Жаз шыға салысымен Жамбыл өңірінде дала өрті жиі белең ала бастады. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жаз мезгілінде бір ғана Т.Рысқұлов ауданының өзінде жалпы аумағы 500 гектарға жуық дала өртке оранған.
Ал, 14 шілде күні аудандағы Қарақыстақ ауылындағы "Мақсат" шаруа қожалығына қарасты егіс алқабы өртенді.
Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы өрт салдарынан 40 гектар арпа, 20 гектар жайылымдық жер күйгенін айтты. Ал, Т.Рысқұлов ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жандар Сейтімбетовтің айтуынша, өрт күндізгі сағат 11:30 шамасында басталып, кешкі сағат 17:17 шамасында ауыздықталған. Төтенше жағдайға 45 адам және 15 техника күші тартылған.