• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2019

Министр Ұлттық ұлан саперлары мен кинологтарын марапаттады

499 рет
көрсетілді

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында Әскери кеңес өтті. Оған Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы, генерал-майор Владимир Беккер, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жетекші құрамы мен офицерлері, өңірлік қолбасшылықтар қолбасшылары мен әскери бөлім командирлері қатысты. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады.

Әскери кеңес мүшелері алғашқы жартыжылдықтағы жауынгерлік қызметті қорытындылау, өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдердегі заңдылықтың сақталуы және құқықтық тәртіп әскерін тылмен қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды.

Отырыс барысында Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев Ұлттық ұлан жеке құрамына жүктелетін міндеттердің маңыздылығы артып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар әскердің жеке құрамымен жұмыс жүргізу, кадрларды кәсіби тұрғыда даярлау жүйесін үздіксіз жетілдіріп отырудың қажеттілігіне тоқталды.

Әскери кеңес мүшелері алдында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов пен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әмриев баяндама жасап, Арыс қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, апат салдарын жоюға және қала ішінде заңдылықтың сақталуын қадағалауға белсенді қатысқан әскери қызметшілердің әрекетін атап өтті.

Құқық қорғау ведомствосының басшысы Ерлан Тұрғымбаев жиынды қорытындылай келе, өңірлік қолбасшылықтарға әскери бөлімдердің төтенше жағдайлар кезіндегі жауынгерлік дайындығы мен қабілетін арттыруды міндеттеді.

Отырыс соңында Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, сондай-ақ, Арыс қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға шығаруға, қаланы залалсыздандыруға белсене қатысқаны үшін Ұлттық ұланның бірқатар әскери қызметшісін грамоталармен, төсбелгілермен және медальдармен марапаттады.