Азия біріншілігінің қарсаңында елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде Республикалық күрес федерациясы басшылығының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға UWW (Біріккен күрес әлемі) вице-президенті Ахролджан Рузиев, UWW Азия федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов, UWW техникалық директоры Питер Бака, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев және біріншілікті ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақстанның күрес түрлері бойынша вице-президенті Ерлан Қожасбай қатысты.
Ең бірінші болып сөз алған UWW (Біріккен күрес әлемі) вице-президенті Ахролджан Рузиев кадеттер арасындағы Азия біріншілігінің жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанын айтты. «Осыдан екі жыл бұрын Азия чемпионаты мен әлем чемпионатын өткізуді Қазақстан астанасына бергенімізде «ұйымдастыру жағы қалай болар екен» деген іштей күдік болғанын жасырмаймын. Бірақ Нұр-Сұлтанға келгенде біріншіліктің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп, таңғалдым. Кадеттер арасындағы жарыс осы жылдың қыркүйек айында өтетін әлем чемпионатына дайындық ретінде ұйымдастырылып жатыр. Әлем чемпионаты бұдан да жоғары дәрежеде өтетініне көзім толық жетіп отыр», деді ол.
Қазақтың даңқты балуаны, Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы Дәулет Тұрлыханов кадеттер арасындағы Азия чемпионатына қатысып жатқан балуандарға сәттілік тілеп, мұндай байрақты бәсекенің елімізде өтіп жатқаны біздің ел үшін үлкен абырой екенін жеткізді. «Олимпиада бағдарламасына енген күрес түрлерінен кадеттер арасындағы Азия чемпионатының елімізде өтіп жатқанына қуаныштымын. Қазақстан күрес федерациясы әлемде жүйелі түрде дамып келе жатқан федерациялардың бірі. Мұны Біріккен күрес әлемі де мойындайды. Биыл қыркүйек айында елордада әлем чемпионаты өтеді. Бұл біріншіліктің ерекшелігі – келесі жылы Токиода өтетін Олимпия ойындарына жолдама береді. Сонымен қатар бұл чемпионат Қазақстан үшін де ерекше болмақ. Өйткені біздің грек-рим балуандарының алтын жүлде алмағанына да 20 жыл болыпты. Биыл балуандарымыз осы олқылықтың орнын толтырып, алтын медальмен жанкүйерлерді қуантады деп сенемін», деді Дәулет Тұрлыханов.
Елімізде алғаш рет өтетін әлем чемпионатына дайындық туралы ұйымдастыру комитетінің жетекшісі, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай айтып берді. «Қыркүйектегі чемпионатқа 3500 аккредитациядан өткен қатысушы келеді деп күтіп отырмыз. Олардың арасында балуандар, бапкерлер, дәрігерлер, журналистер, халықаралық Олимпиада комитетінің өкілдері, спорт функционерлері бар. Одан бөлек, чемпионатты тамашалау үшін көрермен көп жиналады деп үміттенеміз. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін күрес жанкүйерлері біздің республиканың бас қаласына жиналатын болады. Біз Қытайда өткен соңғы Азия чемпионатының бродкастинг бойынша сандық көрсеткішін сұратып алдық. Ондағы мәліметке сәйкес, ТВ және желідегі видеолар бойынша құрлық біріншілігі 430 млн рет қаралған», дейді федерацияның вице-президенті.
Жалпы, елордада өтіп жатқан кадеттер арасындағы Азия чемпионатында балуандар 10 салмақ дәрежесінде белдесуде. Жарыстың алғашқы күнінде грек-рим күресінің балуандары 45, 48, 51, 55, 60, 92 және 110 кило салмақта белдесіп, өзара кім мықтыны анықтады. Ал бүгін грек-рим күресінен 65, 71, 80 кило салмақта балуандар бозкілемге шықса, қыздар күресінен 40, 46, 53, 61, 69 килодағы бұрымдылар сынға түседі.
Былтыр Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен кадеттер арасындағы додада қазақстандық балуандар күрес түрлерінен 16 медаль жеңіп алған болатын. Грек-рим күресінен екі алтын, бір күміс, жеті қола медаль, еркін күрестен жеті күміс және бір қола, ал қыздар күресінен үш қола иеленген-ді.