• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 09 Шілде, 2019

Боксшылардың Елорда күніне тартуы

292 рет
көрсетілді

Өткен жұма-сенбі күндері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында Елорда күніне орай үлкен кәсіпқой бокс кеші өтті. Қазақ оғландары әлемнің түкпір-түкпірінен келген боксшылармен жұдырықтасып, барлығы да жеңіс туын желбіретті.

5 шілде күні Алатау баурайындағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында өткен бокс кешінің басты жекпе-жегі қазақстандық былғары қолғап шебері Қанат Ислам (26-0, 20 КО) мен Доминикан Республикасының боксшысы Хулио де Хесус (27-2, 24 КО) арасында өткен болатын. 

Аталған жекпе-жек басталмас бұрын, «Балуан Шолақ» спорт ке­шенінің ішіне лық толған жанкүйер кəсіпқой бокста бақ сынап жүрген бір топ қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің өнерін тамашалады. Атап айтқанда, Сапарбай Айдаров (3-0, 2 КО) кештің шымылдық ашар жекпе-жегінде украиналық қарсыласы Владислав Танцюраны (2-3, 1 КО), Өзбекстан боксшысы Бексұлтан Раушанов (5-1, 3 КО) әзербайжандық Асқар Рагимовты (3-3, 1 КО), Берікбай Нұрымбетов (4-0, 0 КО) армениялық Карен Аветисянды (9-25-4, 4 КО) ұпай санымен жеңді. Сондай-ақ Арман Рысбек (6-0, 5 КО) украиналық Денис Чечетаны (9-14-2, 8 КО), дебют жекпе-жегін өткізген Асқар Еру­бек (1-0, 1 КО) Беларусь боксшысы Андрей Ста­лярчукты (11-34-6, 2 КО) бірінші раундтың өзінде ес­тен тандырып, нокаутпен жеңіске жетті. Тағы бір дебют жекпе-жегін өткізген ауыр салмақтағы отандасымыз Нұрсұлтан Аманжолов (1-0, 0 КО) украиналық Павел Кроленкодан (1-3, 1 КО) ұпай санымен басым түсті. Қазақ спорт журналистикасының ардагері Дүрәлі Дүйсебай боксшы Аманжоловтың жекпе-жегін көріп, әлеуметтік желіде қазақтың ғаламат былғары қолғап ше­бері Әб­ді­салан Нұрмахановтың ізба­сары екенін жазды. «Осы жігітке қарап отырып, Әбдісалан Нұрмаханов есіме түсіп кетті. Сыртқы тұрқы да, кес­кін-келбеті де сол. Алда-жалда ағамыз туралы кино түсіре қалсақ, есте болсын дегенім ғой. Яғни, актерді сырттан іздеудің қажеті жоқ», дейді Дүрәлі аға.

Андеркардтың файт-кардында титулды жекпе-жекке шыққан Абы­лай­хан Құсайынов (10-0, 7 КО) арме­ниялық Гарник Арутюнянды (3-2, 2 КО) үшінші раунда техникалық нокаутпен жеңіп (анығында Арутюнян айқасты жалғастырудан бас тартты), карьерасындағы тұңғыш белдігін иеленді. Сонымен қатар осы жекпе-жек үшін арнайы АҚШ-тан келген бірінші орта салмақтағы жерлесіміз Мадияр Əшкеев (13-0, 6 КО) украиналық бокс­шы Игорь Фаниянмен (16-21-3, 8 КО) жұдырықтасып, NBA белбеуін жеңіп алды. Тартысқа толы болған жекпе-жекте отандасымыздың қабағы жарылып, қан тоқтамаған соң айқастың суперфайзері жарыс ережесіне сәйкес кездесуді жетінші раундта тоқтатып, жеңісті ұпай санымен алда тұрған Әшкеевке берді. Ал ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев (6-0, 6 КО) болса, әйгілі боксшы Майк Тайсонды жеңген британиялық Дэнни Уильямсті (53-27, 40 КО) жекпе-жектің төртінші раундында техникалық нокаутқа түсірді.

Ал бокс кешінің басты жекпе-жегі жоғарыда айтқанымыздай, Қанат Ислам мен доминикандық боксшы Хулио де Хесус арасында өрбіді. Ол оған дейін өткізген 28 жекпе-жегінің тек біреуінде ғана жеңілген, әлемдік рейтингте 320-орында тұрған боксшы. Барлық кездесулерін өз елінде өткізіп, бірінші рет шетелде жұдырықтасқан боксшыны мамандар кездесуге дейін Қанат Исламға лайықты қарсылас емес деп бағасын беріп тас­таған еді. Он раундтық форматта өткен жекпе-жекте жүлде ретінде орта салмақтағы WBO Inter-Continental тұжырымының белдігі тігілді. Бұл айқаста Қанат қарсыласын бар-жоғы 14 секундта бір соққымен сұлатып салды. 

Қазір әлеуметтік желі қол­да­ну­шылары Қанаттың бұл жеңісін кә­сіп­қой бокстағы ең жылдам жеңіс па, жоқ па деп талқылап жатыр. Бір біле­рі­міз, Қанат өзінің карьерасындағы ең жыл­дам жеңіс рекордын жаңартты. Отан­дасымыз 2012 жылы эквадорлық қар­сыласы Умберто Толедоны бірінші раунд­­тың 33 секундында сұлатып сал­­ған-ды.

Дегенмен Қанат Исламның бұл же­ңісіне, қарсы­ласына көңілі тол­ма­ған жанкүйерлер де табылып жатты. Соның бірі – спорт журналист Не­сіп Жүнісбай ағамыз. Несіп Жүніс­бай Қанаттың «қапшық» қар­сыластармен емес, өзінің деңгейіндегі қарсыластармен жұдырықтасатын уа­қыты келгенін айтады. «Мен Қанатты Бейжің Олимпиадасынан бері танимын. Оның бокстағы жолын үнемі қадағалап отырамын. Сол Бейжің Олимпиадасында көрген Қанат мен күткен шыңына әлі шыққан жоқ. Өйткені оны өз салмағындағы мықтыларға салмай келеді. Сонау жер түбінен Алматыға келіп тұрып, бірінші раундтың 14-секундында мұрттай ұшатын бокс­шы кімге абырой? Сол үшін де Қанатты аспанға көтеру керек пе? Бұл – өзегімізді жарып шыққан өз баламызға жасаған көз байлау, өтірік мақтау және оны шындықтан адастыру. Әрине, бұған Қанат кінәлі емес. Оған қарсылас тауып, беттестіріп отыратын командасы кінәлі. Реніш – соларға. Ал бүгінде отыздың ортасына келген Қанат айналайын мықтылармен қашан шайқасады? Шайқасып үлгере ме? Әлде оның командасы секілді бізге де жеңілмеген деген желпілдек атақ жете ме? Сонда кімнен жеңілмеген? Кешегі өзін көрмек түгілі атын да естімеген Доминикан Рес­пуб­ликасынан келген боксшы секілді боскеуделерден бе? Менің ойымша, одан да Альварес секілділермен шайқасып, жеңіліп қалған әлдеқайда абыройлы болар еді. Әрине, Қанатқа Альваресті ертең ешкім бермейді. Сондықтан да қарсыластың ең ауырын, ең шеберін таңдап, кескілесу керек бұл өнерде. Сонда ғана күштіден күштіге өрлейсің», дейді Н.Жүнісбай. 

Сонымен 34 жастағы Қанат Ислам өзінің 26-шы жекпе-жегінде жеңіске жетіп, орта салмақтағы WBO Inter-Continental белдігін иемденді. Несіп ағамыз айтып кеткендей, қазақ жанкүйерлері енді Қанат Исламның өзіне лайықты қарсылас болатын, əлемдік кəсіпқой бокста аты шыққан əлді боксшылармен жұдырық түйістіргенін қалайды.

Алматыдағы боксшылардың жеңіс шеруін 6 шілде күні елордада өткен бокс кешінде жұды­рық­тасқан отан­дас­­тарымыз да жалғастырды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда өткен кәсі­би бокс ке­шінің Алматыдағы айқас­қа қара­ғанда жүгі ауыр еді. Өйткені жек­пе-жекті шетелдік промоутерлер ұйым­дастырып қана қоймай, бокс­шылардың айқасын АҚШ-тың ESPN+ телеарнасы бірнеше елге тікелей эфирде таратты. Сонымен қатар қазақ батырларының жекпе-жегін тамашалап, өз көзімен көру үшін АҚШ-тан әйгілі промоутер Боб Арумның өзі ар­найы келді. Арумның көзіне түсіп, мұ­хит асқысы келетін отандастарымыз бұл кездесуде барын салды. «Барыс Аре­наға» келген жанкүйерлерге тама­ша бокс үлгісін көрсету үшін де былғары қолғап шеберлеріміз аянып қалмады.

Бокс кешін ашып берген Абай Төлеш (3-0, 2 КО) ауғанстандық Ал­лах Дэд Рахимимен (2-1, 0 КО) жұды­рық­тасып, карьерасында бірінші рет қар­сыласынан төрешілер шешімі бойынша басым түсті. Әбілқайыр Шеға­лиев (6-0, 4 КО) әзербайжандық Эльвин Ахундзаданы (4-2, 2 КО) бірін­ші раундта екі рет, екінші раундта бір рет нокдаунға жібергенімен, Ахундзада отандасымызға лайықты қарсылық көрсетіп, 8 раунд бойы жұ­дырықтасты. Шеғалиев ұпай санымен жеңіске жетті. Сұлтан Зауырбек (8-0, 6 КО) грузиялық Георгий Гачечиладзені (11-34-1, 5 КО) жетінші раундта техникалық нокаутпен ұтты. Отандасымыз бірінші раундта қар­сыласын бір рет нокаутқа жіберген бо­латын. Әли Балоев (9-0, 7 КО) бра­зилиялық Хамильтон Вентураны (15-7-1, 13 КО) ұпай санымен жеңсе, Нұртас Әжбенов (6-0, 2 КО) грузиялық Ачико Одикадзені (18-11-1, 7 КО) кездесудің бірінші раундында сұлатып салды.

Титулды жекпе-жекке шыққан Виктор Коточигов (10-0, 4 КО) мек­си­калық Хаиро Лопеспен кездесуде (24-11, 16 КО) төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетіп, WBC International бел­дігін иеленді. Сондай-ақ Жанқош Тұ­раров (суретте) (27-0, 17 КО) арген­тиналық Мауро Максимилиано Годоймен WBO Inter-Continental бел­беуі үшін жұ­дырықтасып, 10 раундқа жоспарланған жекпе-жекте отандасымыз үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. 

Бокс кешін тамашалауға алыс-жақын шетелден бірнеше мәртебелі мейман келгенін де айта кетейік. Оларың қатарында орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы британиялық Билли Джо Сондерс бар. Жекпе-жек соңында Джо Сондерс шаршы алаңға көтеріліп, Геннадий Головкинмен Нұр-Сұлтан қаласында кездесу өткізуге дайын екенін айтты. «Қонақжай көңілі үшін Қазақ халқына көп рахмет айтамын! Қазақстандағы бокс жанкүйерлері мені қатты таңғалдырды. Мен дәл осы «Барыс Аренада» Геннадий Го­лов­кинмен жұдырықтасқым келеді. Ол – ұлы чемпион, менің онымен өз отанында кездесуге мүмкіндігім бар. Менің промоутерім Фрэнк Уоррен алдағы уақытта маған қандай жекпе-жек ұсынатынын білмеймін, бірақ мен осы жерде, «Барыс Аренада» жекпе-жек өткізгенді қалаймын. Головкин, мен сенің өз Отаныңда жекпе-жек өткі­зуге ұсыныс тастаймын», деп мұзай­дынға жиналған жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады.

Жалпы, еліміздің екі бас қаласында екі күнге созылған кәсіпқой бокс кеші жанкүйерге және Елорда күніне тамаша тарту болды. Жекпе-жекке шыққан барлық отандасымыз жеңіске жетіп, Қазақ елін жауынгер халық ретінда әлемге көрсетті.