5 жылда – 1,8 млн жас маман
Таяуда Үкіметтің баспасөз орталығында Жастар жылын өткізу барысы туралы баспасөз конференциясы өтті. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова биыл атқарылатын іс-шаралар жоспарын таныстырып, қандай салаларға басымдық берілетінін кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде жастардың саны 3,8 млн-ды құрайды. Оның ішінде қалалық жастардың саны 2,2 млн болса, ауылдық жерде 1,6 млн жас тұрады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарда 586 661 адам оқыса, колледждерде 488 712 жас білім алады.
Ресми мәліметке сүйенсек, еліміздегі еңбекке қабілетті жастардың саны – 2,2 млн. Олардың ішінде негізгі жұмыс күші 15 пен 28 жас аралығындағы жастарға түседі екен. Қазіргі уақытта жұмыспен қамтылған жастардың саны 2,1 млн адам. Бұл ретте 1,6 млн адам жалдамалы қызметкер болып жұмыс істесе, өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар саны – 492 мың.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Ерболат Абулхатиннің айтуынша, сауда және сервис саласы бойынша жұмыс істейтін жастардың үлесі – 19,3 пайыз, білім саласында – 11,5 пайыз, ауылшаруашылығы саласында – 11,2 пайыз, өнеркәсіп саласындағы үлес 11,1 пайызды құрайды. Ал елдегі жалпы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,9 пайыз.
Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры салыстырмалы түрде бұл көрсеткіштің Еуропада – 7,7 пайыз, Испанияда – 32,6 пайыз, Грецияда – 39,1 пайыз, Италияда – 33 пайыз екенін жеткізді. Десе де дамыған елдерге қарағанда көрсеткіш төмен деп тоқмейілсінуге болмайтыны түсінікті. Себебі, жылдан жылға жұмыссыздық деңгейі артып барады. Елімізде 84 мың жас екі қолға бір күрек таба алмай жүрсе, 37 мың адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгендер санатында.
− Биылғы жылдың 1-тоқсанында жастар арасындағы ең жоғарғы жұмыссыздық деңгейі Алматы қаласында тіркелді (6,4%). Солтүстік Қазақстан облысында, Қарағанды облысында – 5,7%. Жұмыспен қамту және «Еңбек» бағдарламасы аясында іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұл бағдарлама 253 мың адамды қамтыды. 19 мың адам тегін оқытылса, қысқа курспен 16 мың адам қамтылады, – деді департамент директоры.
Оның айтуынша, өз кәсібін ашу үшін 2 мың жас шағын несие алса, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 85 мың адам оқытылған. Е.Абулхатинның 2017-2018 жылдары ЖОО бітірген түлектердің ішінде 15-28 жас аралығындағы ауыл шаруашылығы саласында жұмысқа тұрғандар саны айтарлықтай кемігенін айтты. Ал экономиканың басқа салаларында керісінше өсім байқалады.
− Алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс үш топқа ерекше назар аударғым келеді. Біріншіден, жыл сайын шамамен 300 мың түлек еңбек нарығына шығады. Алдағы 5 жылда еңбек нарығына қосымша 1,8 млн жас маман келеді деген болжам бар. Ендігі кезекте біз осы мамандарды толықтай жұмыспен қамту мәселесін шешуіміз қажет. Екінші топқа орта білім алған, жұмыспен қамтылған жастар, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем жастар, мүмкіндігі шектеулі жастарды жатқызуға болады. Мұндай әлеуметтік осал топқа жататын жастардың саны – 900 мың. Үшінші топқа жұмыс істемейтін, оқымайтын, біліктілігін көтеруге ниетсіз NEET санатындағы жастарды жатқызуға болады. Олардың саны – 300 мың адам. Мұндай топқа жататын 15-28 жас аралығындағы жастардың үлесі 7,6 пайызды құрайды. Биылғы жастар жылы қарсаңында NEET санатындағы жастармен күрес жұмыстары қарқын алмақ, – деді Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры. Осы ретте, мемлекет тарапынан жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша ауқымды шаралар жүргізіліп келеді.
− Биыл Ұлттық біріңғай тестілеуден өтпей қалғандар ертең жұмыссыздар ретінде тіркеледі. Әрине, Үкімет оларды далада қалдырмайды. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес алғашқы техникалық білім беру бойынша биыл 21 мың адамды тегін оқытуды жоспарлап отырмыз. Бұл жүйе бойынша 2 жарым жыл оқып, техникалық саланың маманы болуға мүмкіндік қарастырылған,– деді Е.Абулхатин.
Осы ретте еліміздегі жастардың жиі жұмыс ауыстыруының себебін де сұраған едік. Департамент директорының айтуынша, жастардың жұмыс берушілерге қоятын талаптары жоғары. Оны екінші тарап өтей алмағандықтан ауыс-түйіс жиі орнайды. Оның үстіне қазіргі жас буын аз уақытта өзіне ауқымды міндет, мақсат қоюға бейім. Бұл бір жағынан дұрыс әрі заманға бейімделудің көрінісі екенін айтады.
Волонтер студенттің стипендиясы көбеймек
Үкімет жыл басында Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасын қабылдады. Жол картасы 89 тармақтан, 4 блоктан және 5 бағыттан тұрады. Жалпы, Жастар жылын өткізуге мемлекеттік бюджеттен 24,6 млрд теңге қарастырылған болатын. Бұл қаражатқа қандай шаруалар атқарылмақ? Картаға кірген ілкімді жобалардың қандай мақсатта іске асатынын Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбековадан сұрап білдік.
− Бұған дейін Жастар жылы деп желеулеген форумдар көбейіп кетті, нақты жастарға қатысты қандай түйіткілдер оң шешім табады?» деген сауалдар айтылып жатыр. Жол картасында көрсетілген 89 тармақтың 5-еуі форумдарға қатысты. Оның бірі Жастар жылының ашылуы, одан кейін мамыр айында Қостанай қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мыңнан астам жастардың басын біріктірген волонтерлер форум өтті. Форумның нәтижесі бойынша Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп атауды қолдайтынын білдірді. Сонымен қатар күні кеше Көкшенің көрікті өлкесі Зеренді ауданында «ZEREN» жазғы білім беру лагерінің ашылғанын білесіз. «ZEREN» жазғы білім беру лагерінің негізгі мақсаты креативті жастардың әлеуетін біріктіру,– деді вице-министр.
Оның айтуынша, биыл жастардың білім көкжиегін кеңейтуге басымдық берілмек.
− Президенттің «5 әлеуметтік бастамасы» аясында білім беру саласына қосымша 20 мың гранттың бөлінуі және студенттерді жатақханамен қамту мәселесі жастар үшін үлкен қуаныш болды. Сондай-ақ Жастар жылында жастардың білім алып, білікті маман атануына, кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасау үшін «Жас маман» жобасы іске асырыла басталды. Жоба аясында 20 жоғары оқу орны мен 180 колледж заманға сай жабдықталып, 210 мың білікті маман даярлау, жоғары оқу орындары және колледж студенттерін кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көзделуде. Сонымен қатар волонтерлік қызметпен айналысатын студенттердің стипендиясын 30%-ға көтеру қарастырылды, − деді Ж.Омарбекова.
Тағы бір жаңалық, ерікті қоғамдық жұмысқа араласқысы келген студенттерге арналған сайт 1 қыркүйектен бастап іске қосылады. Онда қызмет саласын (жетім балаларға, мүгедек балаларға көмектесу, қандай да бір қайырымдылық ұйымдарының жұмысына атсалысу) таңдағаннан кейін ваучер алады. Сол арқылы оқу ақысын төлеуге мүмкіндіктері бар. Жеке меншік, мемлекеттік университетте білім алып жатқан әрбір студент бұл жобаға қатысуға құқылы. Еріктілер таңдауына ваучердің екі кредитті және бес кредитті екі түрі ұсынылады. Ерікті екі кредитті ваучерге 20 мың теңге алып, тисті бағдарламаны орындайды. 5 кредитті бағдарлама бойынша екі кредитке қарағанда көбірек жұмыс істеуге тура келеді екен. Жалпы бұл бағдарламаға 50 мың студент қамтылады деп жоспарланған.
Баспанаға құжат қабылдау қыркүйекте басталады
Биылғы жылды Жастар жылы деп жариялаған кезде үйсіз-күйсіз жүрген жастардың баспана шырғалаңы Үкіметтің құлағына жетеді деген ой қылаң берді. Көп ұзамай, жұмыс істейтін жастарға арналған Жол картасында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтер салу туралы ұсыныс енгізіліп, мақұлданды. Жастар жылы аясында 2021 жылға дейін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін азаматтарға үш мың пәтер беру жоспарланып отыр.
− Шын мәнісінде жастардың баспанамен қамтылуы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Бұған дейін, жастар мен жас отбасылардың баспаналы болу мәселесі де мемлекет тарапынан қолдау тапты. Яғни «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің» 2012 жылы қолға алған «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы екі бірдей бағытта жүзеге асырылса, соның бірі – «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» жобасы. Мемлекет тарапынан баспанамен қамту үшін 2018 жылдан «7-20-25» бағдарламасы жұмыс жүргізілуде. Жастар жылы аясында қабылданған Жол картасының негізгі бағыттарының бірі – баспанамен қамтамасыз ету. Осыған байланысты, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бекітілді. Республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Министрлік бүгінгі күні жұмысшы жастарға жалға берілетін пәтерлер беру үшін қойылатын негізгі талаптар мен тетіктердің қағидасын әзірлеуде, оны 1 тамызға дейін бекіту көзделуде, – деді Ж.Омарбекова.
Оның айтуынша, жастардың үлесі басым Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 1000 пәтер беру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
− Ол пәтерлерді сатып ала алмайды. Біз жастарға буындарын бекітіп алғанша мүмкіндік береміз. Баспана алуға ақша жинау оңай емес. Әртүрлі мемлекеттік бағдарлама болса да, ақша жинауың керек. Сондықтан бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж жастарға арналып отыр. Қыркүйек айында жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталады. Бағдарлама ережесі сайтымызда 1 тамызда жарияланады. Ең алдымен оған 29 жасқа дейінгі жастар қатысады. Егер отбасылы болса, асырауында мүгедек ата-аналары немесе мүгедек балалары болса, қосымша жеңілдіктерге ие болады. Жалға берілетін тұрғын үй үш жылдан бес жылға дейін беріледі. Жергілікті атқарушы билікпен және басқа да министрліктермен тағы да қарастырамыз, – Ж.Омарбекова.
Сондай-ақ вице-министр жалға үй алғысы келетін адамның тұрғын үй бағдарламаларының бірінде жинағы болуы тиіс екенін айтты. Жастарға салынған баспананы жалға алу бағасы ай сайын 10-12 мың теңге көлемінде. Басты шарттың бірі ТҚЖБ-дан шот ашу немесе қандай да бір мемлекеттік бағдарламаға қатысу міндетті. Бұл арқылы жалға алған жастардың өз үйлерін сатып алуға қаншалықты қам жасап жатқанын көрсетеді. Сөйтіп, 3-4 жылдың ішінде ипотекалық бағдарламаларға төленетін алғашқы жарнаны жинап алуға болады, – деді вице-министр.
Аймақ жастарына көңіл аударылады
Елімізде жастардың жағдайын жасау, білім алу, жұмысқа орналасу және тағы басқа бағдарламалар туралы және елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат және өскелең ұрпақтың құндылықтары туралы хабардар болуы үшін өңірлерде 209-ға жуық жастардың ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Ресурстық орталықтар жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіби бағдар беру, психологиялық және құқықтық, инновациялық және кәсіпкерлік, волонтерлік қызметті дамыту бойынша кеңес береді. Жас отбасылармен жұмысты жүргізу, жастар ұйымдарын және жастардың өзін-өзі басқару органдарын жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге қолдау көрсету бойынша жұмыс жүргізеді.
− Жыл басынан бастап осы ресурстық орталықтарда 300 мыңнан астам жастар түрлі бағытта кеңес алды. Бүгінгі күні осы ресурстық орталықтарды Жастарға қызмет көрсету орталығы ретінде қайта құру жоспарлануда. Аталған жұмыстар Орталықтардың жастармен бір терезе принципімен түрлі бағыттағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, – деді Ж.Омарбекова.
Оның айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі орталықпен және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, талдаулар жүргізіледі. Соның нәтижесінде өңірлерде жастардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу деңгейі төмен екені байқалған. Сонымен қатар мәдени-демалыс инфрақұрылымының дамуы да кенже тартып тұр.
− Осыған байланысты, өңірлермен байланыс орнатылып, жұмыстар жүргізілуде. Коворкинг орталықтар, спорт ғимараттары, аула клубтары құрылуда. Барлық объектілер мемлекет-жеке меншік әріптестік негізінде тұрғызылады. Бұл шара жастар саясаты саласында қабылданатын шаралардың тиімділігін бағалауды жүргізуге, сондай-ақ республикалық деңгейден жергілікті деңгейге дейін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Ж.Омарбекова.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қостанайда өткен «Қазақстан – Ресей жастарының ынтымақтастық форумында: «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету қажет деген болатын. Биыл жастарды толғандырған мәселелер оң шешім тауып, ілкімді жобалар нәтиже береді деген үміт бар.