• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Шілде, 2019

«Қарыздың бәрі кешіріледі» деу қате - Мақсат ХАЛЫҚОВ

806 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың бірқатар санаты­ның банктер алдындағы борыштық жүктемелерін азайту жөнінде шешім қабылдады. Ел ішінде «қалай, қайтіп кеші­реді» деп банктердің есігін күзеткен ағайындардың қарасы көбейіп бара­ды. Көкейіміздегі осы және басқа да сұрақтарымызды белгілі экономист, «Pro gente» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Мақсат ХАЛЫҚҚА қойып көрген едік.

– Көпшілік көп балалы немесе асыраушысынан айырылған отбасы­лардың несиесі кешіріледі деп жүр. Кеше Қаржы министрі Әлихан Смай­лов бұл жолғы қарызды жабу үшін Ұлттық қордан қаржы бөлі­не­тінін, 300 млрд теңгенің қандай мақ­сатқа жұмсалатынын айтты. 

– 88,5 млрд теңге көп балалы неме­се асыраушысынан айырылып, қиын жағдайда қалған отбасылардың тұ­тыну­шылық мақсаттағы қай­тарыл­маған қарыздарын жабуға жұм­сала­ды. Қоғам бұл шараның тек бір рет жүр­гізіліп жатқанын және жалғас­пай­тынын ұмытпаса деймін. 

«Қарыздың бәрі кешіріледі» деген қате түсінік. Біз нарықтық экономика қоғамында өмір сүргендіктен, адам қарызын қайтаруды, несиесін өтеу жауапкершілігін өз мой­нына алуы тиіс. Президенттің Жар­лы­ғында барлық адамдардың емес, не­сиелік міндеттемесін орындай алмай отырған әлеуметтің осал тобына жататын азаматтардың кепілсіз т­ұтыну несиесін өтеу туралы айтылды. Көп балалы отбасылардың, мүгедек балалары бар отбасылардың, асыраушы­сы­нан айырылған отбасылардың, атау­лы әлеу­меттік көмек алатын отба­сы­лар­дың және жетім балалардың жөні бөлек. 

– «Дүниежүзілік сауда ұйымына кірдік, енді бізге шетелдік көп банктер келеді, несие пайыздары төмендейді» дейтін миф сейілді. Банктердің пайызының төмендеуіне шетелдік банктердің елге көптеп келуі емес, экономикалық фактор әсер ететіні білініп қалды...

– Қазіргі таңда Ұлттық банк инфл­я­циялық таргеттеу деген саясат жүргізіп отыр. Оның мақсаты – 2020 жылға дейін инфляция деңгейін 4 пайызға дейін түсіру. Егер бұл мақсат орындалатын болса, онда базалық пайыздық мөл­шер­леменің деңгейі де құлайды. Қазіргі 11 пайыз, кейін 5 немесе 4 па­йызға дейін түсіп қалуы мүмкін. Ол кез­де несие арзандап, азаматтар үшін тиім­ді және қолайлы бола бастайды. Енді ақырын-ақырын осы кезеңге қарай жақындап келе жатырмыз. 

– Енді не істемек керек, неден бастау керек?

– Меніңше, халықтың қаржы сауатылығы емес, меншік құқығына деген жауапкершілігін арттыру да маңызды. Күні кеше ғана Арыста 50 мың тұрғын бір сағатта үй-жайына жай түскендей болып, мемлекеттің қолына қарап қалды. 

– Мұндайда халық Үкіметке емес, сақтандыру компанияларының көмегіне жүгінуі тиіс еді... 

– Қазақ ұлтының қанымен біткен бауыр­­малдық біздің Үкіметтің әлеу­мет­­тік бағдарламаларының кемшін тұс­тарын білдірмей жатыр. Өзін еркін сезінетін, өз меншігін еркін қол­дан­атын қоғамға ұмтылу керек. Бұл ха­лық­тың қаржылық сауатын да, өзінің актив­тері үшін жауапкершілігін де арттырады. 

– Өкінішке қарай, қаржы ұйым­дары­­ның немесе екінші деңгейлі банк­­­тердің жүмысына Ұлттық банк ті­ке­лей араласа алмайды. Ал микро­кре­­диттік ұйымдар кәсіпкер ретінде тір­­келіп, басқа қызмет түрімен айна­лы­са беретінін көзіміз көріп жүр. Ел ішін­де жыл­дам несие деп аталатын қа­рыз бе­ретін нысандар көбейіп барады. 

– Олар тіркелген кезде ашықтан-ашық несие таратумен айналысуға мүмкіндік беретін барлық тетіктерді заңдастырып алған. Ел ішінде «мұның бәрін Ұлттық банк біліп отырса да шара қолданбайды» деген пікір ба­рын білемін. Ұлттық банк қол қусы­рып отырған жоқ. Былтыр қаржы реттеу­шісі микрокредиттік ұйымдарға қатыс­ты заң жобасын қабылдап, микрокре­диттік ұйымдардың жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесін 100 пайыздан асырмау мәселесін заңдастырды. 

– Тұтыну несиесіндегі «тәуекел тобы» туралы таратып айтыңызшы

– Халықтың несиеқұмарлығы оның әлеуметтік жағдайына кері әсер етеді. Ұлттық банк «халықтың несие­құмар­лығына қатысты мәселені несие нарығының дамуына кедергі келтірмей шешу керек» деген шешімге келген сияқты. Жақында Ұлттық банк өкілдері ешкімнің несие алуына шектеу қоймаса да несие алып, оны қайтармай жүретіндерді тезге сала алатынын айтты. Ол үшін несие нарығының дамуына кедергі келтірмей шешу үшін алған қары­зын қайтармайтындардың тізімін жасап, оларға қарыз бермеу шарасын қолдануды ұсыныпты. Тұты­ну несиесін рәсімдейтін 18-23 жас аралы­ғындағы адамдар «тәуекел тобына» жатады. Себебі бұл жастағы адам­дар­дың тұрақты табысы болмайды. 

–Халықтың табатын табысы мен алатын қарызы арасында үлкен алшақтық бар. Бұл банк секторы үшін жағымсыз жайт. Уақыт өте келе қаржы институттары немесе тұтас банк секторы дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Сіз не дейсіз?

– Жекелеген банктер қаржылық қиын­­дыққа тап болса, оның салқыны тұ­тас жүйеге тиеді. Мұны жақында «Қазақ­­стан Халық банкі» АҚ басқарма төр­­аға­сы Үміт Шаяхметова жасырмай айтты. 

– Ұлттық банк былтырдан бері мәселені шешу амалдарын қол­данып жатыр. «Несие портфелінің ұлғаюына шектеу қойылды. Бірақ мәселе түбегейлі шешілді ме? 

– Бұдан былай тұтынушы несиесін рәсімдейтін екінші деңгейлі банктердің капиталы ерекше назарға алынады. Банктің қалауы мен мүмкіндігі қаржылық жағдайына сай болған жағдайда ғана адамдарға қарыз беру құқығын ұсыну қажет деген пікір басым. Мұны ішкі нарықтың сұранысы шешуі мүмкін. 

– Ауылда тұратын кәсіпкерлердің несиенің пайызы мен өтелу мерзімі туралы ұсыныстары Үкіметке жетпей жатыр ғой... 

– Иә, несиенің ауыл кәсіпкер­леріне бағытталған тармақтары­н­да басын ашып алатын тұстар бар­шы­лық. Ауылдағы ағайын несие ұзақмерзімге берілгенін, маусым­дық ерекшеліктерге байланысты не­сиені төлеу кезінде үзіліс болға­нын қалайды. Әзірше бұл мәселе шешілген жоқ.  Әңгімелескен Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,  «Еgemen Qazaqstan»