Әскери ведомство басшысының айтуынша, комиссия құрамына жоғары білікті әскери мамандар, өртке және диверсияға қарсы қауіпсіздік мәселесінде тиісті тәжірибесі бар Қарулы Күштердің ардагерлері кіргізілген.
– Өйткені Қазақстан аумағында басқа да оқ-дәрілер қоймалары бар. Олардың көлемі Арыстағыдан аз болғанымен, біздің міндетіміз осындай жағдайды болдырмау, – деді Қорғаныс министрі.
Енді комиссия Қарулы Күштердің оқ-дәрі сақталатын барлық нысандарында оқ-дәріні сақтау жағдайы мен тәртібін, өрт қауіпсіздігі талабының сақталуын жіті тексереді.
Сондай-ақ оқ-дәріні сақтау нысанындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру шарасын айқындап, тәжірибелік көмек көрсетпек.
– Қазіргі уақытта оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтау орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылдануда, – деді Н.Ермекбаев.
Министрдің айтуынша, қазір Арыс қаласындағы арсеналдан жарылмаған оқ-дәрілерді шығару жұмыстары да жүргізілуде. Оған қоса ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары және тікұшақтармен күн сайын арсенал аумағына, іргелес жерге әуеден барлау, мониторинг жүргізілуде.
Сондай-ақ Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан соң Шымкент, Тараз, Бурный, Меркі, Отар қалаларынан келген саперлер қаланы тазарту жұмысына бірден кіріскен.
Брифинг барысында министр Арыстағы өртке жауапты мамандардың салақтығы, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы, тоқтың қысқа тұйықталуы мен қатар, қасақана өртеу себеп болуы мүмкін екенін жеткізді.
Министрдің айтуынша, аталған төтенше оқиға бойынша әрбір жауапты тұлғаның жеке жауапкершілігі анықталмақ.
Жалпы, соңғы 10 жыл ішінде аталған арсеналдан 180 мың тонна қару-жарақ пен оқ-дәрі шығарылған.
Сөз арасында Қорғаныс министрі жауапкершіліктен қашпайтынын жеткізді.
– Жеке өзім қорғаныс ведомствосының басшысы ретінде «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, 2018 жылдың 7 тамызында осы лауазымға тағайындалған сәттен бастап, Қарулы Күштерде болған барлық жағдайға жауап беріп келемін. Бұл жауапкершіліктен қашқан емеспін және қазір де қашуға тырыспаймын. Тергеу нәтижесінде анықталған кінәлілер заң жүзінде жауапқа тартылады, – деді Н.Ермекбаев.