6-7 шілде күндері Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары «Қазақстан» спорт кешенінің алаңында қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынды. Ал «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанындағы арнайы алаңда Павлодар мен Ақмола облыстары ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтті.
Жәрмеңкеге ағылып келген халықта қисап жоқ. Себебі сөреге түскен азық-түліктің бағасы нарықтағымен салыстырғанда 20%-ға төмен болды. Әрине бұл елорда тұрғындары мен қонақтарына тоңазытқыштарын толтырып алуға жақсы мүмкіндік.
Облыстардан келген азық-түліктердің жалпы көлемі 800 тоннадан асатынын жоғарыда айттық. Өнімдердің негізін ет, шұжық, ет консервілері, балық, сары май, өсімдік майы, сүт, қышқыл сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, печенье, кәмпит, күріш, макарон, нан-тоқаш өнімдері және тағы басқалары құрады.Ауыл шаруашылығы өнімдерінен басқа, жәрмеңке аумағында әр облыс өз өңірінің мәдениеті мен дәстүрлерін көрсететін көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен концерт қойды.
– Кешеден бері осы алаңда концерт қойылып жатыр. Біздің облыстың өнерпаздары өнер көрсетіп, бауырсақ-шоу, қымыз-шоу өткізді. Кәсіпкерлеріміз өнімдерінің жақсы өтіп жатқанын айтады. Тауар алуға келген халықтың да өнімнің сапасына, бағасына көңілі толғанын байқадық. Біраз отбасыға азық-түлік тегін таратылды, – дейді Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Сырым Бошпанов.