• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Шілде, 2019

Бас қаланың Бас жоспары

1240 рет
көрсетілді

Әлем елдері туралы сөз болғанда олардың астанасына тоқталмау мүмкін емес. Франция Парижімен көрікті. Ағылшындар Лондонды мақтанышпен айтады. Италияның даңқын Рим асқақтатып тұр. Мысырлықтар Каирды мақтаныш тұтады. Сол секілді «тоғызыншы территория» − Қазақстан туралы сөз болғанда, елордамыз – Нұр-Сұлтанға тоқталмау мүмкін емес.

Бүгінде астанамыз ұлтымыздың  ұясына, азаттық аңсаған елдің символына айналып үлгерді. Кезінде Әли­хан­дар Алаш­тың орталығы етуді көз­деген Қара­өткел­дің тұ­сы­нан аспан­мен таласқан зәу­лім ғима­рат­тары бар көз тартар шаһар бой кө­тер­ді.

Талайды тамсандырған таң­ға­жайып шаһардың бір күнде пайда болмағаны бел­гілі. Кеңес дәуірінде «Мәскеу бір күн­де тұрғызылған жоқ» деп айтушы еді ғой. Сол секілді Сарыарқаның төрінде орын теп­кен елордамыз жыл санап өзгеріп келе­ді. Шаһардың осылайша көркеюі, ең әуелі, қаланың бекітілген Бас жоспарына бай­ла­нысты.

Осы орайда елорда салудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өткен жөн. Жаңа астананың іргетасы қаланған күннен бастап, қаланың болашақ жоспарын мұқият ойластырып, архитектуралық доктринасына дейін қалыптастырды.

Қаланың Бас жоспарын жасау үшін халықаралық байқау жүргізілгені есі­міз­де. Елбасының сәулетті шаһар салу идея­сына әлемнің мықты архитекторлары да қызығушылық танытып, көптеген ұсы­ныс келіп түскен-ді. Жаңа астананың бас­ты авторы – Н.Назар­баев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында осы оқиғаны былай деп еске алады:

«Конкурсқа айтулы сәулет компанияларынан және бұл тұрғыда әлемге жайылған атақтары бар: Жапония, АҚШ, Аустралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден 50-ден астам жоба түсті. Барлық жоба Конгресс-холл­ға қойылды, сөйтіп олармен әркім­нің танысуына толық мүмкіндік туды. Ұсы­ныстар топтамасының ішінен халық­аралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жоба іріктелді. Сөйтіп конкурс қорытындысы бойынша, Қазақ­станның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде заманымыздың аса көрнекті сәулетшілерінің бірі, жапон концептуалисі Кисе Курокаваның жобасы қабылданды».

Таңдаудың «Күншығыс елінің» сұңғыла сәулетшісіне неліктен түс­кенін Елбасы Н.Назарбаев былайша түсіндіреді:

«Өз атымнан қосар болсам, қаланың тарамдалған-сақиналы композициясы мен оның өрісті нысанын ұсынатын Курокаваның Бас жоспары біздің көшпелі ата-бабамыздан жеткен ұлттық серпінді сезімді ескеретіндіктен және қаланың орталық бөлігінің ландшафт ерекшелігі номадтардың ежелгі көшпелі тұрақтарының пішінін еске салатындықтан, көп жағдайда жаныма жақын сезіледі».

Куро­каваның концептуалдық идея­сы – шаһарды ғаламдық үдеріс тұрғысынан қарастыра отырып, оның табиғатпен байланысын жоғалтпай, жасыл желекті мекенге айналдыру. Курокава мыр­заның өз сөзімен айтсақ, «ХХ ғасыр меха­никалық принциптер үстемдік алған дәуір болса, ХХІ ғасыр өмір прин­циптеріне көшетін дәуір болады. Ендеше, Қазақстан­ның жаңа астанасы «симбиоз» атты шешу­ші ұғымды арқау етуі тиіс». Осыны басты қағидат етіп жасалған Бас жоспардың нәтижесінде, елордамыз аз уақыт ішінде урбандалу мен табиғи орта әсем үйлескен қала ретінде бой көтерді.

Доктор Курокаваға өзі ұсынған қала құрылысы тұжырымдамасы негі­зін­­де Астананы дамытудың 2030 жыл­ға дейінгі Бас жоспарының жобасын әзірл­еу ұсынылды. Бұл тапсырыс Жа­понияның Халықаралық ынты­мақ­тастық жөніндегі агенттігі (ЖХЫА) мен Астананы дамыту корпорациясы арасындағы келісім аясында жапон үкіметінің грантына орындалды. Кисе Курокаваның басшылығындағы жобалық топ ұсынған эскиз-идеяны ел Үкіметі 2001 жылдың 15 тамызында бекітті.

Қала құрылысының осындай доктринасы алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында іске асырыла бастағанын талай мәрте тамсана жаздық. Бүгінде өңірдің экологиялық жүйесіне ба­сымдық беріле отырып жасалған жоба нәтижесінде елорда маңында жасанды орман алқабы қалыптасты.

Жыл сайын қала сыртындағы 5 мың гектар жерге ағаш отырғызылады. Қазіргі таңда аталған орманның көлемі 50 мың гектардан асты. Елбасының тапсырмасымен құрылған «Жасыл аймақ» мемлекеттік кәсіпорны бас қаланың аумағын көгалдандыруға тікелей жауапты. Келешекте елорданы қоршаған қалың ағаш Бурабайдың табиғи орманымен қосылады. Бұдан бөлек, шаһарды жасыл желекке айналдыру жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Жыл сайын қала ішінде де ағаштар отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жолға қойылған.

Айтпақшы, Курокава жасаған Бас жоспарға кейінірек өзгерістер енгізілді. Өйткені жапон сәулетшісі қаланы жобалаған кезде тұрғындардың саны тез өсетінін болжамаған сыңайлы. Бұған таңғалудың реті жоқ. Өйткені кез келген жоба бұрынғы тәжірибелерге сүйеніп жасалады. Ал осыған дейін ешбір елде аз ғана уақыт ішінде әлемге танымал астана салынған емес. Оның үстіне, Қазақстанның өзіндік жолы бар екенін, шартарапқа жайылған қағи­даттар «тоғызыншы территорияға» келгенде мүдіретінін қайдан білсін?!

Осылайша алғашқыда 2030 жылға дейін тұрғыны 1 миллионға жетеді деген шаһар бұл межені 12 жыл бұрын орындап тастады. Бұл – ел халқының 5 пайызы. Салыстырып көріңіз, 1997 жылы елорда жаңа ауысып келгенде қаланы небәрі 300 мыңға жетер-жетпес адам мекен еткен-тұғын.

Өзгертілген Бас жоспарға сәйкес, шаһардың өзін ғана емес, Нұр-Сұлтан агломерациясын толықтай дамыту көзделген. Осы аумаққа Ақкөл қаласы мен Ақкөл, Аршалы, Целиноград және Шор­танды аудандарының бірқатар елді мекені кіреді. Қазіргі таңда агло­мерацияның аумағы 2,18 мың шаршы шақырымды құрап отыр. Халық саны 1,2 миллионнан асты.

Астана қаласы­ның 2019-2023 жылдарға арналған жи­нақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары бойынша, халық саны жыл сайын орташа есеппен 2,5 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Осыған сәйкес, 2030 жылы елорда тұрғындарының саны 2 миллионға жетпек.

Осы жобаларды іске асыру 3 бағыт­та жүзеге асырылмақ. Бірінші міндет − астана агломерациясын аумақтық және институттық дамыту. Осы міндет шеңберінде қала құрылысын жоспарлау құжаты – Нұр-Сұлтан агломерациясын аумақтық дамытудың өңірара­лық схемасы әзірленіп, бекітілді. Екін­шісі − республикалық және өңірлік нарықта Нұр-Сұлтан агломерациясын экономикалық орнықтыру. Бұл бағытта жоспарланған іс-шаралар бүгінде өз жемісін беріп отыр. Соңғы 20 жыл ішінде қаланың ішкі жалпы өнімі 190 есе көбейіп, 5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп саласы 30 есеге өсіп, орта және шағын бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 4,3 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік бюджетке түсетін түсім 80 есеге артып, 1998 жылғы 13 млрд теңгеден 2017 жылы 1 трлн тең­геге жетті. Мұның өзі елорданың эко­номикалық тұрғыдан өте тиімді жоба екенін аңғартқандай.

Үшінші міндет бойынша қаладағы инфрақұрылымдық жобаларды үйлес­тіру жұмыстары атқарылып жатыр. Соған сәйкес, жаңа әуежай мен темір жол вокзалының құрылысы аяқ­тал­ды. Қазіргі таңда LRT (жеңіл рельсті) жобасы салынып жатыр. Осы іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 51,5 млрд теңге, жергілікті бюджет қаражатынан 771,3 млн теңге бөлінді.

Елорданың маңындағы ауылдық жерлерді де дамыту жоспарға енген. Нұр-Сұлтан қаласының елді ме­кендерін әлеуметтік-экономикалық дамытуға сәйкес, құны 105 млрд теңге болатын 194 іс-шара жүзеге асырылады. Оның ішінде сумен қамту, жол жөндеу, электр желісін тарту секілді халыққа қажетті қызметтер бар. Бұдан бөлек, білім ордасын салу немесе жөндеу, медициналық мекемелер, тұрғын үй салу секілді жос­парлар да бар.

Сонымен қатар алдағы 5 жылдың ішінде елорданың дамуына шамамен 6 трлн теңге жеке инвестиция са­лын­бақ. Бұл өз кезегінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның кеңеюіне, тұрғын үй құрылысының өсуіне жағдай жасайды. 2023 жылға дейін шамамен 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. 

Бұдан бөлек, 121 км жол, 2 жол айрығын, 3 көпір, 1 жол өтпесін, 1 тон­нель салу және 1 айналма жолды аяқтау жоспарланып отыр. Мұндай қадам елорда жолдарында көліктік коллапстың туындауына жол бермей, қаладағы негізгі магистральдардағы жүктемені 50 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.

Елордадағы өзекті мәселелердің бірі – кәріз жүйесі. Жауын жауса бас қала­мыз шағын Венецияға айна­лып шыға келетіні жасырын емес. Бұл мәселені реттеуді Елбасы талай рет тапсырған болатын. Енді 2019 жылдың соңына қарай нөсер­лі кәріздің қолда бар тазалау құры­лыс­тарын реконструкциялау және жаңаларын салу жоспарланған. Бұл жер үстіндегі сулардың кедергісіз кетуіне мүмкіндік береді.

Бүгінде астана Қазақстан тәуел­сіз­дігінің тұғырына айналды. Еліміз­дің елордасы Ақмолаға қоныс аудар­ғаннан бергі уақыт − мемлекетіміздің қауіп­сіздігін, геосаяси еркіндігін, тер­ри­­ториясының мызғымастай берік­тігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бет­бұрысты кезең.

Ағылшынның мәшһүр ақыны Абрахам Каули бір шығармасында «Құдай алғашқы бақты жаратса, алғаш қала салған Қабыл болатын» деп жазған екен. Егер А.Каули елорданы көрсе, сол жолдарын өзгертіп, «алғаш заманауи астана салған – қазақтар» деп айтар ма еді, кім білсін?..