• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Шілде, 2019

Тасқа қашалған жыр

927 рет
көрсетілді

Ақмола облысы Зеренді ауданының аумағында орналасқан Көктерек ауылынан іргесалым жерде жергілікті халық ежелден кие тұтып келген қызыл, сұрғылт реңді, шошақ тақия тәрізді даланың шоқпар тасы бар. Оны жұрт «Әулие тас» деп атайды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары өңір тұрғындары майданға аттанған ауыл азаматтарын «аман-сау оралсын» деп Әулие тастан шығарып салған екен. Кейін ұзақ сапарға шығатын жолаушылар мен отау құратын жастар да осы киелі жерден бата алатын болыпты.

Жуықта аталған тас жергілікті өңірлік қасиетті нысандар тізіміне алынып, аудан басшысы Берікжан Әбутә­ліпов бастаған топ оның ашылу рәсімін өт­кізді.

Бұл шараға қадірлі қонақ ретінде Көктерек ауылының тумасы, қаламы жүйрік журналист, арқалы ақын, Зеренді ауданының құрметті азаматы Қорғанбек Аманжол ағамыз қатысып, киелі тастың қабырғасына қашалып жазылған өзінің «Әулие тас» атты өлеңін оқып берді. Жырдың толық мәтіні мынау:

Ауылымның қасында Әулие тас,

Аңызындай өткеннің кәрия тас.

Қадым заман қалдырған қасиеттей,

Қормалына жұртымның хан ие тас.

 

Әулие тастың көп еді әңгімесі,

Әлімсақтан аймақтың мәңгі иесі.

«Әулие тас-ай, жарықтық!» деп күрсінсе,

Ақсақалды тербейтін жан киесі.

Бала жастан жанында ойнап өстік,

Бал дәуреннің қызығын тойлап өстік.

Әулие тастан әлдебір тылсым ұғып,

Есейгенде ойыннан ойға көштік.

Сонау соғыс көп қайғы ала келген,

Тауқыметін ана мен бала көрген.

Азаматым аман-сау оралсын деп,

Әулие тастан шығарып сала берген.

Әулие тастың қасында қара жол бар,

Қара жолдың құзырын бала да аңдар.

Қара жолдың қыдырын жолдас қылған

Қам көңілді қапасқа қамағандар.

 

Жас жұбайлар осында шат болады,

Әулие тастың басынан бақ табады.

Жолаушылап алысқа кеткен жандар

Әулие тастан бата алып аттанады.

Көктеректе қалдырып көктем елін,

Әулие тастан аттанып кеткен едім.

Қазығыма байландым кіндікпенен,

Қара жолдан ешқашан шеттемедім.

 

Әулие тастың киесін ырым еткен,

Айналып-ақ кетейін құдіреттен.

Жан сабатын жайлаймын әлі де осы

Жүрегімнен өшпейтін сүгіреттен!..

Ақын ағасының өлеңін әуелі қымбат гранитке бәдіздеп жазып, оны шоқпар тастың қабырғасына ойып орналас­тырған азаматтың есімі – Жұмағұл Жол­дықов екен. Бұл жігіт де Көктерек ауылының тума­сы, аймаққа белгілі кә­сіпкер. Жұ­мағұл Шаяхметұлы бола­шақта Әулие тастың басына келуші турис­терге арналған үй салуды да жос­парлап қойған көрінеді.