Содан бері екі айдан астам уақыт өтті. Бұл тарапта қандай жұмыстар қолға алынды? Нендей жоба-жоспарлар бар? Әрине, «тас түскен жеріне ауыр». Осы ретте салмақ әуелі Ұлы тұлға туған топырақ – Абай ауданына, одан кейін облысқа түсетіні айтпаса да түсінікті болар. Жақында жұмыс сапарымен шежірелі өңірге арнайы барғанымызда Құнанбай Өскенбайұлы жатқан Ақшоқы мекенін абаттандыруға, мемлекет қамқорлығына алуға байланысты алғашқы қадамдардың жасала бастағанын аңғардық. Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров Ақшоқыға қатысты жоба әзірленгенін жеткізді. Жоба аясында қорымды қоршау, зиярат етушілерге арналған орындықтар орнату, осында жерленген жандардың құлпытастардағы жазуларын қайта жазу секілді жұмыстарды жүзеге асыру көзделген екен. Сонымен қатар аудан әкімдігі үлкен мерейтой қарсаңында ұлы Абай дүние есігін ашқан Сырт Қасқабұлақ деп аталатын жерді де қоршап, абаттандыруды жоспарлап отыр. Ал облыстық Мәдениет басқармасының бұл тарапта қандай жоба-жоспарлары бар? Өкінішке қарай, басқарма құдіретті Құнанбай есімін ұлықтауға байланысты нақты іс-шаралар жоспарын әлі әзірлеп үлгермеген секілді.
Аталған басқарма басшысы Азамат Мұхамедчиновпен хабарласқанымызда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты ғана іс-шаралар жоспары дайындалғанын жеткізді. Алайда, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Құнанбай қорымы мен оның төңірегіндегі елеусіз-ескерусіз қалып келе жатқан қасиетті орындарды назарға алу керектігі жайында: «Абайдай алыптың, қазақтың ұлы ақынының туған әкесі Құнанбай бүгінде расымен де ескерусіз қалуда. Абайға арналған музей мен Жидебайдағы мемориалдық кешенге Құнанбай қорымы кірмей қалған. Шыңғыстау баурайындағы Құнанбайдың бәйбішесі Күңкенің қорасы, кіші әйелі Айғыздың үйі, қора-жайы, Шәкәрімнің әкесі, яғни Құнанбайдың ұлы Құдайбердінің үй-жайы, Абайдың хатшысы Мүрсейіттің үйі, зираты және тағы басқаларының да зираттары жермен-жексен болып барады. Семейлік журналист Раушан Қабжанқызы осы жерлерге арнайы пресс-тур ұйымдастырып, бұл проблемаларды қалай назарға алу керектігі жөнінде шешім шығару өтінішін жеткізді. Аталған ұсыныстар ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу бойынша құрылған жұмыс тобы тарапынан қарастырылатын болады» деп өзінің фейсбуктегі парақшасында жазған-ды.
«Шырылдайды Уақыт Шыңғыстаудан шығармай»
«Дарға асқан да Құнанбай,
қара басқан Құнанбай»,
Өткен істі осылай
өршітеміз ұялмай.
Шынжыр балақ, шұбар төс
Құнанбайын қазақтың,
Шырылдайды Уақыт
Шыңғыстаудан шығармай.
Абайлық ақын Төлеген Жанғалиев жырлағандай, расында, Құнанбайдың әлі де Шыңғыстаудан шыға алмай жатқаны ащы да болса шындық. «Ақшоқыға мемлекеттік көзқарас керек. Құнекең жөніндегі әңгіменің басталғанына 1-2 жылдың шамасы болды-ау деймін. Бұл ретте Досхан Жолжақсынов түсірген «Құнанбай» фильмінің аға сұлтан есімін ел жадында жаңғыртуға үлкен үлес қосқанын айтуға тиістіміз. Әрине Құнекең бейнесін жұртшылыққа паш ету бірер фильммен, бірер шығармамен бітетін шаруа емес. Құнанбай қазақтың Қаз дауысты Қазыбек, Төле би секілді қайраткерлерімен теңестірілетін тұлға. Өкініштісі, егемендік алғанымызға қанша жыл болса да, Құнекеңе әлі дұрыс бет бұра алмай жатырмыз. Үлкен бетбұрысты еліміздің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастады. Құнекең жөнінде астын сызып тұрып айтты. «Ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол – тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға» деді. Бұдан артық қандай сөз керек?! Енді сең қозғала ма деген ойымыз бар. Құнанбайды ұлықтау неден басталуы керек? Ең әуелі қажы жерленген Ақшоқыға апаратын 21 шақырым жол жақсылап жөнделуі керек. Абай еліне келімді-кетімді адамдар: «21 шақырым алыс, жол нашар» деп Құнанбайдың басына бармайды. Бұрылмайды. Еңлік-Кебек ескерткішінен асады да, Жидебайға тартып кетеді. Бұл – бір. Екіншіден, Құнанбай жатқан жер сөйлеп тұруға тиіс. Қажет болса мұнда шағын музей салу керек. Басында шырақшы болуы қажет. Әрине Жидебайдағыдай үлкен кешен сұрап отырғанымыз жоқ. Менің жаныма бататын тағы бір дүние. Абай елінде жыл сайын «Абай оқулары» өтеді. Шараға келетін балалардың бәрі Абайды, Шәкәрімді біледі, бірақ Құнанбайды білмейді. «Абай оқуларының» өтіп келе жатқанына 20 жыл болды ма, оқушылардың Құнанбай туралы айтқандары есімде қалмапты. Сондықтан ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Құнанбайды құрметтеп, ұрпақ есінде қалатындай, кәдесіне жарайтындай шаруа атқаруымыз керек-ақ» дейді ақын, Абай ауданының Құрметті азаматы Төлеген Жанғалиев.
Ақшоқыға қабірстан емес, қасиетті орын ретінде қарауымыз керек
Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Құнанбай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі болған» деп аса жоғары бағалаған дала данышпаны Құнанбай мен оның ұрпақтары жерленген Ақшоқының қазақ тарихында алар орны бөлек. Ақшоқының өзі Кіші Ақшоқы, Шеткі Ақшоқы, Үлкен Ақшоқы деп үшке бөлінеді. Орайы келгенде айта кетейік, Құнанбайдың інісі Жақып, Абайдың ағалары Ысқақ пен Тәңірберді, інісі Смағұл, Мұхтар Әуезовтің атасы Әуезхан Бердіханұлы, һәкімнің алғашқы кітабын Санкт-Петербургте бастырушы Кәкітай Ысқақұлы, Ызғұтты осы қорымда жерленген.
Ақшоқының ұлы Абай өмірінде алар орны, ақынның алғашқы жарын сүйген ләззатты шақтары мен Әбдірахмандай аяулы ұлын өз қолымен ақтық сапарға аттандырған қамырықты сәттерін өткерген қасиетті өлке екендігі де әлі де ескерілмей келе жатқан секілді. Біріншіден, Ақшоқы – ұлы Абайдың қыстау салған жері. Екіншіден, алғашқы жары Ділдәмен шаңырақ көтерген құтты қонысы. Ақшоқының Құнанбай мен Кәкітай зиратынан жоғары сай түкпірінде сол кезде салынған Абай қорасының іргетасы әлі күнге дейін сақталған. Ақын әуелде Үлкен Ақшоқыны мекен еткенімен, көп ұзамай бір жарым шақырымдай жердегі Кіші Ақшоқыға көшкен көрінеді. Аз ғана ғұмырында «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеп», «боямасыз ақ көңіл жүрегін кірлетпей» дүниеден өткен сүйікті ұлы Әбіштің сүйегін 1895 жылы наурыз айында осы Кіші Ақшоқыда қарсы алған дейді. «Әбішті Үлкен Ақшоқыдағы Құнанбай қасына жерлеуге алып жүргенде Абай пәуеске соңында салт бара жатыр еді. Сақ руына сіңген керей Байысұлы Қыдыралы артынан барып сөйлесіп еді, Абай пәуескені тоқтатып, жолдың оң жағындағы шиді нұсқап, солай жіберді» – деген көргендер», – дей келіп, «бір ғажабы, осы зарлы қоштасу болған орында түп-түп ши бүгін де өсіп тұр» деп жазады Бекен Исабаев. Нар тұлғаның ерекше жақсы көрген, келешегінен зор үміт күткен ұлдарының бірі, «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», «Абылай» поэмаларын жазған Мағауия Шеткі Ақшоқыда дүние салған. Ақын ұлының сүйегін Үлкен Ақшоқыға қарай алып жүргенде «Мағашымның сүйегін ауыртады» деп жол үстінің ұсақ тасын теріп, пәуеске алдында жүріп отырған деседі.
Ұлы Абай «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Татьяна сөзі», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін осы Кіші Ақшоқыда шығарып, Пушкиннің «Евгений Онегин» дастанын тұңғыш рет қазақ тіліне осы жерде аударған және «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті» дейтін өлеңдері де осында дүниеге келген деген деректер бар. Осындай шерлі де шежірелі тарихы бар Ақшоқыны Құнанбайға ғана қатысты деуге бола ма?
Осы ретте зиялы қауым өкілдері Құнанбай мәңгілікке тыныс тапқан мекенді қорым деп қомсынбай киелі орын дәрежесіне көтеретін кездің әлдеқашан жеткенін айтады. «Ақшоқыға біз әлі күнге дейін Кеңес одағының көзімен қарап келеміз. Ол заман баршаға белгілі. Дінді айтқызбады, тарихты дұрыс айтқызбады, Құнанбайдың қандай тұлға екендігін айтқызбады. Соған орай Абайдың тарихнамасы да өзгертіліп берілді. Ақшоқы Абай атамыздың тұрақты мекені болған жер. «Мынау саған, жеңгеме көрімдік» деп інісі Оспанның дәу қара тасты есік алдына әкеп тастайтыны бар емес пе қалжыңдап? Сондықтан біз Ақшоқыға қорым, мола, қабірстан ретінде емес, Абайдың тұрғылықты қонысы ретінде қарауымыз керек» дейді аға сұлтан жайында кітап жазған, абайтанушы Бейбіт Сапаралы.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір Ақшоқыға байланысты бізге екі ұсынысын айтты. «Біріншіден, Ақшоқыдағы Құнанбай қорымы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енуі керек. Екіншіден, Ақшоқы Абай музейінің бір бөлімі болуы қажет. Абай өмірі мен шығармашылығында Ақшоқының алатын орны ерекше. Ақшоқы жерінде тарихи орындар да жетерлік, тарихи оқиғалар да көп болған. Сондықтан осы атыраптағы ескерткіштердің барлығы Абай музейінің төңірегіне топтастырылса жақсы болар еді» дейді ол.
Шығыс Қазақстан облысы