17 наурызда “Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылғы 29 қаңтардағы Жолдауынан және 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарынан туындайтын агенттіктің міндеттері туралы” тақырыпта Жер ресурстарын басқару агенттігінің кеңейтілген алқа отырысы өткізілді.
Алқа отырысында агенттіктің төрағасы Өмірзақ Өзібеков аталған тақырып аясында баяндама жасады. Онда Ө.Өзібеков Жолдаудан туындайтын агенттіктің алдындағы міндеттерге ерекше тоқталды. Соның ішінде сенімді құқықтық орта қалыптастыру бойынша агенттіктің орталық аппаратына жер заңнамаларын одан әрі жетілдіру жұмыстарын жүргізу және Мәжіліс қарауында жатқан “Жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын тезірек қабылдануына ықпал жасау қажет.
Агенттіктің қазыналық кәсіпорындарына геодезия және карторграфия саласы бойынша ел экономикасына қажетті жұмыстарды сапалы орындау, сонымен қатар, еліміздің Кедендік одаққа кіруіне байланысты, оңтүстік шекараларды демаркациялау жұмыстарын мейлінше тезірек жүргізу міндеттері жүктеледі.
Жолдауда белгіленген ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыруға қатысты мәселелер бойынша Өңіраралық жер инспекцияларына, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, иесіз және де пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау және де заңдарға сәйкес оларды есепке алу мен мәжбүрлеп иеліктен шығаруды іске асыру тапсырылды.
“Егемен-ақпарат”.