• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Шілде, 2019

Көне Тараз күмбірі

680 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы аясында облыс­тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Баласағұн» орталық концерт залында «Көне Тараз күмбірі» атты І Республикалық этнофольклорлық ансамбльдер байқауы өтті.

Аталған шараға ауылдық елді мекендердегі өнерпаз жас­тар ірік­теліп алынып, байқаудың об­лыстық кезеңіне аудандардан он ансамбль қатысты. Соны­мен қатар Кенен Әзірбаев атын­да­ғы Жамбыл облыстық филар­мониясының музыканттары Мұх­тарбай Рахманқұлов, Дастан Көреген, Дидар Басықараев және Адай Жұмат облыстық байқауда лауреат атанған 5 ансамбльді республикалық кезеңге дайындап, шеберлік сағаттарын өткізді.

Ал республикалық байқаудың баспасөз мәслихатында Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері, Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің профессоры Дәурен Ғылымов, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу инс­титутының қызметкері, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, қобызшы Әлқуат Қа­зақ­баев, күйші, композитор, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Ермұрат Үсе­нов, күйші-композитор, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаев қатысты. 

Республикалық өнер додасында еліміздің әр қиырынан келген 16 ансамбль бақ сынасты. Байқауға 17 күй ұсы­нылып, «Көне Тараз күм­бірі» атты партиту­ралар жина­ғының тұсауын қа­зылар алқа­сының төрағасы, күйші-ком­по­зитор Әбдімомын Жел­ді­баев пен күйші, композитор Ермұрат Үсенов кесті. Бай­қаудың салтанатты ашылуы театрландырылған қойылыммен басталды. Қойылымда Ықылас, Жамбыл, Кенен және Нұрғиса сынды ұлы тұлғалардың бей­нелері сомдалды. Сонымен қатар көпшілік назарына «Тараздан тарту» атты би композициясы ұсынылды. Өз кезегінде Жам­был облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова байқауға қатысқан ұжымдарға құттықтау тілегін жолдаса, қа­зы­лар алқасының төрағасы Әб­дімомын Желдібаев оларға шығармашылық табыс тіледі. 

Нәтижесінде бас жүлдені Ал­маты облысынан келген «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ан­самблі жеңіп алса, 1-орынды Нұр-Сұлтан қаласынан «Қор­қыт» дәстүрлі саз тобы ие­лен­ді. Сонымен қатар 2-орын Көк­шетау қаласынан «Айнакөл» фоль­клор­лық ансамбліне, Шымкент қала­сынан «Тұмар» фольклорлық ансамбліне табысталса, 3-орын Ақмола облысынан «Оқжетпес» фольклорлық ансамбліне, Та­раз қаласынан «Тараз ғасыр» фольк­лорлық ансамбліне берілді. Ал Ықылас Дүкенұлы атындағы жүлдені Қызылорда облысынан «Жігер» этностық тобы, Жамбыл Жабаев атындағы жүлдені Шығыс Қазақстан облысынан «Сұлу саз» халықтық ән-би ансамблі, Кенен Әзірбаев атындағы жүлдені Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» фольклорлық ансамблі, Әбдімомын Желдібаев атындағы жүлдені Жамбыл облысының Шу ауданынан «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі, Садыхан Әубәкіров атындағы жүлдені Жамбыл облысының Байзақ ауда­нынан «Шолпан» халықтық ән-би ансамблі, Алтынбек Қоразбаев атындағы жүлдені Меркі ауданынан «Меркі әуендері» халықтық ән-би ансамблі иеленді. Сонымен қатар бірқатар жүлдегерлерге «Үздік шығарма», «Көне Тараз күм­бірі», «Жамбыл облысы әкім­дігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының» ар­найы жүлдесі және «Кенен Әзір­баев атындағы Жамбыл облыс­тық филармониясының» арнайы жүлдесі табыс етілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы лауреат белгісі мен ақшалай сыйлықтар берілді. 

Аталған іс-шара аясында бес жүзге тарта өнер шебер­лері мен қала жастарының қа­ты­­суымен ұлттық домбыра кү­ніне арналған «Домбыра – халық мұрасы» атты домбыра party ұйымдастырылды. Мұн­да облыстық филармонияға қарасты қазақ ұлт аспаптар оркес­трінің бас дирижері, ха­­лықаралық байқаулардың лау­реаты Адай Жұмат пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рах­ман­құловтың дирижерлік етуі­мен Түркештің «Көңілашар» күйі, Мәдениет қайраткері Аман Молдыбаевтың бастама­сымен «Көне Тараз» күйі, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевпен бірлесе «Ерке сылқым» күйі және Құрман­ғазы Сағырбайұлының «Бал­бырауын» және «Сарыарқа» күй­лері орындалды. Байқаудың Гала-концертінде облыстық филар­­монияның дәстүрлі ән­шілері мен жеңімпаз атан­ған ансамбльдер өнер көрсетіп, мәдени шара Садық Кәрімбаевтың «Жамбыл жастар вальсі» әнімен аяқталды.