Алғашқы кеңес беру тобы «Ақбұлақ» базарының аумағында қала тұрғындары мен келушілерді қабылдады. Акцияның мақсаты – Алматыға қосылған елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын «Шетсіз қала» концепциясы аясында орталықпен теңестіру мақсатында тұрғындармен өзара байланысты арттыру, тұрғындардың мемлекеттік және партиялық қызмет туралы ақпарат алуы мен құқықтық сауаттылығын арттыру.
Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Станислав Канкуровтың айтуы бойынша бұл акцияны өткізу барысында азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелер анықталып, әлеуметтік кикілжің тудыратын ошақтардың пайда болу себептерінің алдын алу қарастырылады. Акция кезінде мобильді топқа өтінішпен келген барлық азаматтарға құқықтық кеңестер беріледі және олардың көтерген мәселелері орталық немесе жергілікті мемлекеттік органдардың қарауына нақты шешім қабылдау үшін жолданады.
Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының ақпараты бойынша 2018 жылы әлеуметтік осал топқа енетін 95,8 мың адам мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде 22,6 мың жұмыссыз жан жұмыспен қамтылды. 6,7 мың адам өзге мамандыққа қайта оқыту курсынан өтті. Алғаш рет жұмыссыз жүрген 100 адамға өз кәсібін бастау үшін 240 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді. Қала әкімдігі мен мәслихатының қолдауымен аз қамтылған 26 мың азамат 1 млрд теңге әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алды.
Жастар жылы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен жұмыссыздарға 505 мың теңгеден 817 қайтарымсыз грант берілуде. Бүгінге дейін 47 жас маман 252 мың теңгеден грант алды. 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі 2000 грант бөлуге қосымша 1 млрд 10 млн теңге қаражат жұмсалды.
2019 жылдың соңына дейін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде 28 мың жұмыссызды белсенді шаралармен қамту жоспарланған. Жыл соңына дейін №4 арнайы Әлеуметтік қызмет көрсету орталығын, Тастақ-1 шағын ауданында, Бостандық және Наурызбай аудандарында Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылмақ. Сондай-ақ осы тоқсанда Алатау ауданында «Бақытты отбасы» орталығын ашу көзделіп отыр.
Акция барысында мемлекеттік, құқықтық органдардың жетекшілері азаматтардың әртүрлі сұрақтарына жауап қайтарып, құқықтық кеңестер берді.
Акция тұрақты жалғасатын болады.
АЛМАТЫ