Қордың қаражатына әрқайсысы екі отбасына арналған «дуплекс» типті 50 тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр. Игі бастаманың демеушілері құрылыстың тапсырыс берушілері ретінде оны тікелей өз бақылауына алады. Мердігер ұйым да таңдалып қойыпты. Көзделген шаруа қыркүйек айының орта тұсына қарай аяқталмақ. Қор өкілдері, құрылыс біткен соң қажетті тұрмыстық техникамен толыққанды санитарлық тораптармен жарақталған баспана қоныстануға дайын болатынын айтады. Тұрғызылатын үйдің ауданы 10 сотық жер телімінен тұратындықтан, әр отбасы өз бау-бақшасында жеміс-жидек пен көкөніс түрлерін өсіреді.
«Бүкіл Қазақстан Арыста болған жағдайға қайғырды, бұл оқиға еліміздің әрбір азаматын елеңдетті. Біз отандастарымызға қолдау көрсетіп, қаланы қалпына келтіруге өз үлесімізді қосқымыз келеді. Сондықтан қордың құрылтайшысы баспанаға мұқтаж қазақстандықтар үшін үйлердің құрылысына бағытталған «Баламекен» жобасын кеңейтуге және жалғастыруға шешім қабылдады. Жоба ағымдағы жылдың көктемінде Қызылордада басталған болатын. Онда қор бөлген ақшаға 100 тұрмысы төмен отбасы үшін баспана тұрғызылды. Өзіміз Қызылордада қолданған оң тәжірибені енді Арыста қолданамыз», – дейді Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағанбетов.
Сол секілді шағын ауданның құрылысына арналған жер учаскесі белгіленіп, қажетті инфрақұрылымдық желілер де салынатынын айтады қайырымдылық қор мүшелері. Бұған дейін аталған үкіметтік емес ұйым Арыстағы апаттан зардап шеккен 2 мың тұрғынға «Көмек картасы» жобасы негізінде 60 млн теңге бөлетінін хабарлаған-ды. Бұл сома көп балалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға беріледі.
Айта кетейік, өткен айда Арыс қаласындағы әскери бөлімшеде оқ-дәрі қоймасы жарылып, үш адам қайтыс болған. Бүгінде аталған аймақта төтенше жағдайдың салдарын реттеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ, «Egemen Qazaqstan»