Бағдарламаның басты мақсаты тарихтан орын алған тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеу, ұрпаққа таныту, солар арқылы өткенді, тарихи сананы жаңғырту дейтін болсақ, ендігі кезекте еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, кәсіби қауымдастықтардан қолдау тапқан, ғылыми-негізделген кәсіби қауымдастықтардың ұсыныс-пікірлері басты назарда болады.
Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде Ұлы даланың тарихында өшпес рөл атқарған тұлғаларды қазақ халқына қайтаруға бағытталған ғылыми-зерттеулер жасалды, ғылыми монографиялар, мақалалар әзірленді.
Ұсынылған жобаның тұжырымдамасын іске асыру «Ұлы даланың ұлы есімдерінің» өмірі мен қызметі туралы ғылыми деректерді және материалдарды айналымға енгізуге мүмкіндік берумен қатар, оқу-ағартушылық энциклопедия-саябағы интерактивті картасын жасауға, геоақпараттық технологияларды, мультимедиялық қосымшаларды пайдалану арқылы ұлы тұлғалардың өмірі, қызметімен танысу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Сондай-ақ Қазақстан мен қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларын әлемге танымал етудің тиімді тетіктері әзірленіп, отандық, аймақтық және халықаралық деңгейде тарихи мұраларымызды насихаттауға кеңінен мүмкіндік ашылатыны анық.
Тимур ӘПЕНДИЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, PhD
АЛМАТЫ