Мұңлық, Зарлықтың шырылдаған мұңлы үні құлағымызға әріден шалынып, әр қиянның астында қалған үзік-үзік елестер, зұлымдық пен жауыздықтан, қызғаныш пен аярлықтан зарыға жасыған үздік бейнелер көз алдымызға көлбей оралды.
Атылған снарядтың алапат үнінен алаңда алаңсыз доп қуып жүрген талай жеткіншектің зәре-құты қашып, жүрегі шайлығып қалды-ау, ә! Әншейінде найзағай жарқылдап, күн күркіресе үрейленіп, үйге тығылатын ауыл баласының ата-ана құшағындағы қайғысыз-қамсыз балдәурен тәтті шағы әп-сәтте ойран-опатқа ұшырап, сәби қиялындағы ғаламат әлем жойқын жарылыс салдарынан алай-дүлей теңселіп, бүкіл жұрт үдере көшкен мезетті көзге елестетудің өзі қандай қорқынышты еді. Мұнда да тура осы аңыздағыдай жүректі тулатып сыртқа бұлқынып шыққан ауыр өксік. Онда Қаншайым анамызды қос бірдей перзентінен Шаншарханның алпыс әйелі аярлықпен айырып тынса, ал мұндағы дүрбелеңге кінәлі қасірет ошағы – қапияда жарылған қару-жарақ. Аңыз бойынша Қаншайымды дарияның адам барса, қайтып шыға алмас аралына, ал екі баласын Шөгірліге апарып тастайды. «Мұңлық пен Зарлық қиыншылықтың бар тауқыметін бастарынан өткеріп, бірі бой жетіп, бірі ер жетеді. Қалмақтың ханы Күлместің елін іздеп тауып, оның қызына үйлену үшін адам баласы төзе алмайтын сынақтарынан өтіп, қызды көп жасауымен алып қайтады. Ақыр соңында анасы мен әкесіне қосылып, қырық күн тойын, отыз күн ойынын жасайды», деп соңы жақсылықтың жалауы желбірей аяқталады. Осы оқиғадағы әрбір жер, су атауларының Арыс аумағында күні бүгінге дейін сақталып келгені тегін болмаса керек-ті...
Арыстың балалары да сондай қиындықты бастан кешті. Жарылыс кезінде бала-шағасының тек амандығын тілеген ата-аналар оларды көшеде кездескен көлікке салып жібере берген. Ол көліктердің иелерінің аты-жөнін, нөмірін, тіпті түсінің қандай екеніне мән бермеген.
Осы жағдайдан соң іле-шала көптеген мемлекеттік мекеме, кәсіпорындар зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде бір күндік жалақы аудару мәселесін қолға алды. Меценаттар, жанашыр азаматтар жүздеген миллион теңге қаржы аударуда. Бұл бастама әрі қарай жалғасын тауып жатыр. Өңірлердің бәрі Арысты өз қалпына келтіруге өре түрегелді. Алматылық Алдияр, Мұхаммед, Мәлика есімді балдырғандардың жинап жүрген қаражатын Арыс балаларына көмекке беруі ел-жұрттың ет-жүрегін елжіретті. Білім және ғылым министрлігі арыстық 4000-ға жуық бала сауықтыру лагеріне жіберілетінін мәлімдеді. Айналайын, Арысым-ай деп жанұшыра көмекке ұмтылған бір қазақ! Тәубе емей, немене?
Қазақта кейіпкерлерінің моласы сақталған екi-ақ жыр-дастан бар десек, соның бірі – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» да, ал екiншiсi «Мұңлық-Зарлық» емес пе еді?! Арыс оқиғасы мен «Мұңлық-Зарлықтың» арасында қандай байланыс бар деуі мүмкін білмейтін кісі. Себебі Мұңлықтың қабірі – Арыс қаласы, Байырқұм ауылына қарасты Аққала елді мекенінен бір шақырымдай оңтүстік-шығысындағы ескі қорымға, ал Зарлық осы ауданның Жиделі ауылынан 4,5-5 шақырым жердегі көне молаға жерленгенін кейінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін. Мақсат – солар біле жүрсін деген ой. Мұңлық пен Зарлық жайында ел аузында сақталған деректер өте көп. Өте ерте заманда егіздерге арнап қам қыштан тұрғызылған мұнараның бүгінде құландысы ғана қалған көрінеді. Халық мұны әлі күнге «Мұңлық-Зарлық» дастанымен байланыстырады. Тіпті қасиетін ардақтап, басына түнеушілер, табынушылар жеткілікті. Ал Арыс қаласында «Мұңлық-Зарлыққа» арнап салынған символикалық ескерткіш бар.
Тарихи дерекке сүйенсек, Қаншайым ана мен Зарлықтың қабірін алғаш Асылхан Достайұлы деген кісі тапқан екен. Қабір басындағы қара мәрмәрға «Мұңлық-Зарлық анасы Ханшайым, әкесі Шаншархан патша. Дүниеден өткеніне 440 жыл. 1996 жылы қойылды» деп жазылған естелік сөз аңыздың ақиқатпен астаса өрілетінін айғақтай түседі. Қиссашыл ақын Жүсіпбек Шайхысламұлының «Мұңлық-Зарлық» жырын қағазға түсіруі әдебиет үшін үлкен олжа десек, мұнан кейін Дулат Исабеков ағамыздың пьеса жазып, сахнаға шығаруы, қаламгердің сценарийі бойынша «Сақ» киностудиясының мультфильм түсіруі, мүсінші Тілеуберді Бинашевтің «Мұңлық-Зарлық» ескерткіші – сәбидің көз жанарына тұнып, өзегін удай ашытқан өкініш жасының үзіліп түскен бір түйір тамшысындай ғана үлес. Ал ол Арыстың жаңа өмірімен біте қайнасып, түрленіп, әсем түрге еніп, жасай беретін ұлағаты ұшан-теңіз ұлттық мұрамыз ғой.