• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Шілде, 2019

Расёмон қақпасы немесе адамдық шекарасы туралы

866 рет
көрсетілді

Акира Куросаваның жетпіс жыл бұрын жарыққа шыққан «Расёмон» атты фильмі жапон кинематографиясын әлемдік деңгейге көтерген туынды саналады. Тағы бір жапондық қаламгер Рюноскэ Акутагава шығармасының желісімен түсірілген фильмді тебіренбей көру сірә да мүмкін емес шығар.

Жақында осы фильмді кездейсоқ ғаламтордан кездестіріп қалып, кезекті мәрте көріп шыққан едік. Қарап отырып, жетпіс жыл көтерілген мәселелердің қазіргі қазақ қоғамында күн сайын көз алдымызда өтіп жатқанына таңғалдық. Сол фильмнің сюжетінде жүректі шымырлататын бір көрініс бар. Тақыр кедей шаруа мен отыншы, монах үшеуі себетте кимоноға құндақтаулы жатқан сәбиді тауып алады. Құйып тұрған жаңбырдың астында жетім баланы қайтерін білмей біраз тұрады. Ақыры жалаң аяқ шаруа: «Менің алты балам бар. Алты баламен кедей болдым не, жеті баламен кедей болдым не, бәрібір сол азапты өмір ғой. Бұл баланы мен асырап алайын» деп, шырқырап жылап жатқан сәбиді қолына алады. Сәбиді қолына алып кетіп бара жатқанда жаңбыр тыйылып, күн шығып, шаруаның жүзінде сәулесі ойнағандай болады. Біздіңше, фильм­де айтылған ойдың ең үлкені, экспозициясы шаруаның аузынан шыққан осы бір ауыз сөзге саяды.

Жасыратын несі бар, соңғы жылдары қоқыстан табылған, әжетханадан табылған балалар туралы жүректі шайлықтыратын неше түрлі оқиғалар БАҚ-та жиі таралды. Сәбиін перзентханада қалдырып, тайып тұрған көкек аналар туралы да көп еститін болдық. Ұшқан құс, жүгірген аң ұрпағын қорғауға жанталасып жатқанда адамдардың туған перзентінен бас тартуынан артық қылмыс бар ма? Мұндай оқиғалар бір емес, екі емес, қайта-қайта қайталана бергеннен кейін адамдардан адамдық кетті-ау дейсің ішіңнен. Тіпті, естіген адамдардың өзі бұрынғыдай шошымай, е деп қоя салғанына қарасақ,  ондай оқиғаларға қоғамның еті үйреніп, жүрегі қатайып кетті ме деп ойлап қаласың.

Биыл көп балалы отбасыларға Үкіметтің 21 мың теңге жәрдемақы тағайындағаны белгілі. Әрине, бұл тапқан-таянғанын ұрпағының аузына тосатын ата-ана үшін зор көмек. Жуырда кейбір отбасылар сол жәрдемақыға ілігу үшін қағаз жүзінде ажырасып жатқаны белгілі болды. Бір жағынан оларды түсінуге болатын сияқты. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?!» дегендей, аузынан ақ майы ағып, төрт құбыласы теңеліп тұрса, қандай азамат бала-шағасынан қағаз жүзінде болса да бас тартады дейсіз. Алайда, аз-мұз соманы ала қояйық деп «ажырасуға» асыққандарды ақтап алу да қиын сияқты.

Қазақ қоғамының қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, бақуатты өмірге кенеліп, халықтың бәрі бірдей шалқып өмір сүрген кезі сирек сияқты. Қазір де біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей қалт-құлт еткен жайы бар. The Social Progress Imperative халықаралық зерттеу жобасының рейтингінде әлеуметтік 150-ге тарта елдің ішінде бел ортадан орын алыппыз. Алғашқы ондықта Норвегия, Исландия, Дания, Швейцария, Финляндия, Жапония, Жаңа Зеландия сияқты дамыған елдер орын алады. Африканың Чад, Эритрея, Нигер сияқты қара құрлықтағы кедей елдер мен Ауғанстан көш соңында қалыпты. Біз 71-сатыға жайғастық. Бұрын 80-нің төңірегінде болсақ, жыл санап біртіндеп көтеріліп келе жатырмыз, оған да шүкір. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың топалаңымен салыстырғанда, қазіргі күйіміз көш ілгері екені дау туғызбайды. Олай болса, халықтың ниеті соншама бұзылардай, туған баласынан безінетіндей не көрініпті? ІІ Жаһандық соғыста оқ пен оттың ортасынан аман қалған жетім балаларды бауырына басып, қазаққа сіңіріп жіберген едік. Енді бейбіт заманда өз шаранасынан безетіндей бастарына не күн туды дейсің еріксіз. Бәлкім, бұл әлеуметтік жағдайдың нашарлағанынан ғана емес, адами қасиеттердің төмендеуінен шығар?!

«Расёмон» фильмі туралы айттық қой сөз басында. Сондағы шаруа жетім баланы бауырына басқанын көрген монах: «Сен менің адамзатқа деген сенімімді сақтап қалдың» дейді. Жақында Арыста болған апат кезінде біздің халықтың бойындағы мейірім, жанашырлық, адамгершілік сияқты сезімдер жарқ етіп көрінгендей болды. Мысалы, бірнеше азамат бастарын қауіпке тігіп жүріп апат аймағына оралып,  қалып қойған адамдарды, балаларды қауіпсіз аймаққа алып шықты. Бүкіл ел бір сәтте бас біріктіріп, Арыс­тың халқына жұмылып жылу жинады. Бірер апта болса да барар жер, басар тауы қалмаған жұртты үйіне қондырып жатқандар көп болды. Қоғам қанша қатал болса да, адамдықтың шекарасын кеңейту әр азаматтың өзінен екен-ау дейсің мұндайда.