Әсіресе шіліңгір шілдеде шыбын жандарын шүберекке түйе жүріп, барлық үлкенді-кішілі істің басында құрақ ұша жүгірген жастардың белсенділігі мен бауырмалдығы, қайырымдылығы жан сүйсінтті. Бұл – қазақтың тұтастығын танытты, сын сағаттарда ұйыса қалатын ұлтжандылығын байқатты.
Маңғыстаулықтар үшін күннің ыстығы мен жер шалғайлығы еш кедергі бола алған жоқ. Арыс жұртшылығына қолдау көрсету мақсатында Nur Otan партиясының облыстық, аудандық филиалдарында, сонымен қатар «Жастар» ресурстық орталықтарында, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Қоғамдық келісім» және «Біз адамбыз – біз біргеміз» қайырымдылық қоры базасында арнайы гуманитарлық көмек жинау пункттері ашылып, апат орын алғаннан кейін араға бір-екі күн салып маңғыстаулықтар Арыс тұрғындарына 40 млн теңге аударып, азық-түлік, жеке гигиена құралдары, матрас, дәрі-дәрмек, киім-кешек және бірінші кезекте қажетті заттардан құралған 6 тонна гуманитарлық жүкті жолға салды. Аймақтың мемлекеттік қызметшілері, дәрігерлері мен мұғалімдері, мұнайшылар мен ірі кәсіпорындары жарылыс салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде бір күндік жалақысын аударды. Өңірдегі ірі және орта кәсіпкерлік субъектілері барынша қаржылай көмек көрсетуге кірісті.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысы Арысты қалпына келтіру жұмыстарына өз күш-көмектерін қосуда. Мұнайлы өңір Арыстағы сегіз көшені қалпына келтіру жұмыстарын мойнына алды.
Бұл жауапты жұмысқа облыста талай тұрғын үй мен небір әлеуметтік ғимараттарды тұрғызған танымал «Оңдасын Строй», «Ақ жол құрылыс», «Альянс ЛТД», «Актау БС Строй», «АС құрылыс», «Айком ЛТД», «Шебер құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сынды 8 ірі құрылыс компаниясы атсалыспақ. Тиісті орындардың мәліметінше, қажетті техникамен қамтамасыз етіліп, жұмыстарына Арыс қаласының жұмыссыз тұрғындары тартылған құрылыс қарқын алуда. Нақтырақ айтқанда, 5 көшенің 12 үйін жөндеу және 1 тұрғын үйді қайта салу жұмыстары басталды. Әзірге жұмылдырылған жұмысшылар саны 50 адамды құрап отыр және адамдар саны күн сайын қажетті көлемге дейін көбейе бермек. Қалпына келтіруге қажетті материалдар, соның ішінде 12 000 шаршы метр шатыр жабындысы, 140 текше метр ағаш және басқа да бірінші кезекте шатырларды жөндейтін құрылыс жабдықтары алынған. Сонымен қатар 5 көшеде орналасқан үйлердің терезелерінің өлшемдері алынып, дайындалуда. Енді аз уақытта алғашқы көшенің тұрғындары үйлеріне орналасады.
– Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және облыс әкімдеріне арнайы тапсырма берген болатын. Маңғыстау облысы нөмірі 4-ші секторға жауапты ретінде бекітілген. Бұл аумақта 8 көше, 331 үй орналасқан. Ал жөндеуге жататын үйлердің саны – 275, жөндеуге келмейтін, яғни бұзып, жаңа үй салуды қажет ететін үйлер саны – 3. Бұл үйлердің барлығы да жеке тұрғын үйлер. Бұл жұмыстарға жауапты ретінде облыс әкімінің орынбасары Қилыбай Нұрдәулет бекітілді. Өңірден аттанған 9 сарапшылық мекеменің 18 өкілі зардап шеккен тұрғын үйлердің толықтай дефектілік актілерін әзірледі. Жөндеу жұмыстары тамыз айының біріне дейін аяқталады деп жоспарлануда, деді өңір басшысы С.Трұмов бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте. Сондай-ақ Арыс қаласының 150 баласы үшін Каспий жағалауындағы лагерьлерде тегін демалыс ұйымдастырылуда. Шілденің 16-30 аралығында Ақтаудағы «Балдәурен» балалар лагерінде Арыс қаласының 50 баласына, «Алау» лагерінде 100 балаға жазғы демалыс ұйымдастыру жоспарлануда. Маңғыстаулықтар Арыстағы ағайынға көмек қолын созуда қалыс қалмақ емес. Маңғыстау облысы