Алайда, петропавлдық Владимир Должниковтың саяжайында өзге жеміс-жидектермен қатар, шырмалып өсетін жүзімдік самсап тұр. Сұрыбына қарай дәмі тіл үйіретін жемістің қызылы да, жасылы да, қарасы да, ақшылы да, күлгіні де, қызғылт-сарысы да кездеседі. Бұрынғы ұшқыш, бүгінде маңдай терін төгіп, нәпақасын жерден теріп отырған тәжірибелі бағбан алғашқы жүзім көшетін осыдан отыз жыл бұрын отырғызыпты. Содан бергі аралықта жүзімдік шаруашылығын қалыптастырып, табиғаты қатал өңірде де мол өнім алуға болатынын дәлелдеп жүр.
– Жүзім – інжір, құрма секілді адам ағзасына өте пайдалы. Құрамында дәрумен көп. Көздің көруін жақсартады, бүйрек, демікпе кеселдеріне бірден-бір ем. «Алматы-9», «Велес» сұрыптары өте тәтті. «Гагаринский» деп аталатын түрі тез пісіп-жетіледі. Жүзімдердің дені қоңыржай ауа райына бейімделген. Соңғы кездері барынша ерте пісетін сұрыптарды аудандастырып, пісуі ұзақ уақытқа созылатын түрлерінен бас тартуға тура келді. Өйткені жаз маусымының қалай болатынын болжау күрделеніп барады.
Аяқ асты күн райы күрт бұзылып, соңы қара суыққа ұласатын кездер болады. Былтыр саяжайларды қарғын су шайып, қиын жағдайға тап болғанымыз бар. Сондықтан барлық мүмкіндіктерді жан-жақты ескеруге тырысамыз, – дейді ол.
Бағбан жүзімнің ерекше бап тілейтінін, дұрыс күтім жасалса бір ағаш жарты ғасырға дейін жеміс беретінін айтады. Бір түптен 30 килоға дейін өнім алған кездері болыпты.
Жүзімнің түбін ашу мерзімін дұрыс білгеннің маңызы айрықша. Тамыры әлсіз келетіндіктен, үсік шалуы, болмаса шіріп кетуі ықтимал. Бұтақтары жиілеп кетсе, жеміс беруі нашарлайды. Ең бастысы, Владимир Должников химиялық тыңайтқыш қолданбайтындықтан, жүзімдері экологиялық жағынан таза. Отбасынан артылған жемісті шарап әзірлеуге жұмсайды.
Петропавлдық бағбанның саяжайында Германияда, Жапонияда өсетін өсімдіктер де бар.
– Таза өнім алғың келсе, жер өңдеумен шұғылдан, ерінбе. Бабын тапқанға Жер-ана қашанда жомарт. Жүзімнің түрлері мен сорттарын зерттейтін ампелография ғылымын бір адамдай меңгеріп алдым. Жерлестерімнің жүзім шаруашылығымен айналысуын қалар едім. Ол үшін тәжірибеммен бөлісуге дайынмын, – дейді қарт бағбан.
Солтүстік Қазақстан облысы