Қазіргі қоғамды өкшелеп келе жатқан өзекті мәселенің бірі – туған баласынан бас тартып, алимент төлеуден қашу. Алимент төлегісі келмейтіндердің қатарында көкек әкелер ғана емес, бала-шағасын күйеуіне тастап, гәкку қағып кеткен әйелдер де бар.
Алимент төлегісі келмейтіндерді тәубеге келтіріп отыратын түрлі шаралар бар. Алайда, олардың көбінен түрлі айла-шарғымен құтылып кетіп жүргендер жеткілікті. Сондықтан да Алматыда алимент төлемейтіндерге арналған «түрме», яғни бала-шағасын бағудан қашып жүргендерді ұстайтын үй салу мәселесі көтеріліп жүр.
Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің соңғы отырысында кеңес мүшелері алимент төлемейтіндерге арналған үй салу мәселесін көтерді. Ендігі жерде бұларға арнаулы түрме салынбаса да, Сейфуллин даңғылындағы, бұрын жабылып қалған тергеу барысындағы уақытша қамау изоляторында алимент төлемейтіндер 40 тәулік бойы қамақта болуы ғажап емес.
Сол сияқты қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов те халықаралық стандарттарға сай келетін қонақүйін салуды ұсынып отыр. Бірақ бұл жобаның құны 1,4 миллиард теңгені құрайды.
«Заң жүзінде алимент төлеуден мүлде басын ала қашқандарды 40 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру мәселесі қарастырылып отыр. Бір жыл бұрын прокуратураның ұсынысымен Сейфуллин даңғылында жабылып қалған тергеу изоляторын қаланың коммуналдық меншігіне алу мәселесі күн тәртібіне қойылды», дейді әкімнің орынбасары.
Өз кезегінде бұл мәселеде Қоғамдық кеңес Түрксіб ауданында бос тұрған кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын пайдалануды ұсынып отыр. Бұл ғимаратқа 10-15 адам сыяды. Бір кезде аталған орталық отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналып қайта жабдықталған-ды.
Жергілікті билік қазір алимент төлемейтіндерді тәубесіне түсіретін жерді табуға тырысып бағуда. Қазір Түрксіб ауданындағы жоғарыдағы ғимарат та қамақ орны ретінде қарастырылып жатыр. Оған дейін Сейфуллин даңғылындағы, республика меншігіндегі уақытша қамау изоляторы алимент төлемейтіндердің «түрмесіне» айналады.