Республикамыздың әр аймағында ғылымды дамытуға ыңғайлы, әрі іргелі ізденістерді жүргізуге қолайлы орталықтар да жоқ емес. Ақтөбе облысы жағдайында осындай басты ошақтардың бірі – Қ.Жұбанов атынағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті. Ендігі кезекте бүгінгі көтеріліп отырған табиғатына сай аталған жоғары оқу орнының мысалында екі-үш ауыз сөз өрбіткенді жөн көреміз. Жоғарыда айтылғандай жоғары білім беру ордасының материалдық-техникалық базасы мен ғылымды дамыту ісіне университет басшылары тарапынан жасалып жүрген қолдау мен өміршең көзқарас істің алға жылжуына септігін тигізіп келеді. Бұған дейінгі журналистік зерттеулер өңір ғалымдарының басым бөлігі аталған білім шаңырағына шоғырланғанын көрсетеді. Соның ішінде мұнда ғылымның нақтылықты талап етілетін салалары –іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге басымдық берілген. Соның нәтижесінде өңірлік жоғары оқу орнында математика, физика және химия ғылымдары саласында белгілі бір ғылыми бағыттар мен мектептер қалыптасты деуге толық негіз бар.
Бұған мысалдар да жеткілікті. Айталық университеттің профессоры Қуанышбек Шүңкеевтің радиациялық физика мектебі тек елімізге ғана емес, сонымен бірге бірқатар таяу және алыс шетелдерге де танымал десек, артық айтқандық емес. Соның ішінде Польшада және Эстония мен Белоруссияда қазақстандық физика мектебінің тәлімі мен тағылымын үйренуге тұтастай сол елдердің білім мен ғылым министрліктері тарапынан көңіл бөлінуі мақтан тұтуға тұрарлықтай. Қ.Ш.Шүңкеев жетекшілік жасайтын зертхана әлемдік стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда Назарбаев университеті мен Тарту мемлекеттік университетінің жас ғалымдары жүйелі зерттеулер жүргізуде.
Сондай-ақ аталған жоғары оқу орнының профессоры Жайшылық Сартабановтың дифференциалды теңдеулерді шешудегі математиктер мектебі де республикадағы барша математиктер қауымының назарын аудару үстінде. Дифференциалды теңдеулер теориясының негізі неде? Аталған мектеп тәлімгерінің айтуынша бұл математиканың түбірі, іргетасы. Математика ғылымының басты саласының бірі. Гәп мынада. Аталған ғылым саласында белгілі бір жетістіктер мен өзгерістерге немесе ғылыми жаңалықтарға қол жеткізу үшін ең алдымен математикалық модель жасалады. Ал оны дифференциалды теңдеулерсіз құру мен шешу еш мүмкін емес. Оның математика ғылымында алатын орны ерекше екенін осыдан-ақ біле беріңіз дейді нақты білім өкілі Ж.А.Сартабанов.
Университет базасындағы іргелі ғылыми зерттеулер аймақтағы қолданбалы міндеттерді шешумен байланыстырыла жүргізіледі. Бүгінгі күн биігінен қарастырғанда мәселеге осы тұрғыдан келудің тиімді тұстары мол екені айқын көрінуде. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты деректерге сүйенсек, аталған ЖОО-да инновациялық технологиялар паркі құрылған. Қазіргі кезе осы парктің зертханасын толықтай жабдықтау жұмыстары қолға алынған. Бұл үшін заманауи үлгідегі жаңа жабдықтар мен құралдар орнатылуда.
Тағы бір айта кетерлік жәйт техникалық факультеттегі металлургия кафедрасының ғалымдары тұтастай ел өндірісінде ерекше орны бар «Қазхром» трансұлттық компаниясымен тығыз қарым-қатынас орнатқаны. Мұндағы ортақ істің бүгінгі жай-күйіне келсек, университет еншісіндегі тікелей тоқты доғалы пеш –өзгеше әрі өте қажетті өңірлік жобаны жүзеге асыруға негіз қалайды.
Яғни, осы қондырғы арқылы хром кенішінің шаңын кәдеге жарату жобасы ойластырылған. Кенді балқытудың сынақтан өткізілген тұңғыш тәжірибесі ортақ істің тиімділігі мен қажеттілігін көрсетті. Осылайша университеттегі металлургия кафедрасы мен зауыт жаңашылдары аталған әмбебап жабдықты одан әрі жетілдіріп, облыс аумағында дүркін-дүркін пайда болып жүрген ферропласт қалдығы шаңын кешенді түрде тазарту жобасын қолға алмақ.
Қазіргі кезде аймақта бірқатар экологиялық проблемалар қордаланып қалған. Оны азайтуға университет ғалымдарының қосар үлестері осындай өңірдің экологиялық мәселелерін шешу ісіндегі университет ғалымдарының тағы бір ғылыми жаңалығы диатомит материалдарының көмегіне арқа сүйеу болып отыр. Бүгінгі күні бұл іспен университет физиктері мен химиктерінен құрылған үлкен топ айналысуда. Олардың айтуынша аталған материал белгілі бір жағдайларда тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы саласының кәріздік қалдықтарын кәдеге жаратуға көмектесе алады.
Соңғы уақытта Ақтөбеде жаз айларында қолқаны қабатын жағымсыз иіс жайлап алатыны айтылып та жазылып та жүр. Қолға алынған жобаның тағы бір ерекшелігі осы жағымсыз иісті жоюға әсерін тигізе алатынында. Қазір аталған жобаға қатысты зертханалық сынақтар аяқталып, оның нәтижесі оң нәтижелер берген екен. Ендігі істің ауқымы далалық зерттеулер мен коммерцияландыру деңгейіне көшу қажеттігіне қарай ойысуда.
Бір сөзбен айтқанда өңірлік университетте жоғарыда аталған деректерге сай өңірлік және республикалық деңгейде қаржыландыруға тұрарлықтай ғылыми жобалармен ізденістер аз емес. Әйтсе де бұл істің жай-күйі көңіл қанағаттандыра бермейді. Мұнда таза ғылыммен айналысатын ғалымдар да дәл осы мәселеге байланысты аяқтарын жаза алмай қалған секілді. Әрі кезінде ғылыми орталықтарды басқарған өңірдегі ғалымдардың дені зейнет жасында екені де ойландырмай қоймайды. Алдағы уақытта олардан мол қайтарым күтудің өзі де ағаттық секілді.
Әрине мұндай жағдайда тек бір ғана жол бар. Әрі мұның өзі өте қажетті әрі тиімді де оңтайлы жол болмақ. Бұл ғалымдар қатарын жастар есебінен толықтыру деп білеміз. Рас, қоғамдық өмірде белгілі бір жағдайларда білікті мамандар мен ғалымдарды өзге өңірден шақыру үрдісі қолданылып жүр. Әйтсе де жоғары оқу орнының жетекшілері бұл тәжірибені басты орынға қоюға мүдделі емес екеніне де осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында айқын көз жеткізгендей болдық. Өйткені оның әр түрлі объективтік және субъективтік себептері бар екені белгілі. Соның бірі арнайы шақырылған мамандардың докторанттар мен магистрлердің тұрақсыздығы, отбасылық жағдайы.
Бұл мәселе жөнінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков өз ой-пікірін бұлайша тұжырымдады. Аталған мәселелерді жолға қою үшін оқу орны жанынан бес мамандық бойынша магистратура және тағы да бес мамандық бойынша докторантура құрылды. Бұған қоса университеттегі ғылыми қоғамдастықтың әлеуеті мен мүмкіндіктерін одан әрі тереңдету үшін математика және физика мамандықтары бойынша екі диссертациялық кеңес ашылды. Оның құрамында университеттің он ғалымы бар. Бұл өзгерістер жас ғалымдар легінің өсе түсуіне өз ықпалын тигізеді деген ойдамыз.
Міне, Ақтөбе аймағында іргелі ғылыми ізденістерге құлаш ұрып отырған ошақтың кейбір нәтижелері мен жетістіктері осындай.
АҚТӨБЕ