Жұмысқа рұқсат алуға ниет білдірушілердің саны, әсіресе көктемгі-жазғы кезеңде артады, бұл кезде көші-қон қызметтері ел бойынша күніне бірнеше мың рұқсатқа дейін рәсімдейді.
Осыған орай, ішкі істер органдарын цифрландыру мәселелеріне арналған кеңесте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуін жеделдетуді тапсырды. Қазіргі уақытта көші-қон қызметтерін көрсету орталықтарында цифрландыру процестері жаппай енгізілуде.
Айталық, қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде ашылған көші-қон қызметі орталықтары негізінен гастарбайтерлерді «көлеңкеден» шығару және оларды еңбек қызметінің ресми ортасына тарту процесімен айналысуда. Сонымен қатар аталған орталықтарда мемлекеттік қызметтің 10-нан астам түрі көрсетілуде. Оның ішінде жұмыс істеуге рұқсат алу және рұқсаттың мерзімін ұзарту, виза рәсімдеу, азаматтық мәселелер, шетелдіктерді тұрақты тұруға рәсімдеу, ЖСН, сақтандыру полисін, жеке көші-қон нөмірін алу және медициналық куәландыру қызметтері мигранттар тарапынан жоғары сұранысқа ие болып отыр.
Альфия ОМАРОВА