• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Шілде, 2019

Оралдағы Қадыр орталығында күй бөлмесі ашылды

1048 рет
көрсетілді

Ұлттық домбыра күні Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Күй бөлмесі ашылды.

Шараға Орал қаласында тұратын белгілі домбырашы, қазақ күй өнерінің алтын қорына бірнеше шығарманы жеткізіп, жазып қалдырған Өтеген Жұмашев, ардагер күйші, домбырашы Ұлмекен Батырова, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, дәулескер күйші Ермек Қазиев, күйші-домбырашы, әрі домбыра жасаушы шебер Едіге Нәбиев секілді белгілі өнер тұлғалары қатысты. Мерекеге қатысушылар «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра!» деген қанатты сөздің авторы, ақын Қадыр Мырза Әлидің ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай бұл күні батысқазақстандық ардагер домбырашылар Ұлмекен Батырова, Төлеген Қайырғалиев, Жағыпар Өтехаев, Наурыз Батыров, домбырашы ұстаздар Асқар Құсайынов, Нұржан Сертеков, Гүлнәр Нығметова, Халел Сапаров, Гүлбар Шуақбаева, Мереке Тұяқов, Ербол Ғұбайдуллин, Нұрсұлу Бақтыгереева, Ермак Молдабеков, Асылхан Қазиев, Аңсар Бердіғалиев, Жеңіс Өтеуов, Серік Жақыбалиев, ардагер қобызшы Мереке Хайырова, Светлана Қариева, Қалия Мұзафарова, қобызшы, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының артисі Жәмилә Нұрымбетова, Жалпақтал саз мектебінің сыбызғышы ұстазы Халиолла Нағиев Қазақстан Күйшілер одағы төрағасының Рүстем Нұркеновтің қолы қойылған Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. «Күйшілер Одағы» БҚО филиалының төрағасы Асқар Кенжеғалиев Өтеген Жұмашев, Ұлмекен Батырова және Ермек Қазиев Қазақстан Күйшілер одағына «құрметті мүше» болып қабылданғанын жариялап, арнайы куәлік табыс етті. Ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды. Айта кетейік, дәл осындай құрмет осыдан бірнеше күн бұрын жеке концертін өткізген күйші-домбырашы Едіге Нәбиев ағамызға да көрсетілген болатын.

Бүгінгі күннің басты жаңалығы – Қадыр орталығынан дербес Күй бөлмесі ашылуы болды. Оның лентасын Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев пен күйші Ермек Қазиев қиды. Қали Жантілеуовтің туған жиені, домбырашы Төлеген Қайырғалиұлы «Күйшілер бөлмесінен» болашақта Құрманғазы, Сейтек, Дина, Дәулеткерей секілді дәулескер күйшілер шығуын Алладан тілеп, ақ батасын берсе, Ұлмекен анамыз шашу шашты.

- Қадыр орталығының жетекшісі Бауыржан Халиолланың қолдауымен берілген бөлмемізді барынша мазмұнды безендіруге тырыстық. «Айдар» шаруа қожалығының жетекшісі Айдар Ғафуұлы демеуші болып, домбыра мен қазақ күй өнерінің тарихына, жергілікті күйшілік мектептердің сабақтастығына арналған бірнеше көрнекілік тақта жасадық. Оралдық домбыра жасаушы шеберлердің аға буыны саналатын Бақыткерей Сүлейменов, Едіге Нәбиев, Сансызбай Ахметов, Асылан Серікбаевтардың өнерін насихаттауға да көңіл бөлдік. Дегенмен, бүгінгі ең басты жаңалық – Күй бөлмесінде орнатылған «электронды домбыра» болды. Батыс Қазақстан облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының «Роботтық техника» үйірмесінің жетекшісі Марс Мақсот жасаған бұл домбыраның ерекшелігі – шегінен шертіп қалсаңыз, күй төгіле жөнеледі. Шараға қатысқан халықтың бәрі осы электронды домбыраға қатты қызықты, өзге өңірлерден де тапсырыс түсіп жатыр, - дейді Асқар Кенжеғалиев.

Ақ Жайық өңірінде біраз жылдан бері домбыра, күй өнерін дамыту, тарихи тұлғаларды дәріптеу жолында қызмет етіп, белгілі өнерпаз Мұхит Айтқалиев хақында кітап шығарған Асқар Кенжеғалиев елімізде Ұлттық домбыра күні мерекесі пайда болғанына ерекше риза. «Қазақ күйшілері республикалық деңгейде қолдауға зәру» деген Асқар Мұхамбетқалиұлы ардагер күйшілерді қолдау, сәбилерге балабақшадан бастап домбыра әліппесін үйрету секілді нақты ұсыныстарын айтып отыр.

- Елімізде «Қазақстанның халық күйшісі» деген құрметті атақ тағайындалуы тиіс. Бұл атаққа ие болған өнерпаздарымызға еліміздің әр жерінде жылына кемінде төрт мәрте жеке концертін өткізуге жағдай жасалуы тиіс. Мен бұл ұсынысты республикалық күйшілер одағының төрағасы Рүстем Нұркеновке жеткіздім, - дейді филиал төрағасы.

Ұлттық домбыра күні ашылған Күй бөлмесінде домбыра үйрету мектебі жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда домбыра, күй тарихына, күйшілердің өмірі мен шығармашылығына арналған тәрбие сағаттары, танымдық кештер ұйымдастырылмақ.