Ғабит Мүсіреповше айтқанда: «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр сахнасы» киесін мансұқтап, қала берді телевизия арқылы анайы сөз, арзан қылжақты дәріптеу алмағайып дәуірлерден аман өткен бүкіл құндылықтарымыздың кеудесінен ысырумен келеді. Өткір сатираның орнын басқан тұрпайы да ерсі сөздер, астарлап айтылатын юморды алмастырған отбасы, ошақ қасының қалжыңдары, белден төмен, «ышқырсыз» әзілдер көрерменнің талғамын тұралатып қана қоймай, кеше ғана асыл сөздің жаршысы болған телевизия атаулыдан жұртты әбден жеріндіріп бара жатқанын жоққа шығаруға болмас.
«Сенің әйелің – менің әйелім. Менің әйелім – сенің қарындасың», дейді 31 арнадан сарнап жатқан «Оңтүстік әзілдері». Бірде орыс телевизиясынан «Кімнің баласысың?» десе, «Атамның баласымын» деген жауапқа: «Оны әкең біле ме?» деген әзілін естігенде, ежелгі көршілерімізде бір замандарда болған «снохачество» дейтін, атасы келініне бара беретін жексұрын бір әдеттер еске түсіп еді.
Бұл туралы тілі тікен түрік сықақшысы Әзиз Несин орыстың әзілдерін оқып, осылар дәм-татуы жоқ әзілдерге немесе қоғамның құлазыған, ойсыраған мәселелерін ойынға, күлкіге айналдыратыны несі екен деген тұрғыда таңғалатыны бар.
Қазір арзан сөзге келгенде біздің әзіл-қалжың театрлары да алдына жан салмайды. Көршілерге күлетін жағдай қалмады.
Мысалы, «Шаншарда» енесі:
– Папа дегенді керісінше оқышы?
Келіні: – Ап-ап...Енесі: – Мама дегенді керісінше оқышы?
Осыдан өткен оспадар сөз бола ма? Мұны қалжың деп айтуға келе ме?
Сол сияқты Әли Байжұматов деген сайқымазақ әртістің «Көңілашар» бағдарламасында қасиетті қара домбырамызды қыздарға теңеп, домбыра арқылы жұмбақтай сөйлеген болып, таза порнографияны насихаттағаны талай көрерменді телевизиядан түңілдіре түсіп, үлкен кісілердің ашу-ызасын тудырғаны кеше.«Қыздарды музыкалық аспаптарға теңеп көрейік. Домбыра. Үкілі домбыра. Оны баяғының сал-серілері тартқан, ал сол заманның домбыралары армандайтын, «мәәә мені тарта берсе екен» деп... Ал қазіргі заманның домбыралары да, оларды тартатын сал-серілері де сапасыз болып кеткен. Баяғының сал-серілері төрт-бес күй, таңға дейін жеті-сегіз күй тартатын...
Қазіргілер бір күй тартады да, шаршап қалады... Қазіргі заманда кейбір ағаларымыз бар, домбыра тартуға шамасы жетпей, бойынан қуаты кетіп, біреудің тартып отырған домбырасының үнін естіп, соған ләззаттанып, содан рахат алып, содан шабыттанып, домбыра тартқысы келіп, домбыра іздеп кететін ағаларымыз бар... Домбыра тартқанда құлағын бұрап, күйін келтіріп алған соң, шертіп те тартасың, ұрып та тартасың, айналдыра беріп, артынан ұрып та тартасың!» дегенін әлі өлмеген «Ара» журналы да ащы сынға алды.
«Еһ, ұлттық болмыстан нәр алған, нағашы мен жиеннің қалжыңдарынан құралған «Тамаша» тарих болып қалды. Шынайы әзіл Құдайберген, Тоқсын, Мейірман, Уәйістермен бірге келмеске кетті», десті үлкен буын.
Көрерменнің бұрынғы легі бұл сорақылық сонау 80-жылдары басталғанын алға тартады. Лидиялардын сахнада ақжаймаға оранып, «жоғары-төмен» деп массаж жасатып, «Бауыржан-шоудың» «Құдағи, бір партиясы» мен атты əйелге теңеп қойып, «мініп алып олай да шабасың, былай да шабасың, күндіз шап, түнде шап» деп жиналған жұртты жерге кіргізетіні еске түседі осындайда. Бұл күлдіремін деп, сахнаны бүлдірді. Сахнадағы сайқымазақ телевизия арқылы күллі бұқараға көрсетілді.
Әрине, бұл кезде қынжылған жұрттың көңілі аяққа тапталып, үлкен сахнадағы тұрпайылыққа қоғам тарапынан салмақты тоқтам болмағанын да білеміз. Ара-тұра естіліп қалатын көрерменнің ашу-ызасы, зиялы қауымның, әріптестеріміздің газет-журнал арқылы жасаған наразылығы жерде қалды.
Ал енді керісінше, бұл жайт залда жапырылып күліп жатқан көрерменнің жартысы – жастарға осы анайылықты жалғастыруға жол ашып бергенін несіне жоққа шығарамыз?