• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Шілде, 2019

Қостанайда «Қазақстанның үздік тауарлары» облыстық байқау-көрмесі өтті

323 рет
көрсетілді

Оған облыс өңірінен 40 шақты кәсіпорындар қатысты. Олардың арасында өндіріс, құрылыс материалдарынан бастап, азық-түлік өндірушілерге дейін бар. Кәсіпкерлер қазір қызмет көрсету емес, өндірген өнімі нарықты билейтінін түсініп келе жатқандай.

Нарықтың сұранымы қашан да сапалы және бағасы төмен бұйымды талап етеді. Мысалы, бүкіл жерде астықты кептіру, тазалау жұмыстары техникасыз атқарылмайды. Дамылсыз пайдаланылатын техникалардың қосалқы бөлшектері тез тозады. Шет жерлерден алу диқан үшін қымбатқа түседі. Меңдіғара ауданындағы «Ардагер ОКСВА»жеке кәсіпкерлігі екі жыл бұрын қосалқы бөлшектерді өндіруге кірісті. Есентай Бәйімбетов басқаратын шағын кәсіпорын өндірген қосалқы бөлшектер облыстық «Қазақстанның үздік тауарлары» байқау- көрмесіне қатысты.

«Мен кәсібімді кеңейту үшін грант байқауына қатыстым. Өзімнің бизнесімді қорғадым. Егер 3 миллион теңгенің грантын ұтып алсам, осы қосалқы бөлшектердің көлемі мен сапасын көтере түсетін құрал-жабдықтар сатып аламын. Бізге қазірдің өзінде облыс өңірінен, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарынан сұраныстар түсіп жатыр, өйткені бұл қосалқы бөлшектерсіз астық тазалау техникалары жүрмейді» дейді Есентай Бәйімбетов.

Байқау-көрмеде сапалы ет өнімдері мен бал, қымыз, шұбатқа тұрған кезекті көрсеңіз. Өткен жылы ғана жұмысын бастаған Рудный цемент зауыты, «Арқалық Ет»  ет комбинаты биыл көрмеге бірінші рет қатысты. Көрме-байқауда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бизнес дамыту үшін мемлекет тарапынан барлық көмек берілетінін айтты.

«Бес жыл ішінде облыс өңіріндегі 36 кәсіпорын сапалы өнімдерімен байқау-көрменің республикалық финалынан көрінді. Олардың қатарында елмізге, сырт жерлерге белгілі болып отырған «Баян сұлу», «Мильх», «Қостанай ұн комбинаты», «АгромашХолдинг» секілді және тағы басқа кәсіпорындар бар. Мұндай байқау-көрмелер өте қажет, бизнес өкілдері бірі бірінен үйренеді, тәжірибе алмасады. Бизнес үшін ең бастысы өндірілген өнімнің өтуі, сұранысы. Нарықты зерттеу үшін де байқаулардың маңызы зор»  деді Архимед Бегежанұлы.

Облыстың жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі ұлғайып келеді, биыл жыл басынан бері ол 28 процентті құрады. Байқау-көрмеде үздік кәсіпорындар сапа белгісімен марапатталды. Олар алдағы қазан айында байқау-көрменің республикалық қорытынды кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.

Қостанай