– Ұлан Тоқтарбайұлы, «Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстан жолдарының жақсаруына қаншалықты әсер етті?
– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы дүниежүзілік экономикалық дағдарыс тұсында қабылданды. АҚШ президенті Рузвельт елде экономикалық дағдарыс басталғанда халықтың жағдайын жақсарту үшін тасжол салуға мән берген екен. Сарапшылар осы арқылы Американың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды деп жиі айтады. Елімізде де осы тәжірибе ескерілген болар, 2015-2020 жылдары «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық – Батыс» сияқты ірі автожол жобалары іске қосылды. Бұл жөнінде Елбасы «Автокөлік жолы, темір жолы болашақ ұрпақ үшін салынып жатыр. Қазақстанның барлық жерінде тоқтамастан жол салынуда. Астанадан тарайтын сәуле сияқты жан-жаққа шығатын сапалы жол болады. Сондықтан бұл жолдардың сапасына үлкен көңіл бөлу керек» деген болатын.
Яғни, әу бастағы мақсат – елорданы барлық өңірмен байланыстырып, барыс-келісті нығайту. Осы арқылы экономика өсіміне жағдай жасалып, мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Барша қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етті. Мыңдаған азамат екі қолға бір күрек тауып, отбасын асырауға мүмкіндік алды. Барлық жобаларды іске асыру барысында 127 мың уақытша, 34 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Бір отбасында 4-5 адам бар деп есептесек, бағдарлама арқылы 600-700 мың адамның күнкөріс сапасы жақсарды. Одан бөлек, жол құрылысы жүріп жатқан күре жолдың бойындағы ауыл адамдары да жұмысқа тартылды. Олар жолшыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, өзге де тұрмыстық қызметтер көрсетті. «Нұрлы жол» сонымен қатар ел экономикасын көтеруге мүмкіндік берді. Мысалы, былтыр негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты өсімі 6,1%-ға, мөлшермен 1,5 трлн теңгеге жетті. Сондай-ақ көліктік қызметтің көлемі 4,6%-ға, еңбек өнімділігі 3,4%-ға жоғарылады. Оның үстіне «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы аясында 47 жаңа өндіріс орны ашылып, 73 қызмет көрсету нысаны құрылды. Бұл орташа жылдық жиынтық тиімділіктің 200 миллиард теңгеге жеткенін білдіреді.
– Еліміздегі жолдың сапасы туралы халық арасында әртүрлі сыни пікірлер айтылып жатады. Соңғы жылдары халықты мезі еткен қандай жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр?
– Соңғы 10 жылда автожол саласында 9 мың шақырым республикалық маңызы бар жолға қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді, оның нәтижесінде жолдың жай-күйі 21 пайызға жақсарды, нашар жолдар 40 пайыздан 12 пайызға азайды. Бүгінгі таңда «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес республика көлемінде жалпы ұзындығы 4400 шақырымда қайта жаңарту жұмыстары бойынша 14 жоба жүзеге асырылуда, онда 18 мың адам және 12 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек 428 шақырымда күрделі жөндеу, 1415 шақырымда орташа жөндеу, 19,6 мың шақырымда күтіп ұстау жұмыстары жасалуда. Аталған жобаларға Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Орталық – Батыс, Орталық – Солтүстік дәліздері қарасты. Сонымен қатар халықаралық дәліздер мен шекара маңындағы бағыттарға да басымдық беріледі: Алматы – Өскемен, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Қалбатау – Майқапшағай, Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы. Бүгінгі таңда барлық жобалар бойынша шаралар ұйымдастырылып, жұмыстар жүріп жатыр. Мердігерлік шарттарына қол қойылып, дайындық жұмыстары жасалып, құрылыс жұмыстары басталуда.
Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға инвестицияларды тарту бойынша біршама жұмыс атқарып жатырмыз. Мемлекеттік емес қарыз есебінен мемлекеттік кепілдікпен Еуропалық қайта құру және даму банкімен және ҚХР Эксимбанкімен келісім жасалды. Тартылған қаражаттың есебінен 2019 жылы Талдықорған – Өскемен (763 км), Қалбатау – Майқапшағай (415 км), Меркі – Бурылбайтал (266 км), Нұр-Сұлтан қаласы оңтүстік-батыс айналма жолы (34 км), Күрті – Бурылбайтал (143 км) учаскелерінде жұмыстар жалғасуда. Жұмыс жоспарына сәйкес биыл 548 шақырым жолды пайдалануға береміз деп отырмыз. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатқан дүниелер, сәл сабыр сақтайық, алдағы бес жылда Қазақстандағы жол жағдайы жақсарады.
– «Апат айтып келмейді» демекші, еліміздің кейбір аймағында су тасқындары болып жатады. Сондай-ақ қыс мезгілінде қар басып, барыс-келісті қиындатып жататыны да жасырын емес. «QazAvtoJol» су тасқыны және қар басып қалу жағдайында қалай әрекет етеді?
– Қазір республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы желісі 24,4 мың шақырымды құрайды. Жалпы жол құрылыстарын және бөлінген белдеуді күтіп ұстау, тұрақты пайда болатын ұсақ зақымданулардың алдын алу оңай емес. Сондай-ақ тас жолды қыс және жаз мезгілінде күтіп ұстау да міндетіміз. Өйткені «QazAvtoJol» ҰК» АҚ – республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор. Ағымдағы жылы бұл автожолдарды күтіп ұстау мақсатында бюджеттен 26 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жыл сайын көктем, жаз мезгілінде жұмыстарды жүргізу үшін қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі кешенді мақсатты бағдарлама әзірленеді. Оның аясында шұңқырларды жөндеу, яғни ұсақ деформациялар мен зақымдануларды жою жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар асфальтбетонды және цемент-бетонды жамылғыларда жарықтарды құю, цемент-бетонды жамылғыларда деформациялық жіктерді қалпына келтіру және толтыру жұмыстары біздің мойнымызда.
Бұдан бөлек біздің бақылауымызға «ҚазақАвтоЖол» ЖШС арқылы жол белгілерін орнату және ауыстыру, демалыс алаңдарын және автопавильондар сынды, т.б. жөндеу жұмыстары кіреді. Ағымдағы жылдың маусымында кешенді мақсатты бағдарлама аясында 514 мың шаршы метр көлемінде шұңқырларды жөндеу, жарықтарды құю, жолтабандарды және тарақтарды жою, 13 мыңнан астам жол белгілерін орнату жүргізілді. Сонымен қатар ұзындығы 21,7 мың км жүріс бөлігін белгілеу, 28 мың қоршауларды орнату және ауыстыру, 205 автопавильон мен демалыс алаңын жөндеу жоспарлануда. Жолды күтіп ұстау шеңберінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында су тасқыны мен мұз жүру кезеңінде қауіптің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп тұрады. Республикалық маңызы бар автожолдар желісі бойынша ағымдағы жылы ұзындығы 298 км болатын 456 су тасқыны қаупі бар орын, 827 құбыр, 61 көпір, 9 бөгет анықталған. Айталық, Қарағанды облысында 6, Шығыс Қазақстан облысында 2, Алматы облысында 1 бөгеттің тасқын салдарынан қирауы тіркелді. Барлық су тасқыны қаупі бар учаскелердің бұзылуына жол бермеу және үздіксіз жол қозғалысын қамтамасыз ету бойынша уақтылы шаралар қабылданды.
Еліміздің кейбір аймағында 6 ай қыс болып, жол жүру мүмкіндігі қиындай түседі. Қарлы борандарда жолаушылардың қауіпсіздігін сақтап, діттеген жеріне аман-есен жетуі өте маңызды мәселе. Сондықтан да жолдағы қарды дер кезінде тазалап, көктайғақ болса құм немесе құмды тұз сынды әртүрлі қоспа себеміз.
Шыны керек, осы ретте біздің жұмыстағы жекелеген проблемалар туралы айтып өткен жөн. Қазіргі таңда автожолдарды ұстауға арналған жол-пайдалану техникасы жеткіліксіз болып отыр. Қолда бар техниканың кейбірі тозып, керек шақта жүрмей қалатыны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «ҚазақАвтоЖол» ЖШС жеке қазақстандық компанияға үш жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілді. Сенімгерлікпен басқару шарты бойынша, компания 300 бірлік жол техникасы мен 200 дана құрал-жабдықтар сатып алуға міндетті. Осы техника мен жабдықтарды сатып алу автожолдарды тазалау, күтіп ұстау жұмыстарының нәтижелеріне оң әсерін тигізеді деп үміттенеміз.
– Жол бойындағы тазалық – басты мәселе. «QazAvtoJol» тас жолдағы тазалықты қалай сақтап отыр? Бұдан бөлек әжетхана мәселесіне де жүрдім-бардым қарауға болмайтын тәрізді...
– Технологиялық талапқа сәйкес автожолдарды тазарту жыл бойы жүргізілуі тиіс. Қойылатын міндеттерге байланысты тазалаудың түрлі әдістері мен тәсілдерін пайдаланамыз. Оның ішінде механикалық немесе қолмен атқарылатын шаруалар да бар. Жалпы, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қысы, жазы жұмыс жүргізуге арналған техникалар бар. Қазіргі уақытта бұл жұмыстардың бәрін бізге қарасты «ҚазақАвтоЖол» ЖШС және Ұлттық компанияның өңірлік филиалдары жүргізеді.
Сондай-ақ көпшілік жол бойындағы дәретханалардың тазалығына байланысты сын айтып жататыны жасырын емес. Жалпы дәретханалардың талапқа сай болмауы халықтың көңіл күйін түсіріп, біздің жұмысымызды жоққа шығарып жіберетіні анық. Сондықтан «QazAvtoJol» ҰК» АҚ ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетімен бірлесе отырып 2019-2022 жж 304 санитарлық-гигиеналық торапты (СГТ) орнату бойынша бағдарлама жасады. Жоба бойынша қайта жаңарту жұмыстарымен қамтылған республикалық автожолдарда 109 бірлік СГТ орнату жоспарланған.
Сонымен қатар жол бойындағы сервистің жаңа нысандарының құрылысына инвесторлар тартылуда. 2019 жылдың 1-жарты жылдығында Ұлттық стандарттарға сәйкес 20 сервис нысаны ашылды.
Автомобиль жолдарының тұтынушыларын Ұлттық стандарттарға сай емес сервис қызметінен сақтандыру мақсатында, ҚР «Автомобиль жолдары туралы» Заңына өзгерістер енгізу мәселесін қоғаммен талқылаудамыз. Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін сервис нысандарына (жайлы жабдықталған дәретханалары жоқ нысандар) қолжетімділікті шектеу мәселесі де талқыға салынып отыр.
– Әлемнің дамыған мемлекеттерінде ақылы тас жолдар жұмысы жақсы жолға қойылған. Шұрық тесік тас жолда діттеген жеріңе қиналып жеткенше, ақшасын төлеп тез жеткен жақсы емес пе?
– Әрине жақсы. Жұрт «ақылы жол деген не сұмдық. Оны үкімет жасап беруі қажет» деп ойлайды. Шын мәнінде Алтай мен Атырауға, Солтүстіктен Оңтүстікке созылған ұлан-ғайыр даланы бір-бірімен жалғау оңай шаруа емес. Бүгінгі таңда елімізде жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы жол бар. Бұл Нұр-Сұлтан – Щучинск (211 км), Нұр-Сұлтан – Теміртау (134 км), Алматы – Қапшағай (42 км), Алматы-Қорғас (295 км) автожолдары.
Ақылы жолдарда алдын ала «онлайн» төлем жасаған жеңіл автокөліктер үшін жол ақысы қолма-қол төлеммен салыстырғанда 2 есе арзан. Жүк көліктері үшін төлемақының мөлшері өзгеріске ұшыраған жоқ. Автокөліктері ақылы жолдардың бойындағы елді мекендерде тіркелген азаматтар үшін арнайы абонемент қарастырылған. Бір жылдық абонементтің құны – 1000 теңге. Аталған абонемент арқылы 365 күн мерзімінде ақылы жолда тегін жүруге рұқсат беріледі. Абонементті алу үшін төлем қабылдау пунктінде өтініш жазу керек. Жүргізушілердің қолында жеке куәлік пен автокөліктің техникалық құжаты болуы тиіс.
Жүргізушілерге қолайлы болу үшін біз 20-ға жуық төлем қабылдау әдістерін енгіздік. Бұл PayWay.kz, KazDriver интернет сервистері; QIWI, Касса24, Теңге, Каспий терминалдары; QIWI мен Каспий электронды әмияндары; Халық банк, Сбербанк, АТФ, Каспий интернет банкингтері; Wooppay, Билайн, KCell немесе Актив желілері бойынша теңгерімнен төлеу әдісі; KazToll қосымшасы және т.б. Толық ақпаратты және нұсқаулықты ресми сайттың «Ақылы жолдар» бөлімінде табуға болады. Жүріп өткен жол туралы ақпаратты алу үшін және жеке шотты толтыру үшін KazToll сайтында жеке кабинетте тіркелуге болады.
Тұтынушылардың ескертулеріне жедел жауап беру және ақылы жолдарды пайдаланудың ережелері бойынша толық ақпаратты ұсыну мақсатында 1403 нөмірімен арнайы байланыс орталығы жасақталды 8(7172) 64-87-92, 64-87-85). Байланыс орталықтың операторлары тәулік бойы тұтынушылардың сұрақтарына жауап беруге дайын. Қажет болса, операторлар саланың мамандарымен, жол полициясы қызметкерлерімен немесе төтенше жағдай қызметімен байланыс орнатады. Сонымен қатар Телеграм желісінде (kazautozholbot) арнайы бот жасалды. Оның негізгі функциясы – ақылы жолдардан бастап жол сапасына дейін «QazAvtoJol» ҰК» АҚ-ның барлық қызметтері бойынша ұсыныстар мен ескертулерді қабылдау. Өз сауалдарын жолдаған тұтынушылар қарапайым тіркелу рәсімінен кейін бірер минуттың ішінде байланыс орталығының операторынан қызықтыратын сауалының жауабын алады. Сонымен қатар аталған бот ақылы жолдар бойынша тарифтерді және жеке шоттағы қаражат туралы ақпаратты ұсынады. Заңды тұлғалар үшін шарт жасасу мүмкіндігі қарастырылған. Оларға шот-фактуралар жасалып, барлық бухгалтерлік құжаттар ұсынылады.
Алдағы 2-3 жыл ішінде ақылы автожолдардың желісін ұзындығы 11 мың шақырым құрайтын болады, 32 учаскеге дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда конкурстық процедуралар дайындалуда. Төлем қабылдаудың ашық жүйесін енгізу жоспарланған. Яғни, төлемдер алдын ала төлеу әдісі бойынша қабылданады, алайда шлагбаумдар мен төлем қабылдау пункттері болмайды.
Ақылы автожолдардан түскен қаражаттың барлығы аталған жолдарды және төлем қабылдау жүйесін күтіп ұстауға жұмсалады.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»