Қос тараптық ауқымды жоба аясында өткен халықаралық ғылыми-практикалық семинарда агротехпаркінің ғылыми жұмыс бағыттары, бірлескен зерттеулердің нәтижесі, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын өсіру, аудандастыру мәселелері талқыланды. Жиынға Солтүстік- Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің оқытушылары, профессорлар Zhan Zhengmao, Hu Yingang, Guo Dongwei, оқу орындарының қызметкерлері мен студенттері, жергілікті ғалымдар, Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды.
«Былтыр СҚМУ базасы негізінде агротехпарк ашылып, шетелдік және отандық селекцияның ауыл шаруашылық дақылдары егіліп, сынақтан өтуде. Ондағы мақсат–суыққа, түрлі өсімдік ауруларына төзімді, өнімділігі жоғары бидайдың жаңа сұрыбын ойлап табу. Онымен агротехнологиялық факультет студенттері мен оқытушылар айналысады», дейді агротехникалық факультеттің деканы Алтын Шаяхметова.
Кейін мұнда картоптың бірнеше сұрыптары будандастырылатын болады.
Қытайлық меймандар 5 гектар аумаққа орналасқан агротехпаркті аралап, зерттеу нәтижелерімен танысты. Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің профессоры Жанг Джинмаоның айтуынша, жобаға студенттер мен оқытушылардың қызығушылығы жоғары. Атқарылған шаруа қыруар. 18 сорт сыналған. 13-і-не теріскейдің климатына төзімді деген баға берілген. Келесі жылы сұрыптардың саны көбейтілмекші.
6 жергілікті студент Солтүстік-Батыс университетінде оқып келіпті. Қазіргі таңда агротехнологиялық факультеттің 1 магистранты мен 3 оқытушысы Қытайда тегін білім алып жатыр.