Осы уақытқа дейін Арыс қаласынан келген 101 оқушы Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылының аумағында орналасқан «Болашақ» сауықтыру лагеріне жіберілген болатын. Сонымен қатар бүгінде 16 бала Жуалы ауданындағы «Тау самалы» сауықтыру кешені мен «Бәйтерек» лагерінде демалуда. Жуырда тағы да арыстық 100 жеткіншек Әулиеата өңіріне келді. Балаларды Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова күтіп алды. Тараз қаласындағы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта Арыстан келген жасөспірімдерге балмұздақ таратылды. Сонымен қатар аталған орталықтың өнерлі шәкірттері көрші өңірден келген қонақтарға арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Шара барысында Жәмила Бекбатырова арыстық балаларға жылы лебізін жеткізіп, жазғы демалыста жаңа достар табуға тілектестік білдірді.
Сондай-ақ ол өз сөзінде жазғы демалыс лагерьлерінде оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға барлық мүмкіндіктің қарастырылғанын да атап өтті. Мұнда балаларға арналып демалуға қажетті спорттық, шомылу киімдері мен гигиеналық заттар, сонымен қатар бас киімдер мен аяқ киімдер таратылды.
Өңірге келген 100 жасөспірімнің ішінен 15 бала Т.Рысқұлов, 30 бала Меркі, 20 бала Байзақ және қалған 35 бала Жуалы аудандарына жіберілді. Олар аталған аудандарда орналасқан демалыс лагерьлерінде 20 күннен астам тынығып, тынығу барысында түрлі қойылымдар мен өзге де танымдық кештерді тамашалайтын болады.
Жамбыл облысы