ЮНЕСКО-ның басты мақсаты – әлемдік маңызды құжаттық мұраларды қорғау. Мұндай заттар Қазақстан жерінде баршылық. Бұған дейін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік еске алу тізіміне Ұлы дала мұраларынан 2003 жылы Қожа Ахмет Ясауи және оның ізбасары Сүлеймен Бақырғанидың қолжазбасы, 2005 жылы «Неведа-Семей» антиядролық қозғалысының құжаттары, 2009 жылы Арал теңізін қорғауға қатысты құжаттары қабылданған болатын.
Бұл реткі жиынды ашып басқосудың маңызы жайлы көпшілікке ақпар берген Ұлттық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева өз сөзінде, Үкімет басшысының жарлығымен 2017 жылы Сирек кітаптар мен ұлттық қолжазбалар орталығы құрылғанын, қазіргі таңда мұнда сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың электронды көшірмелерін жинау жұмысы белсенді жүріп жатқанын жеткізсе, Сирек кітаптар мен ұлттық қолжазбалар орталығының директоры Жандос Болдықов, еліміздегі барлық кітапханалар жүйесі қорында 82 мыңнан аса сирек және құнды кітап-материалдар бар. Оларды зерттеу және сақтаудың теориялық-әдістемелік негіздерін қалыптастыру барысында көптеген қиындықтар бар екенін айтып өтіп, болашақта бұлардың ішінен құндыларын Дүниежүзілік еске алу тізіміне енгізу жолын қарастыруды ұсынды.