• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Шілде, 2019

Күтім болмаса, топырақ та тозады

1461 рет
көрсетілді

Жер байлығына деген тұтынушылық көзқарастың салдарынан адамзатқа ортақ игіліктің жылдан-жылға құнары азайып барады. Бұл проблема біздің елімізге де қатысты. Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Тоқаевтың «Тағы бір өзекті мәселе – жерді тиімді пайдалану» деп, осы тақырыпқа арнайы тоқталғаны белгілі. Себебі бар жерді тиімсіз пайдаланудың экономикалық зияны да шаш етектен.

Жуырда Алматыда өткен «Ор­­талық Азияның ауыл­шаруа­шылық ландшафтарында қор­шаған ортаға мониторинг жүр­гізу, жер және су ресурстарын басқару үшін зерттеудің және ба­ға­лаудың заманауи әдіс­тері» халықаралық симпозиумын­да Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжік­стан, Әзербайжан, Ресей, Жапо­ния, Қытай, Германия, тағы басқа елдерден келген ғалымдар жерді тоздырмаудың заманауи әдістерін ортаға салды. 

Ғалымдардың пікірінше, бү­гінде бірқатар елдердегі заңна­малық құжаттар тәжірибесі салада қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Қазақстандық ғалымдар заң қабылданса, жер пайдаланушылардың жерге деген көзқарасы өзгерер еді деген уәж айтады. Бүгінде агротехникаларды, су және құнарландыру тәртібін дұрыс сақтамаудың, ауыл шаруашылығына сал­ғырт қараудың салдарынан жер­­дің тозуы өте өзекті мәсе­леге айнал­ғандығын атап өткен ҚазҰАУ бірінші проректоры Қанат Ті­реуов 2017-2021 жылдарға арнал­ған АӨК мемлекеттік бағдар­ла­масына толықтырулар мен өз­герістер қажеттігін атап өтті. 

«Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ» ЖШС бас директоры, академик Абдулла Сапаровтың айтуынша, жердің 30 пайызға жуығын шөл-шөлейтке бейім аймақтар түзеді. Топырақ құнары сақталғанда ғана өнімділікті арттыра аламыз. Қазіргі таңда Қазақстанда топырақтың табиғи құнары 40 пайызға дейін төмендеп кеткен. Ал алдағы жүз жылда қан­дай жағдай орын алатыны белгісіз. Елімізде жерді қорғауға байланыс­ты заң қабылдау мәсе­лесі де кешеуілдеп келеді.

Өзге елдердегі заңнамалық құ­жаттар тәжірибесіне тоқталған Абдулла Сапаров топырақтың құнары азайса, оған пайдаланушы жауапты болуы керек дейді. Жерге жауапсыз қараған жағдайда оны қайтарып алатын тетіктер де жүзеге асуы қажет.

Бүгінде әлем халқы санының өсіп бара жатқандығына байланысты жылдан-жылға азық-түлікке сұраныс та артып келеді. Сондықтан жер күтіміне баса назар аударып отырған АҚШ-тың тәжірибесін басшылыққа алу қажеттігін алға тартқан ғалым жер тозса 1 см топырақтың қалпына келуі үшін 100-250 жылға жуық уақыт қажет деп қынжылады.

Бүгінде топыраққа тыңайт­қыш себу мәселесі де аса өзек­ті болып отыр. Дамыған елдер тәжірибесінде гектарына 1000-1700 килоға дейін қоректік минералдар берілсе, Қазақстандағы көрсеткіш гектарына 3-5 килодан арыға бармайды. Соның салдарынан топырақ та тозады, өнімділік те төмендейді.

Минералдардың тиімділігін анықтаудың нормативтері бо­йынша сараптама жасаған ресей­лік ғалым, академик Виктор Сычев тыңайтқыштардың ауыл­шаруа­шылық өнімдерімен үй­лесімі, минералды топырақтың әртүрлі жағдайында пайдалану мен табиғи-экономикалық тиімді­лі­гі тұрғысындағы зерттеулерін ұсын­са, азотты минералдар­ды пайдалануға тоқталған ака­де­мик Геннадий Гамзиков тауар өн­дірушілердің жерге деген тұ­тыну­шылық көзқарасына алаң­даушылығын білдірді. Ғалым­ның пікірінше, жердің тыңайтқышқа қажеттілігі 90 пайызды құрайды. Ресейдің Краснодар өлкесі, Бел­город облысы мен Кубань ай­ма­ғында гектарына 100-130 кило тыңайт­қыш берілетін болса, керісінше азиялық бөлігінде мәселелер күрделене түскен. Ми­нералды тыңайтқыш жердің негізгі қорек көзі деп санайтын ғалым Еуропа елдерінде гектарына 200-300 кило себілетінін айтады. Бұл көрсеткіш Жапонияда 500 килоны құрайды. Кезінде ұжымдық шаруашылықтардың бір жерге шоғырлануы нәтижесінде механикаландырудың, жоғары өнімділікке қол жеткізудің өте тиімді болғандығын жеткізген ре­се­йлік ғалым жер пайдаланушыларды тұтынушылық көзқарастан арылту мақсатында қазақстандық агрохимик мамандардың тәжіри­бесін басшылыққа алу қажет дейді. Жерден өнім алып, оны экс­портқа жөнелтуді ғана мақ­сат етумен шектелу саланы тығы­рық­қа тірейді. Сондықтан да ғалым­дар бұл мәселеге тиісті министр­ліктердің араласқанын қалайды. 

Академик Рақымжан Елешев бүгінде жер көлемі жағынан то­ғызыншы, егістік жағынан бесінші орын алып отырған Қазақстанда 80 млн гектар аумақ ауыл шаруашылығы иелігінде екендігіне тоқталды. Маманның айтуынша, 10-15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда елі­мізде жердің құнары 25 пайызға дейін төмендеп кеткен. Әсіресе қара шымның мөлшері азая бастаған. Өсімдіктер қоректенетін жылжымалы қорек құрамы, әсіресе Орталық Қазақстандағы негізгі астық өндіретін өлкелерде топырақ сапасы нашарлаған. Ал оңтүстік өңірлерде дұрыс суғарылмағандықтан тұзданған аймақтардың мөлшері жоғары. Тыңайтқыштар мен химиялық қоспаларды дұрыс қолданбау­дың экологиялық салдары жоға­ры екендігіне алаңдаушылығын білдірген ғалым жерді қорғайтын заң керек дейді. Бүгінде Ук­раи­на, Беларусь, Молдава, Ресей, Қытай елдерінің тәжірибесі Қазақ­стан үшін аса маңызды. «Елімізде жалға берілген жерлердің бола­шағы күмәнді» деген ғалым эко­ло­гиялық тұрғыдан тұрақты бақы­лау­дың керектігін айтты. Сон­дық­тан жерді күтуде жаңа техно­ло­­гия­­ларды пайдалану ерекшелік­теріне де аса зер салу қажет. Об­лыс­тарды заманауи зертханалармен жабдықтаудың да маңызы зор. 

Экологиялық тұрғыдан залал­данған жерлерді биологиялық мелиорациялау мәселесін қозғаған «Микробиология және вирусо­ло­гия ғылыми-өндірістік ор­та­лығы» ЖШС бас директоры Амангелді Садановтың айтуынша, республикадағы суармалы 1,4 млн гектар аумақтың 38 пайызы – Түркістан, 29 пайызы – Алматы облысына, 14 пайызы Қызылорда облысына тиесілі. Қызылорда, Түркістан (Шардара ауданы), Алматы облысындағы (Балқаш маңы, Үштөбе) күріш өсіретін алқаптарда тұздан­ған жерлер көбейіп барады. Мұнда топырақтың қара шым қабаты азайып, зиянды тұздар­дың мөл­шері көбейіп, ауыл шаруа­ш­ылығы өсімдіктерін өсіруде қолайсыз жағдайлар орын алып отыр. Ал алқаптарды сауықтыруда био­логиялық әдістерді пайдалану­дың ерекшелігі зор. 

АЛМАТЫ