәлелі.
Өткен аптада «Астана Опера» театрының мәрмәр залында Қазақ ұлттық хореография академиясы түлектері де осындай тамаша кештің жұлдыздары атанды. Камералық симфония оркестрінің сүйемелдеуінде орындалған «Жастар вальсінің» ырғағында мың бұрала билеп ортаға шыққан балеттің болашақ білгірлері салтанатты кештің сәнін кіргізді.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жас мамандарға өз құттықтауын жеткізе келе, Қазақстан мәдениетіне ғана емес, күллі әлем мәдениетінің дамуына үлес қосқысы келетін әрбір түлектің еліміз үшін маңыздылығын атап көрсетті. Айтулы жиынды өзінің құттықтау лебізімен жалғаған Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова бүгінгі шәкірт, ертеңгі әріптестеріне ақ жол тілеп тұрып, дипломдарын табыс етті.
Биыл үшінші толқын түлектерін ұясынан ұшырғалы отырған білім ордасының осы уақыт аралығында ауыз толтырып айтарлық жетістігі мен жеңісі жетерлік. Оны академия проректоры Бибігүл Нүсіпжанова зор мақтанышпен атап өтті.
– Бұл күн Қазақ ұлттық хореография академиясы тарихындағы ең маңызды оқиға болып саналады. Өйткені біздің төрт жыл бойы баптап, білім нәрімен сусындатқан түлектеріміз үлкен сахнаға жолдама алып, қанат қаққалы тұр. Біздің әр студент – талантты, сұлу. Сондықтан да балет өнерінің ертеңі жарқын болады деп сеніммен айта аламын. Біздің балаларымыздың тек керемет балет бишілері ғана емес, ең бастысы, еліміздің лайықты азаматтары болуын қалаймын, – деді проректор өз сөзінде. Бибігүл Нұрғалиқызы атап өткендей, биылғы оқу жылында Қазақ ұлттық хореография академиясының 5 магистрі, 17 бакалавр және 21 техникалық және кәсіптік білім беру мамандығының студенттері кәсіби маман атанып, білім шаңырағына қимастықпен қол бұлғады. Түлектерді ересек өмірге аттандырған айтулы шара Иоганн Штраустың әсем вальсімен әдемі нотада өз мәресіне жетті. Айна АЛПЫСБАЙ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің студенті