• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Шілде, 2019

Атырау – Арыспен бірге

263 рет
көрсетілді

Арыс әскери қоймасындағы жарылыстың салдарын жою­дан атыраулықтар да тыс қалған жоқ. Кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындар 100 млн теңгеге жуық қаражатты арнайы ашылған шотқа аударды. Төрт жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек Арысқа жетті.

Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысу үшін еріктілер барды. Бұдан бөлек мұнайлы аймақтың көмегі­мен Арыста 482 үй қалпы­на келтіріледі. Соның ішінде 24 үй тұруға мүлде жарамсыз деп танылған. Терезелері сынып, төбелері құлаған, іші қираған басқа тұрғын үйлер қазір жөнделіп жатыр. Арысқа жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Асқар Маминге Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осы жұмыстар жөнінде баяндады.

– Облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін ведомствоаралық топ тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін Арыста болады, – деді Нұрлан Ноғаев. – Жөндеу жұмыс­тары­на техникалар мен 500-ге жуық адам тартылды. Қазір об­лыс үлесіндегі сектор­да жұ­мыс қарқынды жүріп жатыр. 

Құрылыс жұмыстарын жүр­гізіп жатқан мердігер ме­ке­мелердің басшыларымен кеңес өткізген облыс әкі­мі ең алдымен сапаға көңіл бөлу керектігін ескертті. «Арыс, біз біргеміз» акциясы­на қа­ты­су­шы ретінде жағ­дай толық реттелгенше көмек беру шараларын жалғастыра береміз», деген өңір басшысына Арыс тұрғындары ризашылықтарын білдірді. Қала тұрғыны Бибі­хадиша Момын: «Сын сәт­те шет қалмай, қолдау көрсет­кен­деріңізге рахмет. Үйлеріміз жөнделіп, қоныстанғаннан кейін атыраулықтарды қуана қонаққа шақырамыз», деді. 

Мұнайлы аймақтың қам­қор­лығынан Арыстағы мектеп оқушылары да қалыс қал­мады. Облыс орталығының ма­ңын­дағы «Тұлпар» лагерін­де қазір арыстық 50 бала демалып жатыр. Шілде айы­ның соңына қарай тағы да 50 оқушы келеді. Облыстық білім беру басқармасының бө­лім басшысы Алмагүл Қа­йыр­лиеваның айтуынша, лагерь­де балалардың алаңсыз дема­лу­лары үшін барлық жағ­дай жасалған. Ыстық тамақ­пен, киім-кешекпен қам­ты­лады, түрлі спорттық, мәде­ни ша­ра­ларға қатысады. Де­ма­лыс бағдарламасына ортаға­сыр­лық Сарайшық қаласының ор­нын­дағы кешенге бару, Жа­йық өзенінде кемемен саяхат­тау, облыс орталығындағы мә­де­ни орындарды, көрікті жер­­лер­ді аралау да енгізілген. АТЫРАУ