Медицина дамып, жария да құпия және адамның ақылына сыймайтын небір ғылыми сынақтар мен зерттеулер жүргізіліп жатқан заманда жарық дүниенің есігін ашатын шарананың жынысы тек әкесіне байланысты екендігі түпкілікті дәйектелген.
Бірақ осыған қарамастан томпиған төрт қызын тастап, яки өзінен айнымаған бес ботасының көзін мөлдіретіп, «ұл табатын» әйел іздейтін азаматтар әлі де жеткілікті.
Әйтпесе, әлеуметтік желіде жуырда ғана көзі ашық, бірнеше тілге жүйрік, тіпті шетелде білім алған бір зиялы азамат: «Ойлап қараңызшы, сіздің 4 қызыңыз бар делік. Күйеуіңіз де және оның бүкіл туған-туысқаны ұл тапқаныңызды күтіп отыр. Ал сіздің тағы да аяғыңыз ауыр, тағы да толғақ қысып, перзентханаға бара жатырсыз. Тағы да қыз... Сіз бұл жағдайда жолдасыңыздың қайғыдан қайтадан ішкілікке салынып, туысқандары қыз таба беретініңіз үшін сыртыңыздан сыпсыңдап, ал қыз баланың аты Ұлбосын, Жаңыл немесе Ұлдай болатынын анық білесіз. Бір сөзбен айтқанда, перзентханадан шыққаннан кейін сізді күлімдеген қуаныш күтіп тұрған жоқ. Кенеттен көрші палатада жатқан келіншек сізге ұлын қызыңызға айырбастауға ұсыныс жасайды. Өйткені оларда осы жағдай айнадай керісінше. Төрт ұлдан кейін тағы да ұл... Ал мұны екеуіңізден басқа ешкім де білмейді. Сіз не істер едіңіз!».
Бұл оқыған және көп оқыған жігіттің осы заманда жұртқа қойған сауалы...
Әдетте, бұл әлмисақтан келе жатқан адамның өзін өзі алдауы ғой. Әйтпесе, медицинаны былай қойғанда Құран Кәрімде бұл туралы нақты мағлұмат беріліп, сәбидің жынысы құрсаққа құйылған аталық ұрықтан жаратылатыны айтылмай ма?!
«Алла тағала ер мен әйел жұбын тамызылған бір тамшы шәуеттен жаратты» («Нәжім» сүресі, 45-46).
Құранда баяндалған бұл деректің растығы генетика мен микробиология ғылымдарының дамуы нәтижесінде дәлелденіп отыр. Жыныс еркектен келетін аталық жасуша тарапынан айқындалады, ал әйел ағзасы бұл жерде ешқандай рөл ойнамайды.
Жыныс – адам ағзасындағы хромосомаларға байланысты. Ағзадағы барлығы 46 хромосоманың екеуі – жыныс хромосомалары деп аталады. Қалған 22 жұп бұлар аутосомалар. Қалған 2 хромосома «гоносома» деп аталады. Бұл екі хромосома еркектерде ХҮ, әйелдерде ХХ ретінде белгіленеді. Ү хромосома тек еркектікі, ал, Х хромосомасы әйелдік гендерді тасиды.
Адам баласының түзілуі жұптала жүретін осы хромосомалардың еркек пен әйелдің бір-бір жұптарының бірігуі арқылы жүзеге асады. Әйелдегі бұл жұптың екеуі де Х болса, еркектерде біреуі Х, екіншісі Ү болады. Демек, жаңа жаратылған сәбидің еркек немесе әйел болуы – ана ағзасындағы Х хромосомасының аталық клеткадағы Ү немесе Х хромосомасымен бірігуіне байланысты болмақ. Түсінікті де қысқа тілмен қайырғанда, егер шәуетпен құрсаққа Х хромосома барса, онда әйелдің Х хромосомасымен қосылып (ХХ) қыз туылады. Егер Ү хромосома барса онда Х пен Ү бірігіп (ХҮ) дүниеге ұл бала келеді. Сондықтан да болашақта туатын баланың жынысы шешеге емес, әкеге байланысты болуы аңыз емес. Бұл – ақиқат.
Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Мырзахметова: «Биологиялық тұрғыдан, баланың жынысы тек әкесіне байланысты. Ол қандай хромосоманы береді – Y немесе X? Егер, ол Х берсе, онда қыз болады, ал егер Y – ұл туады.
Сонымен тек қыздар немесе ұлдар ғана туады деген мәселеге келетін болсақ, бұл жерде мүмкіндік тек 50\50 болса да, баланың жынысы толығымен ер адамға байланысты.
Дегенмен, жүктілікті әрқашан жоспарлаған дұрыс. Әрбір адам – бірегей. Әр адамның, әр отбасының өз ерекшеліктері бар, оларды да мамандарға барғанда кеңес беру-алу кезінде ескеру қажет. Ерлі-зайыптыларға акушер-гинеколог, генетик сияқты медициналық мамандарға барып әңгімелесу қажет және дәрігерлер де сөзсіз медициналық кеңес береді» дейді.
Ал енді адам баласы ұлды немесе қызды болу жолында Тәңірді де табиғатты да алдамақ болып, түрлі қадамдарға барады. Осыдан кейін ниетіне қарай бұйырғанын бағады.
Мәселен, ықылым замандардан бері адамдар іште жатқан баланың жынысы ерлі-зайыптылардың өмір сүру салтына да байланысты деп білген. Аяғы ауыр әйелге қатысты барлық халықтарда ырым-нанымдар да көп. Ұлды, яки қызды болу арманы кез келген ұлттың басында бар жағдай. Мәселен, жүктілікті жоспарлайтын, тиімділігі түпкілікті дәлелденбеген қытай немесе жапон кестелерін алыңыз. Бұл кестелерде адамның қанының жаңарып отыруына байланысты әйелдің жасы, балалы болатын айы есептелініп отырады. Бірақ ұлды болуға 100 пайыз кепілдік ешқашан болмаған.
Сол сияқты баланың жынысына әсер етеді деп есептелетін арнаулы диеталар да бар. Бұл аз десеңіз отбасында кім көш бастап, күштірек болса, соған байланысты ылғи ұлдар немесе тек қыздар туады деген болжамды табуға болады.
Алайда осы арада аттап өтпейтін тағы бір мәселе бар. Соңғы жылдарда жасанды жолмен жүкті болуға жүгінетін жұптар саны көбейіп барады. Мәселен, Қазақстанның өзінде әрбір бесінші отбасы «ЭКО» көмегімен сәбилі болуға мәжбүр. Ал мамандар мұның барлығы өмір сүру салтымыздың өзгеруімен, экологиямен, ең бастысы жүйкеге түсетін салмақтың ұлғайғанымен, яғни күйзелістермен байланыстырады.
Мұның барлығын баяндап отырған себебіміз, ғылыми-зерттеулерге қарағанда, болашақта туатын баланың жынысы күйзелістік күйге де тәуелді болуы ғажап емес. Өйткені үлкен қырғын мен соғысты бастан кешкен елдердің барлығында шайқас басталар алдында, болмаса одан кейінгі жылдарда дүниеге ұл балалардың көптеп келу мысалын тарихи деректерден табуға болады. Оны біз үлкен кісілердің аузынан да талай естігенбіз.
Осы мәселені зерттеп жүрген мамандар керісінше, 1991 жылдардағы Берлин қабырғасындағы экономикалық хаос кезеңінде де дүниеге тек қыз балалар келгенін алға тартады.
Мәселен, Қытай ғалымдары да қызды немесе ұлды болудың негізінде түрлі факторлар жатқанын алға тартып, күйзелістен бастап, жай ғана таңғалу әрекеттері ерлі-зайыптылардың ұрпақ өрбітуіне тікелей әсер етеді, дейді.
Лондон экономикалық және саяси ғылым мектебінің докторы Сатоши Каназава қандай еркектен тек қана ұл туатынын анықтап көріпті. Оның зерттеуіне сәйкес, дөрекі, қатал, бар ашуын әйелінен алатын, қабағынан қар жауып тұратын ер адамдарда көбіне ұл бала болады екен. Тіпті, агрессивтілік ұрпақ дамуының бірден-бір кепілі екенін ғылымда да дәлелденген дейді. Ал дене бітімі келіскен, қатты арық та, аса толық та емес әйелдер қыз бала тууға бейім келеді-мыс.
Ғалым мұны нақты дерек деп есептемейді, алайда агрессивтіліктің ер адамға айрықша әсер ететінін атап өтті. Ер адам ашуланшақ болса, ер адамдардағы Y-хромосомасын таситын сперматозоиды күштірек болады.
Сондықтан барлығының да сырын білу мақсатында адам баласы ақылға сиятын да сыймайтын да неше түрлі зерттеулер жүргізуін әлі де тоқтатқан жоқ.
АЛМАТЫ