• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2019

Күнгейде егінге орақ түсті

642 рет
көрсетілді

Күнгейде егінге орақ түсті. Түркістан облысында алғаш болып Қазығұрт ауданының шаруалары жаздық бидайды оруға кірісті. Диқандардың діттегені – ауданда 40 400 гектар жерге егілген күздік және жаздық бидай алқабының әр гектарынан 20-25 центнер өнім алу. Ал 4 500 гектардан астам жерге егілген арпаның түсімі 22 центнер болады деп жоспарлануда.

Өңірдегі егін шаруашылығы десе еске Шарбұлақ ауылдық окру­гіндегі «Сапа-2002» шаруа қо­жалығы түседі. Биыл да жылдағы шаруақорлығынан жаңыл­маған қожалық алқаптағы алтын астықты төкпей-шашпай жинап алуға кірісті. Агротехникалық талаптарды тия­нақты атқарған кәсіпорын 2000 гектарға жуық алқапқа егілген арпа мен бидайды жинауға 10-ға жуық агротехника тартып, 20 шақты адамды еңбекке жұмылдырды.

– Алқапқа бидайдың 24 сортын сеп­кенбіз. Алдын ала болжам бо­йын­ша әр гектарынан 30-35 центнер өнім аламыз деп отырмыз. Алдағы уа­қытта 3 сорт тұқымын (алтын масақ, кондитер, шөп) көбейтіп, өндіріске қоймақпыз. Мақсатымыз Сары­ағаш­тың ғалымдарымен келісім­­шартқа тұрып, тұқым сапасын одан да сапалы ету, – дейді «Сапа-2002» ЖШС директоры Нұржан Әшіров.

Шаруалар ауа райы қолайсыздау болғанымен қамбаға түсер өнім былтырғыдан кем болмайтынын айтуда. Себебі агротехникалық шаралар дер кезінде жасалып, мемлекет тарапынан берілетін арзан жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар уақтылы берілген. Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың айтуынша, аудан бойынша егін оруға қажетті 218 комбайн, 125 тасымалдаушы техника, 103 трактор тіркемелері сақадай сай. «ДжонДир» компаниясы ұсынған су жаңа техникалар шаруалардың қажетін толық өтеуге тиіс.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 823 мың гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8 мың гектарға артық. Облыс бойынша бидай 178,7 мың гектарға егілді. Алдын ала болжам бойынша 218,6 мың га масақты дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен 21,2 центнерден өнім алу жоспарлануда. Астық оруға қолда бар 1012 комбайнның 90-95 пайызы ору, жинау жұмыстарына пайдаланылып жатыр.

Күні бүгінге дейін188 мың тонна картоп, 418 мың тонна көкөніс, 125 мың тонна бақша дақылдары жиналған. Қазіргі таңда ішкі сұра­ныстан артық көлемі Нұр-Сұлтан, Алматы қала­лары мен басқа облыс­тарға және шет­елге экспортталуда.

Облыстық ауыл шаруашылы­ғы басқармасы таратқан ақпарат­қа сүйенсек, күнгейлік еңбекқор диқан­дар жыл соңына дейін картоп, көк­өніс, бақша өнімдерінен 2,7 млн тон­на өнім жинауды жоспарлап отыр.

 

Қазығұрт – Шарбұлақ