Құмар Іргебайұлы Жол активтері сапасының ұлттық орталығының директоры Замир Сағыновпен бірге жол материалдарының сапасын тексеретін зертханада болды. Биыл өңірде жолдарды жөндеуге 37 миллиард теңге бөлінді. Бұдан былай атқарылған шаралар жүйелі түрде қадағаланып, зертханалық бақылау қатаңданатын болады. Зертханалық тексерумен республикалық жолдар ғана қамтылса, енді облыстық жолдардың да сапасы тексеріледі.
Құмар Ақсақалов тұрғындарды жолдардың сапалы жасалуын бірге қадағалап, қоғамдық бақылауға атсалысуға үндеді.
«Техникалық мүмкіндіктермен қоса қоғамдық бақылауды күшейту керек. Қазір көбінде гаджеттер бар. Жолдың сапасыз салынып жатқанын көрсеңіздер фотоға түсіріп, қай жер екенін айту керек. Жақында ғана салынып, бұзыла бастаған жолды көрсетіңіздер. Барлық материалдарды облыс әкімдігінің сайтындағы «Халықтық бақылау» бөліміне жолдау қажет. «Қызылжар – адалдық алаңын» да қолдануға болады. Біз тиісті шаралар қолданамыз», деді аймақ басшысы.