Күйеуімен дәм-тұзы жараспай ажырасқан әйел оны өлтіруді ойға алады. Соқыр тұман басын айналдырған келіншек іздеп жүріп өлтірушіні табады. Түркістан облысының тұрғынын жалдаған ол бұрынғы жұбайының басы үшін 20 мың долларға келіседі. «Киллерді» Қызылорда облысының шекарасында шығарып салып тұрып, қолына 10 мың теңге ұстатады. Қалғанын күйеуін өлтірген соң оның дүние-мүлкін сатып бермекке уағдаласады. Орындаушы келісімді құп көрген болып, полицияға арызданады.
Ұсталған азаматша күдікті ретінде танылып, оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Азаматша Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігінің (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бабының 2-бөлігінің 8-тармағымен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Халықта «өзгеге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле» деген аталы сөз бар. Бұрынғы жұбайына кек сақтаған азаматша уыздай тәтті өмірінің бір бөлігін темір тордың ар жағында өткізбек. «Ашу-дұшпан» дегенмен, енді бәрі кеш...
Қызылорда облысы