Бұл жөнінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Арысқа жұмыс сапарымен келген премьер-министр Асқар Маминге баяндады. Содан соң, облыс әкімі мердігер ұйымдардың басшыларымен кеңес өткізді.
- Арыстағы оқиға бүкіл елімізге ауыр соққы болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар Арыстың тұрғындарына көңіл білдіріп, түрлі көмек көрсетіп жатыр. Үйлерді қалпына келтіру жұмыстары сапалы жүргізіліп, уақтылы аяқталуы тиіс. Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Үйлерді салғанда кірген адамдар риза болып, сіздерді жылы сезіммен еске алатындай қылып істеңіздер,-деді Нұрлан Ноғаев.
Өңір басшысы кеңестен соң Арыс тұрғындарымен кездесіп, тілектерін тыңдады.
- Атыраулықтар Мемлекет Басшысының үндеуін қолдап, Арысты қалпына келтіруге белсенді атсалысуда. Гуманитарлық көмек, қаражат жіберілді, еріктілер барды. Бұл бала кезімізден қанымызға сіңген қасиет, қиын-қыстау сәтте еліміздің тұрғындары отандастарын қолдаусыз қалдырмайды,-деп атап өтті облыс әкімі.
Өз кезегінде, Арыс тұрғындары қолдау көрсеткені үшін атыраулықтарға ризашылығын білдірді.
- Біз барлығына да, Елбасына, Президентке, Атырау облысының тұрғындарына зор рахмет айтамыз. Сапалы, жақсы үйлердің қарқынды салынып жатқанын көріп отырмыз. Сын сәтте шеткері қалмай, қолдау көрсеткендеріңізге рахмет. Үйлеріміз біткесін Атырау облысының тұрғындарын қуана-қуана шақырамыз. Сіздер ұмытылмастай болып есімізде қаласыздар,-деді қала тұрғыны Бибіхадиша Момын.
Атырау