• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Шілде, 2019

Солтүстік Қазақстанда қарапайым заттар экономикасы үлесі қанағаттандырмайды

443 рет
көрсетілді

Қарапайым заттар экономикасы мемлекеттік қолдаудың тиімді бір түрі болып табылатын жергілікті тәжірибе анық байқатып отыр.

Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарованың айтуынша, азық-түлік, киім-кешек, жиһаз бен электрониканы өндірумен айналысамын дегендер үшін ел бойынша несиелендіруге 600 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Механизм былтыр желтоқсан айында іске қосылғанымен, өңірде бар-жоғы 2 жоба ғана қаржыландырылыпты.

«Қаржыландырудың жаңа механизмі бойынша аудандар мен Петропавл қаласы әкімдігі 73 жоба ұсынды. Олардың құны 59,5миллиард теңгені құрайды. Екінші деңгейлі банктердің қарауына 1 миллиард 150 миллион теңгенің 3 өтініші берілді», дейді Қ.Жарова.

Алайда, Ақжар, Тимирязев, Мамлют, Шал ақын  аудандарында қозғалыс  мүлдем байқалмайды. Аудан атқамінерлері өтініштер банк қарауына жіберілді деп ақталғанымен, бұл ақпараттарды қаржы институттары растай алмаған. Жергілікті жерлерде қарапайым заттар экономикасы санатына жататын тауарлардың сатылмауы тұрғындардың белсенділігіне кері әсер етіп отыр.

Мемлекеттік мекемелер өздерінің жұмыстарына қажетті дүниелерді сатып алуға 840 миллион теңге жұмсаған. Оның ішінде жергілікті жерде өндірілген тауарларға тек 22,6 миллион теңге ғана  бағытталған. Бұл – жалпы соманың 2,7 пайызы ғана.

Биыл мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті тауар үлесін 20 процентке дейін жеткізу міндеті тұр.